Бүгін 18 сағат 01 минутта сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталып, ол 23 шілде 00 сағат 00 минутқа дейін жалғасады. Осыған байланысты Бас прокуратура сайлау заңнамасы талаптарын еске салды, оны бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz қадағалау органы сайтына сілтеме жасап.
Заңға сәйкес, мемлекет азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір кандидатты, саяси партияны қолдап немесе оған қарсы кедергісіз үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді.
Үгіт БАҚ пен онлайн-платформалар арқылы, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын тарату жолымен жүзеге асырылады.
Телерадио хабарларын тарату субъектілері жаңалықтар мен талдау бағдарламаларда үгіт материалдарын таратуға құқылы емес.
"Осы талапты бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 50 АЕК - 2026 жылы 216 250 теңге)", – деп ескертті прокуратура.
Кандидат немесе олардың сенімді өкілі ретінде тіркелген журналистер, БАҚ редакцияларының лауазымды адамдары БАҚ арқылы сайлауды көрсетуге қатыса алмайды. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 122-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке әкеп соғады (айыппұл 20 АЕК – 2026 жылы 86 500 теңге).
БАҚ кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын, олардың сайлау алдындағы іс-шараларының мақсаттарын, міндеттері мен нәтижелерін, сондай-ақ олармен байланысты оқиғалар мен фактілерді бұрмаламай, объективті түрде жариялауға міндетті. Сонымен қатар, БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрнеу нұқсан келтіретіні анық үгіт материалдарын және өзге де ақпаратты жариялаудан тартынуға міндетті.
"Осы талаптар сақталмаған жағдайда, сондай-ақ көрсетілген адамдарға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау мақсатында теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруден бас тартқан жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 20-дан 50 АЕК-ке дейін), - деп хабарлады қадағалау органы.
Партиялық тізімдерді ұсынған кандидаттар мен саяси партияларға сайлау алдындағы үгiт жүргізу үшін БАҚ-қа тең қол жеткізу жағдайлары қамтамасыз етіледі.
БАҚ бір саяси партияның үгіт материалдарын шарттық негізде орналастыруына келісім беруі партиялық тізімдерді ұсынған басқа саяси партиялардың да үгіт материалдарын орналастыруына келісім берген болып есептеледі.
Егер БАҚ осы талапты бұзса, онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабының 4 және 6-бөліктері бойынша жауапкершілікке (20-дан 50 АЕК-ке дейін айыппұл) әкеп соғады.
Шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру жөніндегі қызметтерді көрсететін БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт басталғанға дейін кемінде 5 күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына орналастыру құны мен шарттары туралы мәліметтерді ұсынуы қажет. Үгіт материалдарын Орталық сайлау комиссиясы көрсетілген мәліметтерді жариялағаннан кейін ғана орналастыруға болады.
"Көрсетілген талаптарды сақтамаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 30-дан 50 АЕК-ке дейін – 2026 жылы 129 750-ден 216 250 теңгеге дейін) қарастырылған", - деп хабарлады Бас прокуратура.
Жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін шарт негізінде үй-жайлар береді. Олар бірыңғай және тең жағдайда ұсынылуы тиіс. Осы талаптарды бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 123-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 30 АЕК).
Үгіт материалдарына қатысты олардың құрамында осы материалдарды шығарған ұйым туралы (баспа материалдары бойынша – басылған орны мен таралымы туралы), тапсырыс берген адамдар және қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер болуы тиіс екенін ескеру қажет.
Қазақстан аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға, жасырын (анонимді) үгіт материалдарын таратуға, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға тыйым салынады.
Онлайн-платформаларға қатысты бұл талаптар онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт материалдарын шарттық негізде дайындаған жағдайда қолданылады.
Осы талаптарды бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 113-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 25 АЕК – 108 125 теңге).
Меншік иесінің немесе өзге де иеленушінің келісімімен ғимараттарда, құрылыстарда және өзге де объектілерде орналастырылған үгіт материалдарын қасақана жою немесе бүлдіру Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 114-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 15 АЕК – 64 875 теңге).
"Баяндалғанды ескере отырып, Бас прокуратура заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың барлығын сайлау алдындағы үгіт жүргізу кезеңінде сайлау туралы заңнаманы қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге тағы да шақырады", - делінген Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов қол қойған үндеуде.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарының сайлауына арналған күнтізбелік жоспарды бекіткен болатын. Комиссия сайлау науқаны қалай өтетінін, "тыныштық күні" қашан болатынын және дауыс беру уақытын айтып берді. Толығырақ сілтеме арқылы оқыңыз.
Тағы оқыңыз: Құрылтай сайлауы: Бас прокуратура қазақстандықтарға жауапкершілік туралы ескертті