Жақында ғана су толтырыла бастаған Сайран көлі қайта құрғатылып жатыр. Бұған су қоймасын толтыруға жауапты гидротехникалық қондырғылардың ақауы себеп болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сайран неге құрғатылып жатыр
Сайран көлін алдағы аптада толық сумен толтыру жоспарланған еді. Алайда Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы бұл жоспардың өзгергенін хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Төле би көшесінде Сайран су қоймасын толтыруға жауапты екі шандор орналасқан. Бұл – су ағынын реттейтін арнайы гидротехникалық қондырғы.
"Бұл гидротехникалық құрылыстар ақаулы күйде. Соның салдарынан су ағынын толық көлемде реттеу және су қоймасын дұрыс толтыру мүмкін болмай отыр", – деп хабарлады қала әкімдігі.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Экология және қоршаған орта басқармасына қарасты "Тау Су Қызмет" ЖШС шлюздерді уақытша ашық қалдыру туралы шешім қабылдаған. Бұл көлді құрғатып, мамандардың қондырғыларға еркін қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Сайрандағы жөндеу жұмыстары 1 маусымда басталып, 3 маусымға дейін аяқталады деп жоспарланған. Жұмыс біткен соң көлге қайта су толтырылады.
Сайранға неге шомылуға болмайды
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көлге шомылуға рұқсат беріле ме деген сұрақ тұрғындар арасында жиі айтылып жүр.
Tengrinews.kz редакциясы түсініктеме алу үшін Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгінді. Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамыр айында Әуезов және Алмалы аудандары бойынша Сайран суынан микробиологиялық, санитариялық-химиялық және паразитологиялық көрсеткіштерге сынама алынғанын хабарлады.
Алмалы ауданы бойынша алынған сынама нәтижесінде су ЛОТ индексі, яғни лактоза оң ішек таяқшалары және еріген оттегі деңгейі бойынша гигиеналық талаптарға сай келмейтіні анықталған. Әуезов ауданы бойынша 26 мамырда алынған сынамалар әлі зерттеліп жатыр.
2025 жылдың қарашасы / Фото: Болат Айтмолда
Санэпидемиологтардың айтуынша, былтырмен салыстырғанда жағдай айтарлықтай өзгермеген. Сайран суы әлі де санитариялық-химиялық нормативтерге сәйкес емес.
Ведомство мамандары биыл судың нақты ластану көздерін анықтамаған. Дегенмен негізгі себеп көлге құятын арналар арқылы келетін ластану болуы мүмкін екенін айтады. Сайранға Үлкен Алматы өзені құяды, ал өзенге жоғары жақтан түскен тұрмыстық қалдық, қоқыс, кәріз суы сияқты ластаушы заттар соңында көлге жиналуы ықтимал.
Зертханалық нәтижелер де осыны көрсетіп отыр: суда ішек таяқшасының табылуы нәжістік ластанудың белгісі саналады.
Мәселені шешу үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Үлкен Алматы өзенінің арнасы бойында қалдық төгетіндерді анықтау және оларды жауапқа тарту үшін бірлескен рейдтер ұйымдастыруды ұсынады.
Сайран көліндегі су сапасы мамырдан қыркүйекке дейін санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг аясында бақылауда болады. Зерттеу айына бір рет жүргізіледі.
Сайранда қандай жағдайда шомылуға болады
Қазір Сайран көлінде шомылуға ресми түрде тыйым салынған.
Мамандардың айтуынша, көлде шомылуға тек бірнеше шарт орындалғаннан кейін ғана рұқсат берілуі мүмкін. Ол үшін абаттандыру жұмыстары толық аяқталып, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынуы және судың гигиеналық талаптарға сай екені расталуы керек.
Жұмыс басталғанға дейінгі Сайран: фоторепортаж
Tengrinews.kz тілшісі аумақтағы жағдайды бағалау үшін 21 мамыр күні таңертең Сайранға барды.
Қазір жаңартылған су айдынының бүкіл периметрі бойынша «Шомылуға тыйым салынады» деген белгілер қойылған.
21 мамыр / Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Көлдің суға толып қалғанына және редакцияның жұмыс уақытында барғанына қарамастан, жағалаудағы екі құтқару бекеті де жабық болды. Жағалау аймағында кезекші құтқарушылар да, қайықтар да, құтқару кеудешелері де болған жоқ.
21 мамыр / Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
21 мамыр / Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Сонымен қатар құтқару модульдерінің кіреберіс тұсынан тілші бұрышта жиналып тұрған буйлер мен басқа да жабдықтарды көрді.
21 мамыр / Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Құтқарушылар қашан пайда болады
Бұған дейін жағалаудағы полиция және құтқару бекеттерінің жабық тұрғаны айтылған еді. Наурыз айында Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы полиция қызметкерлері сәуірде орналасатынын, ал құтқарушылар көл суға толғаннан кейін кезекшілікке шығатынын хабарлаған.
Алматы қалалық ТЖД Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында қазір құтқарушылар жағалауда күн сайын сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін кезекшілік етеді.
"1 маусымнан бастап құтқарушылар тәулік бойы кезекшілікке көшеді. 28 сәуірден бастап аумақта күн сайын полиция қызметкерлері мен Алматы құтқару қызметі мамандарының қатысуымен рейдтер жүргізіліп жатыр. Тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар мен брошюралар таратылуда", – деп хабарлады ведомство.
21 мамыр / Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Департаменттің ақпараты бойынша, құтқару қызметі мыналарға міндетті:
- жағалау аймағында кезекшілік ету;
- судағы қауіпсіздікті бақылау;
- өмірге қауіп төнген жағдайда адамдарды құтқару;
- алғашқы медициналық көмек көрсету;
- іздестіру-құтқару операцияларына қатысу;
- жазатайым оқиғаларға жедел әрекет ету.
Құтқару бекеттері мен медпункттерді жабдықтауға келсек, ТЖД заң бойынша бұл міндет қала әкімдігіне жүктелетінін еске салды.
Сайранда полиция қызметкерлері қашан пайда болады
Алматы қалалық полиция департаменті бізге мамыр айының соңындағы жағдай туралы ақпарат берді.
"Көл маңындағы модульдік бекеттерде полиция қызметкерлері жоқ, өйткені жөндеу жұмыстары мен нысанды Алматы әкімдігінің теңгеріміне өткізу процедурасы аяқталмаған. Солай болса да, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері жергілікті жерде жаяу патрульдеу арқылы қызмет атқарып жатыр", – деп хабарлады полициядан.
21 мамыр / Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Алматы ПД аумақта шет тілдерін меңгерген туристік полиция қызметкерлері де жұмылдырылуы мүмкін екенін хабарлады. Олардың жұмыс режимі келушілер саны мен жедел жағдайға байланысты болады, ал қажет болған жағдайда кезекшілік тәулік бойғы режимге ауыстырылуы мүмкін.
21 мамыр / Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Департамент модульдік құтқару бекеттерін қаржыландыру, орнату және жарақтандыруға қатысты мәселелерді шешу әкімдіктің құзыретінде екенін еске салды.
Сайранды абаттандыру төңірегіндегі дау
Сайран су қоймасын абаттандыру Алматыдағы ең көп талқыланған жобалардың бірі болды. Жұмысты "Павлодар өзен порты" АҚ 2025 жылғы мамырына қарай аяқтауға тиіс еді. Алайда нысан ресми түрде тек 2025 жылғы желтоқсанда пайдалануға қабылданды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Мердігер компания 23 миллион теңгеден астам айыппұл төледі
Кейін әкімдік мердігерді келісімшарттық міндеттемелерді уақытында әрі сапалы орындамағаны үшін сотқа бергені белгілі болды.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, сот шешімімен компаниядан жұмыстарды уақытында орындамағаны үшін 23 185 965 теңге көлемінде айыппұл және 699 511 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Бұған дейін жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінің тұрғындары Сайрандағы жағымсыз иіс пен судың лайлануына шағымданған еді. Осыдан кейін Алматы әкімдігі жағдайға түсініктеме берген болатын.