Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтың адвокаты судья Айжан Кулбаеваны экс-министрдің ісін қарауға қатысудан шеттетуге ниетті екенін мәлімдеді. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстанда судьяға қарсылық білдіру тәртібі туралы не белгілі екенін анықтады.
Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтың адвокаты судья Айжан Кулбаеваны экс-министрдің ісін қарауға қатысудан шеттетуге ниетті екенін мәлімдеді. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстанда судьяға қарсылық білдіру тәртібі туралы не белгілі екенін анықтады.
Қарсылық білдіру – істің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса не, егер оның бейтараптығына негізді күмән тудыратын өзге де мән-жайлар болса, судьяны шеттетуді талап ететін шара.
Қазақстандық заңнамада судьяға қарсылық білдіру негіздері Қылмыстық-процестік кодексiнің 87-бабымен реттеледі.
"Тараптар қарсылық білдіру үшін көбінесе баптың соңғы тармағына жүгінеді. Бапта былай делінген: "Егер судья осы iске жеке, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп санауға негiз болатын өзге де мән-жайлар болса". Осы негізге тараптар көбінесе соттың өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуын, соттың мәселені маңызды емес немесе бағыттау деп қараудан бас тартуын және т.б. жатқызады.
Тараптар судьяның бұл әрекетін оларға теріс қарау ретінде немесе іс бойынша олардың пайдасына түпкілікті шешім шығармау ретінде қате түсінуі мүмкін. Ал сот әрқашан тараптармен барлық мәселеде келісе бермей, мәселеге өзіндік, объектив (екі тараптың құқықтарын қамтамасыз ету тұрғысынан) көзқарасы болуы керек", - деп келтіреді Жоғарғы Сот судьясы Назгүл Рахметуллинаның сөзін ProSud.kz.
Бұл ретте астаналық адвокат Данияр Байғабатовтың айтуынша, ҚПК-ның 87-бабына сәйкес судьяға қарсылық білдіру өтінішін кеңесу бөлмесінде бірден бірнеше судья қарайды.
"Судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi қалған судьялар қарсылық бiлдiрiлген судьяның қатысуынсыз шешедi, ол судьялар кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн өзіне мәлiмделген қарсылық бiлдiру жөнiнде өзiнiң түсiнiктемесiн көпшiлiк алдында айтуға құқылы. Бiрнеше судьяға немесе соттың бүкiл құрамына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi сот толық құрамда көпшiлiк дауыспен шешедi. Дауыстар тең болған кезде судьяға қарсылық бiлдiрiлген болып саналады".
"Судьяға қарсылық білдірген кезде, судья сот отырысын тоқтауы керек және бұл өтінішті басқа судьялар қарайтын болады. Яғни, біріншіден, өтініш дәлелді және негізді болуы керек. Судьяға жайдан-жай қарсылық білдіру мүмкін емес.
Екіншіден, өтініш жазбаша түрде болуы керек, содан кейін бірнеше судья бұл өтінішті қарайды - олар өтініштің негізді немесе негізсіз екенін қарайды. Негіз болмаса, судьяға қарсылық білдіруден бас тартылады. Егер ол дәлелді болса және судьялар негізді дәлелдемелерді көрсе, онда судья ауыстырылады. Процедура осындай", - деп түсіндірді Байғабатов.
Еске салайық, бұған дейін Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Кулбаеваға қарсылық білдіру туралы айтты.
"Құрметті сот, мұндай жағдайда сіздің тарапыңызға қарсылық білдіруге...", - деп Ғазымжанов мәлімдей бастады, алайда судья Кулбаева Бишімбаевтың қорғаушысының сөзін бөлді.
"Сот сізге ескерту жасайды, қорғаушы. Соттың бірнеше рет ескертуіне қарамастан қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормасын бұзғаныңыз үшін. Сот отырысына қатысушылардан орнынан тұруды сұраймын. Алқабилердің шығуын сұраймын", - деді судья.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!