Шерзат Болат ісі бойынша тоғыз айыпталушының төртеуі бұрын сотталған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Талдықорғанда өтіп жатқан басты сот талқылауы барысында белгілі болды.
Процестің басында судья айыпталушылардан өздері туралы айтуды сұрады. Олар былай жауап берді:
- Абзал Шынасыл, 2000 жылы туған, қазақ. Білімі орта. Уақытша жұмыссыз, үйленбеген. Бұрын сотталмаған.
- Равиль Сакиев, 1998 жылы туған, қазақ. Білімі орта. Мейрамханада әкімші болып жұмыс істеген. Үйленбеген. Бұған дейін Қылмыстық кодекстің 381-бабы бойынша сотталған ("Прокурордың қызметіне кедергі жасау және оның заңды талаптарын орындамау"). 2,6 жылға бас бостандығы шектелген. Соттылығы өтелген.
- Шыңғыс Белғожаев - білімі жоғары, спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істеген. 2015 жылы Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша сотталған ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру"). Үйленбеген.
- Дархан Әскентай – 1993 жылы туған. Қазақ. Білімі орта. Уақытша жұмыссыз. Бұрын тергеу назарына іліккен.
- Нұрқияс Ілиясов - 1998 жылы туған, қазақ. Білімі орта. Жұмыссыз. Үйленбеген. Бұрын Қылмыстық кодекстің 107-бабы ("Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру") бойынша сотталған. Мерзім әлі өтелген жоқ.
- Азамат Тоқтаубаев - 2000 жылы туған. Қазақ. Білімі орта. Жеке кәсіпкер. Үйленген. 2024 жылғы қазанда қауіпсіздігі орташа колонияда 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
- Нұрбол Тоқтаубаев - 1996 жылы туған, қазақ. Білімі орта. Тау шаңғысы курортында арнайы техника операторы болып жұмыс істеген. Үйленген. Бұрын сотталмаған.
- Дидар Қалиахмет - 1998 жылы туған, қазақ. Талғардың тумасы. Білімі орта. Жүргізуші болып жұмыс істеген, үйленген, екі баласы бар. Бұрын сотталмаған.
- Кәмелетке толмаған Ы.Д. - Талғардың тумасы, қазақ. Білімі орта. Қылмыс кезінде мектептің 11-сыныбында оқып жатқан.
Процесс Жетісу облысы Талдықорғандағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Айыпталушылар орнында тоғыз адам отыр.
Бұған дейін Алматы облысы Полиция департаменті Шерзат Болат ісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған еді. Тергеу аясында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Барлық күдіктімен оқиға болған жерде жауап алу, іске қатысушылар арасында беттестіру және қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері жүргізілген.
Сегіз бейнематериал зерттеліп, қылмысқа қатысы бар барлық адамға құқықтық баға берілді. Қылмыстық істің көлемі 62 томнан тұрады.
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!