Петропавлда сабақ үстінде 112 пультіне қоңырау шалып, бомба қойылғаны туралы хабарлаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Іс Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Петропавл мектептері бірінің 9-сынып оқушысы 2025 жылғы 20 қазанда таңертең алгебра сабағында әжесіне тиесілі ұялы телефоннан 112 пультіне қоңырау шалғаны белгілі болды. Ол ТЖД Жедел басқару орталығының кезекші операторына мектепке бомба қойылғанын және терроризм актісі дайындалып жатқанын хабарлаған.
"ТЖД кезекші операторы хабарламаға жедел әрекет етіп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментіне, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығына, ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметіне, полиция департаменті мен Петропавл полиция басқармасына хабар берді. Барлық қызмет нысанға жетіп, қоршауға алды, оқушыларды эвакуациялап, жарылғыш құрылғыны іздеу және залалсыздандыру шараларын жүргізді, алайда ештеңе табылмады", - деп хабарлады облыстық сот баспасөз қызметі.
Үкімде бұл әрекет салдарынан мемлекеттік мекемелердің қалыпты жұмысы бұзылып, көптеген қызметкер жарылғыш затты іздеуге тартылғаны, осылайша мемлекетке материалдық шығын келтірілгені көрсетілген.
Сот отырысы барысында сотталушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Жасөспірім бұл әрекетін сыныптастарымен бәстескенімен түсіндірмек болған. Алайда куәгерлердің ешқайсысы бұл ақпаратты растамады.
Кәмелетке толмаған балаға Қылмыстық кодекстің 273-бабы "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" бойынша айып тағылды.
Мемлекеттік айыптаушы Әсем Қазбекова соттан оқушыға бір жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
"Жазаның түрі мен мөлшерін анықтау кезінде сот айыпталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескерді: кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі, кәмелетке толмаған жасы, орташа ауырлықтағы қылмысты алғаш рет жасауы, іс бойынша ауырлататын мән-жайлардың болмауы, оның өмір сүру және тәрбиелену жағдайлары, психикалық даму деңгейі, тұлғалық ерекшеліктері, сондай-ақ оған жасы үлкендердің ықпалы", - деп түсіндірді сот.
9-сынып оқушысы кінәлі деп танылып, сот оған бір жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар ата-анасы зардап шеккен ұйымдарға материалдық шығынды (шамамен 30 мың теңге) өтеуге міндеттелді.
Сотталған жасөспірімге қатысты бір жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Жазаның орындалуын бақылау сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі бөліміне жүктелді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.