Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтің ісі бойынша сотталған Ернар Дәрібеков (Қарағандыдағы жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы) мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қарағанды облысының Абай аудандық сотына сілтеме жасап.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтің ісі бойынша сотталған Ернар Дәрібеков (Қарағандыдағы жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы) мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қарағанды облысының Абай аудандық сотына сілтеме жасап.
"Сотталушының өтініші қанағаттандырылсын. Қарағанды облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған аудандық соттың шығарған үкімімен сотталған Дәрібеков Ернар Маратұлы мерзімінен бұрын шартты түрде босатылсын. Екі жылға бас бостандығынан және мемлекеттік мекемелерде 5 жылға дейін қызмет ету құқығынан айырылсын", - делінген соттың қаулысында. Айта кетейік, Дәрібеков 5 шілдеде босатылды.
Соттың шешіміне сәйкес, Дәрібеков ғимараттарды абаттандыру жұмыстарына қатысып, өзін-өзі тәрбиелеу секцияларының құрамында болған. Сонымен қатар, мекеменің әкімшілігіне ішкі тәртіпті реттеуге көмектескен. Тәрбиелік қасиеттерді жетілдіру мақсатында түсіндіру жұмыстарын да жүргізген. Сондай-ақ, екі сыйлығы мен екі мадақтамасы бар.
Еске сала кетейік, Қазақстанның экс-премьер-министрі Серік Ахметовке жемқорлық мәндегі алты қылмыс бойынша ресми түрде айып тағылған болатын. Олардың қатарында аса ірі көлемде пара алды (тергеудің тұжырымынша, 2 миллион 400 мың доллар - Авт.), аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды, лауазымын асыра пайдаланды және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген айыптар бар. Ал осыған дейін Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 307-бабы бойынша айыпталған еді. Оған "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңды жеке мақсаты үшін бұза отырып, тендерлерде жекелеген фирмалардың мүддесін қорғады деген айып тағылды.
Сонымен қатар, соттың үкімі бойынша Серік Ахметов 10 жылға сотталған еді. Ол 2014 жылы үй қамауына алынған болатын. Сот отырысы 2015 жылдың тамызында басталып, төрт айға жалғасты. Қылмыстық іс 338 томға жетті, оның 9 томы айыптау актісі. Жалпы 82 сот отырысы өтті. Іс бойынша 260 куәгерден жауап алынды. Процесске 4 мемлекеттік айыптаушы және 42 адвокат пен қорғаушы қатысты. Қазіргі заңнамаға сәйкес, соттың әділ өтуі үшін отырыстың ашық саясатын ұстану бойынша сәйкес шаралар жүргізілген еді.