Шоколад, киім және кәдесыйлар: Мәдениет министрлігі ту туралы басты сұрақтарға жауап берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шоколад, киім және кәдесыйлар: Мәдениет министрлігі ту туралы басты сұрақтарға жауап берді Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың жаңа ережелері күшіне енгеннен кейін әлеуметтік желілерде қызу пікірталас басталды. Қазақстандықтар "Қазақстан" шоколадының, мемлекеттік ту бейнеленген киімдердің, бас киімдер мен кәдесыйлардға не болатынына алаңдаушылық білдірді. Мәдениет және ақпарат министрлігі осы мәселеге қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.


Шоколад пен кәдесыйларды сатылымнан алып тастау керек пе?

Ведомствоның мәліметінше, жаңа ережелер бұрын дайындалған өнімдерді тәркілеуді немесе жоюды қарастырмайды.

"Өзгерістер мемлекеттік рәміздерді алдағы уақытта пайдалануды реттейді және бұрын дайындалған өнімдерді алып қою немесе жою бойынша міндеттемелер жүктемейді", - делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің түсініктемесінде.

Қазақстан туы бейнеленген киім киюге бола ма?

Министрліктегілер тыйымның кез келген ту бейнесіне емес, мемлекеттік туды киім ретінде пайдалануға қатысты екенін түсіндірді.

"Ережелер Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын дәл киім ретінде, сондай-ақ төсек-орын, перде, дастарқан, кілемше және өзге де жабындар ретінде пайдалануға тыйым салады", - деп атап өтті ведомство.

Бұл ретте киімде мемлекеттік тудың бейнесін қолдануға толықтай тыйым салынбаған.

"Атап айтқанда, қаулыда мемлекеттік ту бейнесін спорттық формалар мен спортшылардың жабдықтарында пайдалану тікелей қарастырылған. Басқа жағдайларда, егер ол мемлекеттік рәмізді бұрмаламаса, коммерциялық мақсатта пайдаланылмаса және оның беделіне нұқсан келтірмесе, заңнама талаптарын сақтай отырып бейнелеуге рұқсат етіледі", - деп хабарлады министрлік.

Іс-шараларда мемлекеттік туды пайдалануға бола ма?

Сонымен қатар министрлік азаматтардың мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шаралар кезінде мемлекеттік туды бұрынғыша пайдалана алатынын айтты.

"Бұл ретте ту таза, бүтін болуы, жерге, еденге немесе суға тимеуі және құрметпен пайдаланылуы тиіс", - делінген хабарламада.

Не нәрсеге тыйым салынған күйінде қалады?

Министрлік мына әрекеттерге бұрынғысынша тыйым салынатынын еске салды:

  • мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта пайдалану;
  • оны киім, төсек-орын, перде, дастарқан, кілемше және өзге де жабындар ретінде пайдалану;
  • мемлекеттік туды қасақана бүлдіру, жою, өртеу, жырту немесе қоқысқа тастау;
  • оны мемлекеттік рәміздің беделін түсіретіндей түрде пайдалану.

Сондай-ақ өзгерістермен мемлекеттік туды ғимараттар мен балкондарға орналастыру тәртібі, оны тігінен орналастыруға, жеке үй иеліктері мен ту тұғырларында пайдалануға қойылатын талаптар нақтыланды, сондай-ақ заңнама талаптары сақталған жағдайда мемлекеттік туды көлік құралдарының салондарына орналастыруға рұқсат берілді.

Министрлік бұл өзгерістер отансүйгіштік сезімді шектеуге емес, мемлекеттік рәміздерді пайдалануда бірыңғай және құрметті көзқарас қалыптастыруға бағытталғанын баса айтты.

Еске салсақ, мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың жаңа ережелері жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілердегі қызу пікірталас түсініктеме беруге себеп болды. Қазақстандықтар "Қазақстан" шоколады, кәдесый өнімдері, мемлекеттік ту бейнеленген футболкалар, кепкалар мен сөмкелердің тағдыры не болады деп сұрақ қоя бастаған еді.

Көбісі мұндай өнімдерді сатылымнан алып тастауға немесе оларды пайдаланудан бас тартуға тура келеді деп қауіптенді. Осы сұрақтар қойылған суреттер әлеуметтік желілерде белсенді түрде тарады.

Жаңа ережелер үкімет қаулысымен бекітілді. Олар, атап айтқанда, мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім, төсек-орын, перде, дастарқан, кілемше және өзге де жабындар ретінде пайдалануға тыйым салады.

Сонымен қатар құжат белгіленген талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік ту бейнесін спорттық киімдер мен спортшылардың жарақтарында пайдалануға, сондай-ақ туды автокөлік салондары мен жеке тұрғын үйлерде орналастыруға рұқсат беріледі. Қаулы 13 шілдеде күшіне енеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережелерін жаңарту қажеттігі туралы бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Ол мемлекеттік рәміздер азаматтарды біріктіруі және құрметпен пайдаланылуы тиіс екенін, ал жаңа нормалар оларға ұқыпты қарау мәдениетін нығайтуға ықпал етуі керектігін атап өткен еді.

Читайте также

Валюта бағамы

 468.27   534.16   6.13 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +29
Астана +30
Ақтау +29
Ақтөбе +32
Атырау +24
Б
Балқаш +36
Ж
Жезқазған +29
Қ
Қарағанды +31
К
Көкшетау +35
Қ
Қостанай +38
Қызылорда +30
П
Павлодар +32
Петропавл +29
С
Семей +31
Т
Талдықорған +34
Тараз +39
Түркістан +30
О
Орал +29
Ө
Өскемен +37
Ш
Шымкент +30

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер