ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов 2014 жылғы 23 қыркүйекте Алматы облысы Жаңалық ауылының маңында апатқа ұшыраған Су-27 ұшақ экипажы жесірлеріне Астанадан пәтер кілттерін табыс етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов 2014 жылғы 23 қыркүйекте Алматы облысы Жаңалық ауылының маңында апатқа ұшыраған Су-27 ұшақ экипажы жесірлеріне Астанадан пәтер кілттерін табыс етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, әуе апатында қаза болған Ерлан Науанов пен Денис Горбуновтің әйелдері Мағрипа Сарқынова мен Любовь Горбуноваға Ақмола өңірлік гарнизоны тұрғын үй комиссиясының шешімімен екі және үш бөлмелі пәтер берілді.
"Біз бейбіт тұрғындарды аман сақтап қалу үшін өз өмірлерін қиып, нағыз ерлік жасаған офицерлерді құрметпен еске аламыз. Олардың есімдері осы ерліктеріне риза болған миллиондаған қазақстандықтың жүрегінде мәңгіге сақталып қалатын болады", - деді ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
Денис Горбуновтың артында қалған жұбайы Любовь Алексеевна өздеріне көңіл бөліп, пәтер беріп отырған Қорғаныс министрлігіне риза екенін айтты.
Еске сала кетейік, 2014 жылғы қыркүйекте Алматы облысында оқу-жаттығу ұшулары кезінде Су-27 әскери ұшағы құлаған болатын. Құрамында Ерлан Науанов пен Денис Горбунов бар ұшақ экипажы ұшақты елді мекеннен аулаққа алып кету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған еді.
Осыған орай, 2014 жылғы желтоқсан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен жауынгерлік және қызметтік борыштарын орындау кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін подполковник Ерлан Науанов пен подполковник Денис Горбунов қаза тапқаннан кейін ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталған болатын. Наградаларды ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің қолынан офицерлердің аналары - Риза Бекенқызы мен Татьяна Александровна алды.
Айта кетейік, бұған дейін Су-27 ұшағының қайтыс болған пилоттарының отбасына Алматы облысының әкімдігі пәтер мен екі миллион теңге берген еді.