Соңғы күндері әлеуметтік желі қолданушылары қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның өлімі үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың қарындасы Аружан Бишімбаева арасындағы сот процесін қызу талқылап жатыр. Дауға Instagram-дағы өткір жазбалар мен "хайп" жасады деген айыптаулар себеп болған. Даудың қалай аяқталғанын Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
Толығырақ
Желі қолданушыларының бірі Threads платформасында соттың мән-жайын қысқаша баяндап берді, бұл жазба тез арада кеңінен тарап кетті. Пост жарты миллионға жуық қаралым жинады.

Пікірлер бөлімінде үлкен пікірталас басталды. Қолданушылар жанжалдың өзі және қаза тапқан әйелдің ағасына қатысты әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлер жазудың қаншалықты дұрыс әрі орынды екені туралы таласты.
Міне, кейбір пікірлер:
Скриншот: Treads әлеуметтік желісінен
Бірақ Бишімбаевтың қарындасы мен Айтбек Амангелді нақты не үшін соттасты? Процестің егжей-тегжейін сот кабинетінен таптық.
Сот талқылауының мәні неде?
Құжаттарда 2024 жылдың күзінде Аружан Бишімбаева Instagram сторисінде Айтбек Амангелдіге бағытталған бірқатар эмоцияға толы жазбалар жариялағаны айтылған. Онда ол Амангелдіні Салтанат Нүкенованың қазасы арқылы "хайп" жасап жүр деп айыптаған.
Іс материалдарына сәйкес, әйел Айтбек Амангелді өзіне назар аударту үшін ағасы Қуандық Бишімбаевтың есімін пайдаланды деп мәлімдеген.
"Кітап жазып тастапты-мыс. Одан да "её звали Салтанат" дегенді желеу етіп, оңай олжа табу үшін менің ағамды қалай айналсоқтап жүргендерің туралы ақтарылып жазсаңшы. Оның зардабы туралы тіпті ойланбадыңдар ғой", – деп жазған Аружан Бишімбаева іс материалдары бойынша.
Сонымен қатар, ол Амангелдіні "ешкім емес" деп атап, оны өздерінің отбасына қоқан-лоқы жасады деп айыптаған.
"Ол өз қарындасы туралы кітапты тегін таратады деп ойладыңыз ба? Ол тек сол арқылы ақша тауып отыр, жұрт жай ғана оқып, оған тағы бір рет аяушылық білдіруі үшін істеп жатыр дейсіз бе? Оған сіздердің қаржылай қолдаусыз аяушылықтарыңыздың көк тиынға да қажеті жоқ", – деп жазған Бишімбаева Амангелдіге қатысты.
Айтбек Амангелді соттан бұл мәлімдемелердің барлығын шындыққа жанаспайды және оның ар-намысына нұқсан келтіреді деп тануды сұрады. Ол Аружан Бишімбаеваны жауапқа тартып, айтқандарын теріске шығаруға міндеттеуді талап етті. Сонымен қатар, моральдық шығынды небәрі 100 теңгеге бағалады.
Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын Салтанаттың ағасы Бишімбаевтармен моральдық шығын үшін соттасқан болатын. Ол кезде ол экс-министрден 1,5 миллиард теңге өтемақы талап еткен. Алайда сот тек 10 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды.
Сараптама нені көрсетті?
Сотта бірнеше лингвистикалық сараптама ұсынылды және оларда әртүрлі тұжырымдар жасалған.
Талап қоюшы тараптың кейбір мамандары Аружан Бишімбаеваның жазбаларында Айтбек Амангелдінің атына жағымсыз және балағат сөздер бар екенін көрсетті. Олардың пікірінше, кейбір сөйлемдер нақты тұжырым ретінде айтылған және беделге нұқсан келтіретіндей қабылдануы мүмкін – мысалы, "пайда көріп отыр", "халықты алдап жүр" немесе алдын ала, үшінші тұлғалар арқылы қысым жасады деген айыптаулар.
Алайда жауапкер тарап ұсынған басқа сараптама өзгеше қорытындыға келген.
Онда мәлімдемелердің көпшілігі тексерілетін деректер емес, эмоция, бағалау сипатындағы пікірлер және жеке көзқарас екені айтылған. Сондықтан мұндай тұжырымдарды әрқашан жала немесе жалған ақпарат деп санауға болмайды.
"Жауапкер Аружан Бишімбаева мен оның өкілі Ерлан Ғазымжанов сот отырысында бұл мәліметтер жауапкердің субъективті пікірі екенін алға тартып, талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады", – делінген құжатта.
Сот шешімі
Нәтижесінде сот ішінара Айтбек Амангелдінің жағына шықты. Аружан Бишімбаеваның бірнеше мәлімдемесі шындыққа жанаспайтын және ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіреді деп танылды. Атап айтқанда, мынадай мәлімдемелер туралы сөз болып отыр:
- "оңай олжа табу үшін менің ағамды "её звали Салтанат" дегенді пайдаланып, айналсоқтап жүрсіңдер";
- "сенің сыбайластарың телеграмға қоңырау шалып, өміріне қауіп төндіретін қоқан-лоқымен ағамды қорғаудан бас тартуды талап етті";
- "екі жыл бойы бүкіл халықты алдап, жұрттың аяушылығы мен жанашырлығынан ақша тауып жүр".
Сот Аружан Бишімбаеваны бұл сөздерді өзінің Instagram парақшасындағы стористе теріске шығаруға міндеттеді. Одан Амангелдінің пайдасына моральдық шығын ретінде 100 теңге өндірілді.
Сондай-ақ, әйел сараптамалар, мемлекеттік баж және өкілдік қызметтер үшін бір миллион теңгеден аса сот шығындарын төлейтін болады. Сонымен қатар, қалған бөлігі - шамамен тағы он шақты мәлімдеме бойынша - сот Амангелдінің талап арызын қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кететін жайт, шешімге әлі апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге болады.
Салтанат Нүкенованың өлімі
2023 жылы 9 қарашаға қараған түні Салтанат BAU мейрамханасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соққыға жығуынан кейін көз жұмды. Ол соққыға жығылып, содан кейін бірнеше сағат бойы көмексіз қалдырған, салдарынан әйел қайтыс болды.
2024 жылғы 13 мамырда Астанада сот процесі аяқталды. Сот Қуандық Бишімбаевты жұбайын қинағаны және өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл Қазақстан тарихындағы ең резонанс тудырған процестердің бірі болды, оны бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам бақылап отырды. Әлеуметтік желілерде Салтанатты қолдау акциялары өтіп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері жаппай талқылана бастады. Құқық қорғау ұйымдары, заңгерлер мен белсенділер заңнамаға өзгерістер енгізуді талап ете бастады.
2024 жылдың басында билік реформалар бойынша жұмысқа кірісті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған бірқатар заңға қол қойды. Бұл бастамалар халық арасында бейресми түрде "Салтанат заңы" деп аталды.
2024 жылғы 16 маусымда әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша заң күшіне енді.