ШҚО-да кәсіпкер көпбалалы отбасыға баспана сыйлады

20 Сәуір, 10:32
0
ШҚО-да кәсіпкер көпбалалы отбасыға баспана сыйлады - © "Хабар 24"
© "Хабар 24"

Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында жергілікті кәсіпкер өз қаржысына көпбалалы отбасына баспана сатып әперді, - деп хабарлайды "Хабар 24" тілшісі. 

Елбасының пәрменімен жүзеге асып жатқан «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы арқылы да кешенді қолдау шаралары қолға алынған. Бұрын атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 400-ге жуық болса, енді олардың саны екі есеге артып отыр.

Көкпектілік Боранбаевтар отбасында 6 бала өсіп келеді. Зухраның айы-күні таяп отыр. Егіз сәбиді дүниеге әкелмекші. 10 жылдан бері шиеттей бала-шағамен баспана тауқыметін тартып келген оларға жергілікті кәсіпкерлердің бірі тұрмысқа жайлы 4 бөлмелі үй алып берді.

"Балалардың қуанышында шек жоқ. Бөлек бөлмелері бар. Алғысым шексіз", - дейді "күміс алқа" иегері Зухра Боранбаева.

Зухра әр балаға берілетін әлеуметтік жәрдемақының өскеніне де қуанып отыр. Құжаттарын өткізіп қойыпты. Енді отағасы екеуі қаражаттарын жинақтап, қосымша шаруашылықпен айналысуды да көздеп отыр.

Аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде абыр-сабыр әлі басылмаған. Көп балалы отбасылар әлі де құжат өткізіп жатыр.

"Былтыр 393 отбасы әлеуметтік көмек алған. Қазір екі есеге артты. Жұмыс тоқтаған жоқ, жалғасып жатыр. Қосымша әлеуметтік төлемдер көтерілгенге байланысты 176 миллион теңге қосымша сұрап отырмыз. Ол республикалық бюджеттен болады", - деді Көкпекті аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қанат Мұқышев.

Жыл басынан бері бірнеше рет қайырымдылық акциялары өткізіліп, 130-дан астам аз қамтылған және көп балалы отбасына әр түрлі көмек көрсетіліпті. Мұндай игі шаралардан қатардағы тұрғындардан бастап, шаруа қожалықтары мен кәсіпорындар да шет қалмапты.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай