Шерзат Полат ісі бойынша тағы бір куә сотта жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Сол қайғылы түннің мән-жайын Абзал Шынасыловты "Қамажай" дүкеніне жеткізіп салған Талғат Ашырбаев айтып берді.
Куәгердің айтуынша, ол айыпталушылардың кейбірімен таныс болған.
"Эйфория" мейрамханасына сөйлесу туралы барғанбыз. Жақында той береміз. Сол жерде балалар болды. Бәрі Мерске отырды, Абзал сыймай қалғандықтан Жастар стадионына түсіп қаламын деп маған өтініш білдірді. "Жастарға" жақындағанда: "Алдыңнан қара Мерс шығады соның артынан ер деді", – деді Ашырбаев.
Оның айтуынша, ол көлікті дүкеннің жанында тоқтатып, Абзал көліктен түскен. Сол сәтте төбелес болып жатқанын көріп, оқиға орнынан кетіп қалған.
"Айғайласып жатты. Мен жолды кесіп өтіп жатқанда, дүкенге сұр түсті Ravon немесе Nexia көлігі келді. Сол көліктен қару алып түскенін көрдім. Қаңғыған оқ тиеді ғой. Жақында тойым, оққа ұрынғым келмеді", – деп түсіндірді ол.
Ravon көлігінің иесі – Нұрқатан Гаипбаев. Бұған дейінгі хаттамаға сәйкес, куәгер сол қарудан дәл осы Нұрқанаттың оқ атқанын көрсеткен. Сотта ол Нұрқанаттың бір рет ауаға оқ атқанын көргенін растады.
Ашырбаевтың айтуынша, он минуттан кейін ол қайта оралып, жағдайдың басылған-басылмағанын білмек болған.
"Екі жігіт жерде жатқан. Бірі бұрышта, екіншісі одан 3–4 қадам жерде. Бір ананың жылап жатқанын естідім. Қан көрмедім, өйткені көше қараңғы болатын", – деп қосты ол.
Ол жедел жәрдем мен полиция шақырудан қорқып, оқиға орнындағы адамдар өздері көмектеседі деп ойлағанын айтты.
Оқиға қалай өрбігенін, қару қайдан шыққанын және кім атқанын анықтау үшін сот залында Нұрқанат Гаипбаевтың тергеушілердің сұрақтарына жауап беріп жатқан видеосы көрсетілді.
Бейнежазбада ер адам төсекте жатқан. Бұл трагедия жақында болғанын аңғартады.
"Мылтық па? Білмеймін, Шерзат алып келді. Қайдан алып келгенін білмеймін", – дейді видеода Нұрқанат Гаипбаев.
Процесс Жетісу облысы Талдықорғандағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Айыпталушылар орнында тоғыз адам отыр.
Бұған дейін Алматы облысы Полиция департаменті Шерзат Болат ісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған еді. Тергеу аясында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктімен оқиға болған жерде жауап алу, іске қатысушылар арасында беттестіру және қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері жүргізілген.
Сегіз бейнематериал зерттеліп, қылмысқа қатысы бар барлық адамға құқықтық баға берілді. Қылмыстық істің көлемі 62 томнан тұрады.
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!