Артық май, сәйкес келмейтін антифриз немесе форумдағы кеңестер электромобиль немесе гибридтің елеулі бұзылуына, тіпті мүлдем жарамсыз болып қалуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Автокөлік жүргізушілері гибридтер мен электркарларға техникалық қызмет көрсету кезінде қандай қателіктерді жиі жіберетінін Tengri Auto тілшісі электрмобильдерді жөндеу маманы Никита Батющенкомен анықтап көрді.
Трансмиссиялық сұйықтық
Ауыстыруды қажет ететін және ресурсы онша көп емес сұйықтықтың ең көп таралған түрі - электрмоторлар мен редукторлардағы трансмиссиялық сұйықтық.
Бензинді көліктерден гибридтерге немесе электрмобильдерге ауысқан адам көбіне техникалық қызмет көрсету регламенттерін шатастырып жатады. Бензинді машиналар мен электрмобильдердің регламенттері бір-бірінен қатты ерекшеленеді, өйткені оларда қолданылатын трансмиссиялық сұйықтықтар да әртүрлі.
Никита Батющенконың айтуынша, электрмобильдердің іштен жану қозғалтқышы бар (ІЖҚ) көліктерден басты айырмашылығы - трансмиссиялық сұйықтықтың жиірек ауыстырылуында.
"Мен электрмобильдердегі трансмиссиялық сұйықтықтар ІЖҚ көліктеріне қарағанда жиірек ауыстыруды талап етеді деген пікірге көбірек бейіммін", - дейді ол.
Егер гибрид автокөліктер туралы айтар болсақ, мотор майын ауыстыру регламенті бензинді көліктерден аса ерекшеленбейді. Жалғыз ерекшелігі - гибридтер үшін, әдетте, тұтқырлығы төмен майлар қолданылады. Бұл ретте өндірушінің ұсыныстарын қатаң сақтау қажет.
Ал электрмобильдердің трансмиссиясы анағұрлым мұқият қызмет көрсетуді талап етеді. Атап айтқанда, трансмиссиялық сұйықтықты уақтылы ауыстырып, өндірушінің рұқсаттарына сәйкес келетін құрамдарды қолдану керек. Электрмотор мен редуктордың ресурсы көбіне осыған байланысты болады.
Фото: depositphotos.com
Электрмобильдердегі трансмиссиялық сұйықтықты ауыстыру регламенті
Никита Батющенконың сөзінше, барлық гибрид пен электрмобильдерге ортақ бірыңғай трансмиссиялық сұйықтықты ауыстыру регламенті жоқ. Бұл маркалар мен модельдердің көптігіне және олардың құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты.
Сонымен қатар, ол гибрид пен электрмобиль иелеріне бірінші кезекте жүрілген жолға емес, диагностика нәтижелері мен өндірушінің ұсыныстарына назар аудару керек екенін баса айтады.
"Мен әр 10 мың шақырым сайын автокөлікке кешенді диагностика жасауды ұсынар едім. Гибридтер мен электрмобильдер үшін трансмиссиялық сұйықтықтың күйін бақылау өте маңызды, өйткені оны уақтылы ауыстыру редуктор мен электрмотордың жұмыс істеу мерзіміне тікелей әсер етеді", - деді сарапшы.
Көпшіліктің сөзі мен жасанды интеллект көлігіңізге зиян тигізуі мүмкін
Батющенконың айтуынша, гибрид және электрмобиль иелерінің ең көп таралған қателіктерінің бірі - өндіруші мен мамандардың ұсыныстарының орнына интернеттегі кеңестерге сену.
"Адамдар көбіне түрлі жасанды интеллект сервистерінің кеңестеріне немесе тиісті білімі мен мұндай көліктерді жөндеу тәжірибесі жоқ форум қатысушыларының пікірлеріне сүйенеді. Олар көлік сатып алып, өз бетінше қорытынды жасайды да, онымен өзгелермен бөлісе бастайды. Көбіне бұл кеңестер қате болып шығады, бірақ адамдар оны шындық ретінде қабылдайды", - деді сарапшы.
Ол осындай ұсыныстарға еріп, салдарынан күрделі мәселелерге тап болған көлік иелерінің сервис орталығына жиі келетінін атап өтті.
Батющенконың пікірінше, гибридтер мен электрмобильдерге қызмет көрсету кезінде, ең алдымен, өндіруші регламентін сақтап, осындай көліктермен жұмыс істеу тәжірибесі бар сервис орталықтарына жүгіну қажет. Бұл өте маңызды, себебі күштік қондырғылар, жоғары вольтты жүйелер мен бағдарламалық жасақтама арнайы жабдықтар мен біліктілікті талап етеді.
"Адам бізге келгенде, біз белгілі бір ұсыныстардың неге қате екенін іс жүзінде көрсете аламыз. Бірақ форумдарда немесе қоғамдастықтарда бәрімен таласып отыру мүмкін емес", - деп түсіндірді ол.
Сарапшы қызмет көрсету регламентін сақтамау қымбат компоненттердің мерзімінен бұрын істен шығуына әкеп соғуы мүмкін екенін қосып өтті.
Оның айтуынша, дәл осындай жағдайлар гибридтер мен электромбильдердің сенімсіздігі туралы жаңсақ пікірдің қалыптасуына себеп болып жатады, бірақ іс жүзінде мәселе көліктің құрылымында емес, көбінесе өндірушінің пайдалану және техникалық қызмет көрсету жөніндегі ұсыныстарын бұзуда болып табылады.
"Сонымен қатар, электрмобильдерде әдетте ІЖҚ көліктеріне қарағанда трансмиссиялық сұйықтық әлдеқайда аз талап етіледі. Мысалы, құрғақ картері бар кейбір электрмоторларда оның көлемі небәрі 900 миллилитр немесе 1,2 литр болады. Мәселен, BYD жеңіл көліктері мен Deepal S07 кроссоверінің артқы редукторында небәрі 900 миллилитрге жуық сұйықтық қолданылады", - деп түсіндірді маман.
Көпшілік электрмобильдерге қызмет көрсетуді ұзақ мерзімге есептелген, редукторына 75W90 трансмиссиялық майының шамамен 3,5 литрі құйылатын ірі жол талғамайтын көліктермен салыстырып жатады. Алайда, мұндай салыстыру орынсыз, өйткені бұл жерде сұйықтықтардың әртүрлі түрлері туралы сөз болып отыр.
"Электрмобильдерде, әдетте, DCTF типті арнайы трансмиссиялық сұйықтықтар қолданылады. Олардың тұтқырлығы төменірек, пайдалану сипаттамалары өзгеше және электрмоторлар мен редукторлар жұмысының ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленген. Бұдан бөлек, мұндай сұйықтықтар электр тогын өткізбеуі тиіс".
Сарапшының айтуынша, электрмобильдерге арналған заманауи трансмиссиялық сұйықтықтардың ресурсы іштен жану қозғалтқышы бар көліктерде қолданылатын дәстүрлі 75W90 майына қарағанда әдетте төмен болады.
Сондықтан оларды өндірушінің регламентіне қатаң сәйкестікте ауыстыру қажет. Бұл талаптарды ескермеу редуктордың жедел тозуына және басқа да қымбат тұратын ақауларға әкеп соғуы мүмкін.
Антифриз батареяны бүлдіруі мүмкін
Электрмобильдердегі салқындатқыш сұйықтықты ауыстыру регламенті жалпы алғанда іштен жану қозғалтқышы бар автокөліктерден ерекшеленбейді.
Дегенмен, кейбір модельдерде дәл осы салқындату жүйесі күрделі ақаулардың себебі болуы мүмкін.
Батющенконың сөзінше, мұндай жағдайлар кейбір модельдерде кездескен. Атап айтқанда, 2024 жылдан кейін шыққан рестайлингтен өткен Zeekr көліктерінде тарту батареяларының зақымдануы тіркелген, бұл алдын ала мәліметтер бойынша тым концентрацияланған антифризді қолданумен байланысты. Осындай мәселе Li Mega моделінде де туындап, соның салдарынан өндірушіге кері қайтару науқанын жариялауға тура келген.
"Біз жоғары вольтты жүйеден, электрмоторлардан және бүкіл салқындату жүйесінен антифризді толық ағызып, содан кейін қажетті рұқсаттарға сәйкес келетін көбірек сұйылтылған сұйықтық құямыз", - деді сарапшы.
Қалған жағдайларда электрмобильдердің антифризін ауыстыру регламенті іштен жану қозғалтқышы бар көліктермен бірдей болып қалады.
Негізгі айырмашылық сұйықтықтың өзінде: электрмобильдер үшін жоғары вольтты компоненттерге қауіпсіз, электр өткізгіштігі төмен арнайы антифриз қолданылады.
Фото: depositphotos.com
Техникалық қызмет көрсету туралы миф
Никита Батющенконың пікірінше, ең қажетсіз процедуралардың бірі - жаңа көлік иелеріне алғашқы мың шақырым жүргеннен кейін-ақ барлық сұйықтық пен сүзгілерді ауыстыруды ұсынатын "нөлдік ТҚК" (техникалық қызмет көрсету).
"Зауытта құйылатын барлық сұйықтық өндірушінің талаптарына сәйкес келеді. Біз жұмыс істейтін көліктерде сатып алғаннан кейін міндетті түрде ауыстыруды қажет ететін ешқандай арнайы "сынамалық" майлар жоқ", - деді сарапшы.
Ол жаңа көлік иелерін мұндай жұмыстарды жасаудан үнемі бас тартқызып келе жатқанын атап өтті.
"Кейбір иелері сервис орталығына бар болғаны 800–1000 шақырым жүрген соң келіп, қозғалтқыш майын, трансмиссиялық сұйықтықты және барлық сүзгілерді ауыстыруды сұрайды. Менің ойымша, бұл - артық шығын. Егер адам өз тыныштығы үшін жасағысы келсе - мархабат. Бірақ регламент пен техникалық қажеттілік тұрғысынан мұндай мұқтаждық жоқ", - деп түсіндірді Батющенко.
Сарапшының айтуынша, нөлдік ТҚК кезінде иелеріне кейде аспа элементтерін қосымша тексеру және қатайту ұсынылады. Алайда, сервис орталығының көпжылдық жұмыс тәжірибесінде мамандар жаңа көліктерге мұндай тексеруден кейін қандай да бір ақауларды жою шынымен қажет болған жағдайларға кезікпеген.
Жалпы алғанда, Батющенконың сөзінше, іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің, гибридтердің және электрмобильдердің аспа ресурсы арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Оның қызмет ету мерзіміне күштік қондырғының түріне қарағанда, жолдың сапасы, жүргізу стилі және пайдалану жағдайлары әлдеқайда қатты әсер етеді.
Сонымен қатар, Батющенко көлік иелерін интернет-қоғамдастықтардағы сатып алғаннан кейін бірден майды ауыстыру немесе үстеп құю қажеттігі туралы кең таралған кеңестерге сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, көлікке қызмет көрсету кезінде желідегі кеңестерге емес, өндірушінің регламентіне және білікті мамандардың ұсыныстарына сүйену керек.
"Көбі бензинмен жүретін көліктерді пайдалану тәжірибесін электрмобильдер мен гибридтерге көшіреді. Интернеттегі кеңестерге сүйеніп, "әрмен қарай керек болар" деп май құя бастайды. Нәтижесінде мөлшерден тыс құйса, бұл, керісінше, агрегаттарға зиян тигізуге қабілетті", - дейді ол.
Гибридтер мен электрмобильдерде сұйықтықтарды қаншалықты жиі ауыстыру қажет?
Батющенконың айтуынша, барлық гибрид пен электрмобильдер үшін техникалық сұйықтықтарды ауыстырудың әмбебап аралығы жоқ. Барлығы автокөліктің конструкциясына, редуктордың көлеміне және пайдалану жағдайларына байланысты.
Батющенко мысал ретінде Zeekr 001-дің алғашқы нұсқаларын келтірді. Оның айтуынша, қалалық режимде көлік уақытының басым бөлігінде артқы жетекпен жүреді. Бұл ретте артқы редукторда бар болғаны 1,2 литрге жуық Dexron VI стандартындағы трансмиссиялық сұйықтық болады, ал алдыңғы электр қозғалтқышы тек қажет болған жағдайда ғана іске қосылады.
Сұйықтық көлемінің аздығынан дәл осы артқы редукторға ең жоғары жүктеме түседі. Сондықтан сервистік орталық мамандары трансмиссиялық сұйықтықты әр 10–12 мың шақырым сайын ауыстыруды ұсынады.
"12 мың шақырымнан кейін біз іс жүзінде қап-қара майды төгеміз, ал бастапқыда ол ашық қызыл түсті болады. Бұл көліктер өте қуатты, олар жиі қарқынды режимде пайдаланылады, сондықтан редукторға түсетін жүктеме әлдеқайда жоғары", - деді сарапшы.
Оның айтуынша, Li Auto-да да жағдай осыған ұсқсас, мұнда негізгі жүктеме алдыңғы электр қозғалтқышына түседі. Басқа сұйықтық түрі қолданылғанына қарамастан, ауыстыру аралығы шамамен 12 мың шақырым болады.
Бұл ретте Zeekr-дің жаңартылған нұсқаларында редуктордағы май көлемі шамамен 2,5 литрге дейін ұлғайтылды. Соның арқасында сұйықтықтың ресурсы артып, оны әлдеқайда сирек - шамамен әр 25–30 мың шақырым сайын ауыстыруға болады.
Сарапшы техникалық қызмет көрсету регламенті әрқашан автомобильдің нақты моделіне байланысты екенін атап өтті.
"100 мың шақырымға дейін трансмиссиялық сұйықтықты екі немесе үш рет ауыстыру жеткілікті болатын көліктер бар. Ал агрегаттардың ресурсын сақтап қалу үшін дәл осындай қашықтықта он ретке дейін ауыстыруды қажет ететін модельдер де кездеседі", - деді Батющенко.
Ондай көліктердің қатарына ол трансмиссиялық сұйықтықтың аз көлемі пайдаланылатын Zeekr, Deepal S07-нің алғашқы буындарын және Volkswagen ID-нің кейбір модельдерін жатқызды. Сонымен қатар Volkswagen-де қасиеттерін ұзағырақ сақтайтын майдың басқа түрі қолданылады.
Сарапшы 100 мың шақырымға қарай трансмиссиялық сұйықтықтан бөлек, тежегіш және салқындатқыш сұйықтықтарды да ауыстыруды ұсынады.
Батющенконың айтуынша, қызмет көрсету аралықтарын нақты автомобильдің құрылымын, оны пайдалану жағдайларын және өндірушінің талаптарын ескере отырып таңдау қажет. Тек осындай тәсіл ғана негізгі тораптардың ресурсын сақтауға және қымбат жөндеуден аулақ болуға мүмкіндік береді.