Шағымдар, айыппұл және уәде: Үлкен Алматы жағалауындағы жөндеу жұмыстары туралы не белгілі?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шағымдар, айыппұл және уәде: Үлкен Алматы жағалауындағы жөндеу жұмыстары туралы не белгілі? Фото © Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Қала тұрғындары мен қонақтары Үлкен Алматы өзені жағалауын жаңғырту мәселесін талқылап жүргеніне біраз болды. Қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы өзен арнасындағы жұмыстардың барысы туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Жоба қазір қай кезеңде және мердігер өз есебінен қандай жұмыстарды атқарып жатыр? – Tengrinews.kz материалынан оқыңыздар.


Қала тұрғындары мен қонақтары Үлкен Алматы өзені жағалауын жаңғырту мәселесін талқылап жүргеніне біраз болды. Қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы өзен арнасындағы жұмыстардың барысы туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Жоба қазір қай кезеңде және мердігер өз есебінен қандай жұмыстарды атқарып жатыр? – Tengrinews.kz материалынан оқыңыздар.

Мерзімі мен қазіргі дайындығы

Экология басқармасы жоба дайындығын 85 пайызға бағалап отыр. Келісімшарт талаптарына сәйкес, құрылысшылар барлық жұмысты 2026 жылдың 30 мамырына дейін аяқтауы тиіс. Ведомство қолайсыз ауа райы жұмыс қарқынына әсер еткенін мойындағанымен, кестеден ауытқу болмайтынына сендірді.

"Мерзімнің кешігу қаупі жоқ, барлық жұмыс бекітілген өндірістік кестеге сай жүргізіліп жатыр", – делінген басқарманың ресми жауабында.

Не істелді және тағы не істелуі керек?

Мәліметке сәйкес, құрылысшылар негізгі кезеңдерді – аумақты жоспарлау мен бекітпелерді монтаждауды аяқтаған. Қазіргі уақытта жұмысшылар электр желісін қосып, арна бойына жабын төсеп жатыр.

"Канал бойына қоршау орнату жұмыстары аяқталу сатысында. Орындықтар, қоқыс жәшіктері және абаттандыру элементтерін қоса алғанда, шағын архитектуралық формаларды монтаждау жүріп жатыр. Сондай-ақ автоматты суару жүйесін орнату және аумақты көгалдандыру жұмыстары атқарылып жатыр", – деп түсіндірді басқарма өкілдері.

Инфрақұрылым: жағалауда не болмайды?

Ауқымды реконструкцияға қарамастан, Үлкен Алматы өзенінің бұл учаскесінде әжетхана мен сауда нысандары болмайды.

Оның орнына балалар алаңқайлары, воркаут аймақтары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған демалыс орындары жабдықталады.

Тұрғындар шағымы мен мердігерден "бонустар"

Реконструкция барысында қала тұрғындары шаң-тозаң мен ескі граниттің алынып тасталуына қатысты жиі шағымданған. Әкімдік өкілдері ескертулердің бір бөлігі ескерілгенін айтады.

"Жобаны іске асыру барысында тұрғындардың өтініштері мен ескертулері ескерілді, соған байланысты жобаға жекелеген өзгерістер енгізілді", – деп хабарлады экология басқармасы.

Алайда жауапта қандай өзгерістер енгізілгені нақтыланбаған.

Сондай-ақ басқарма өкілдері "Павлодар өзен порты" АҚ өз есебінен қосымша жұмыстарды орындап жатқанын айтты, оның ішінде:

  • Әл-Фараби даңғылында көпір астындағы баспалдақтарды гранит плиталармен қаптау;
  • ағаштарға ландшафтық жарық орнату;
  • Абай даңғылынан төменгі бөліктегі бетон беткейлерді сырлау.

Әкімдік Үлкен Алматыдағы жұмыстарды қалай бағалайды?

Ведомство өкілдері ресми жауапта бас мердігер негізгі жұмыс көлемін "басқа қосалқы мердігерлерді тартпай", өз күшімен атқарып жатқанын атап өтті. Сапаны күн сайын "Самұрық Астана 2030" ЖШС техникалық қадағалау мамандары тексеріп отырады.

"Жалпы жұмыс сапасы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр, анықталған кемшіліктер жедел түрде жойылып жатыр", – деді әкімдік өкілдері.

Дегенмен жазалаусыз болмады. Мердігерге құрылыс қоқысын уақтылы тазаламағаны үшін айыппұл салынды.

Айта кетерлігі, қосалқы мердігерлер жоқ деген мәлімдемелерге қарамастан, 2026 жылғы наурызда жағалаудағы "шаңды тазалау" үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша бірден үш тұлға жауапқа тартылған:

  • "Павлодар өзен порты" АҚ-ның өзі,
  • Makona Group ЖШС компаниясы (қосалқы мердігер ретінде),
  • жоба жетекшісі.

"Мердігер барлық кемшілікті жоймайынша, нысанды қабылдамаймыз" – Алматы әкімі

12 сәуірде қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс барысын тексерді. Аралау қорытындысы бойынша мердігер барлық кемшілікті түзетпейінше, нысан қабылданбайтынын қадап айтты.

"Үлкен Алматы өзенінің бойын аралап шықтым. Қазір жұмыс қарқын алған, жоба мамыр айында аяқталмақ. Дегенмен, орындалу сапасына қатысты бірқатар ескерту бар. Қала құрылысын бақылау басқармасына жұмыстардың жобалық шешімдер мен құрылыс талаптарына сәйкестігін қатаң тексеруді тапсырдым. Мердігер барлық кемшілікті жоймайынша, нысан қабылданбайды", – деді әкім.

Бұған дейін алматылықтар Үлкен Алматы жағалауындағы қаптаманы сынға алып, учаскедегі бетонның гранит сияқты етіп боялып жатқанына назар аударған болатын. Қала тұрғындары қаптаманың төзімділігіне күмән келтіріп, алынған гранит плиталардың қайда кеткенін анықтауды талап етті.

Видеодан кадрлар

Әкімдік граниттің бетонға ауыстырылуын ескі плиталардың қатты деформациялануымен түсіндірді. Билік өкілдері жағалаудың біртұтас декоративті көрінісін сақтау мақсатында құйылған бетондар гранит плиталардың түсіне сай боялғанын айтты.

Гранит плиталар мен өзен арнасының жай-күйі / Фото: Алматы әкімдігі

Бұл ретте экология басқармасы бүтін плиталардың өзеннің басқа учаскелерінде қайта пайдаланылғанын, ал зақымдалған граниттің "құрылыс нысанына" жіберілгенін нақтылады.

Алайда редакцияның сөз болып отырған құрылыс нысаны туралы сауалына экология басқармасы жауап берген жоқ. Тек "материалдар нысан аясында қайта пайдаланылады немесе әкімдікке жауапты сақтауға беріледі" деп хабарлады.

Мердігер компания туралы не белгілі?

Үлкен Алматы өзенін реконструкциялаумен және қаладағы басқа да ірі жобалармен "Павлодар өзен порты" АҚ айналысады. Біздегі мәлімет бойынша, компания Алматыда 67 миллиард теңгеден аса сомаға ірі мемлекеттік келісімшарттар алған.

Бұл ретте кейбір жоба дау-дамай және сот процестеріне ұласқан, солардың ішіндегі елеулі бірнеше жағдайды еске түсірейік.

Үлкен Алматы: плиталарды ұрлаудан "қаламмен тексеруге" дейін

Үлкен Алматы арнасын реконструкциялауға тендер 2024 жылғы 16 қыркүйекте жарияланды. Келісімшарт сомасы 7,143 миллиард теңге болды.

Бұл нысандағы жұмыстар қала тұрғындарының есінде бірқатар келеңсіз оқиғамен қалды.

  • Плиталарды ұрлау: 2025 жылғы қыркүйекте блогер әрі белсенді Санжар Боқаев гранит плиталардың ұрланғанын анықтады. Белгісіз тұлғалар манипулятормен материалдарды құлпытас жасайтын цехқа тасыған. Сол кезде мердігер плиталар "таныс емес жігіттің өтініші бойынша" ұрланғанын айтып, полицияға арыз түсірген.
  • Бетон сапасы: кейінірек белсенді кәдімгі шарик қаламмен жаңа плиталар жабынын қырып тастаған видеосын жариялады. Мердігер өкілдері мұны гидрооқшаулағыштың "өткір заттармен келтірілген механикалық зақымға төтеп бере алмайтындығымен" түсіндірді.
Фото: видеодан кадр
Анықтама: 2026 жылғы 18 наурызда Алматыда Санжар Боқаевтың ұсталғаны белгілі болды. Бас прокуратура мәліметінше, ол жалған ақпарат таратты және ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

Сайранды абаттандыру төңірегіндегі дау

Сайран су қоймасын абаттандыру да ең көп талқыланған және ең қымбат жобалардың біріне айналды – сомасы 12 миллиард теңге болатын келісімшарт 2023 жылғы желтоқсанда жасалған. Бастапқыда жұмыстар 2024 жылы аяқталуы тиіс еді, бірақ мерзім бірнеше рет кейінге шегерілді.

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

2025 жылғы тамызда әкімдік "Павлодар өзен порты" компаниясының үстінен міндеттемелерді уақтылы әрі сапасыз орындағаны үшін талап арыз берді. 2025 жылғы қыркүйекте бірінші сатыдағы сот компанияны сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танып, 23,1 миллион теңге көлемінде тұрақсыздық айыбын өндірді.

Алайда кейін апелляция компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы шешімнің күшін жойды.

Нысан ресми түрде тек 2025 жылғы желтоқсанда пайдалануға берілді, қазір оған "Жасыл Алматы" КММ жауапты.

    Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
    Tengrinews
    Читайте также

    Валюта бағамы

     471.2   555.05   6.18 

     

    Ауа райы

    Алматы

     

    Редакция Жарнама
    Әлеуметтік желілер