Конституциялық сот азаматтың өтініші бойынша Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағы 2) тармақшасының Конституцияның 24-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексерді. Нормаға сәйкес квазимемлекеттік сектор жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуға тиіс, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Конституциялық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өтініштің мән-жайы
Азамат сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін (пара беруде) кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалуына байланысты оны жұмыс беруші жұмыстан шығарған. Өтініш субъектісі электровоз машинисі болып жұмыс істеп, қазіргі уақытта мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастыру мүмкіндігінен айырылып отырғандықтан, дау айтылып отырған норма өзінің еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын бұзады деп ойлайды.
Конституциялық Соттың ұстанымы
Конституциялық Сот бұл норманы қолданыстағы басқа да заң нормаларымен өзара байланыста қолдану қажет деп көрсетті. Мәселен, Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу белгіленген.
Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық қылмыс субъектілеріне: (1) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар; (2) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар жатқызылған.
Осы адамдардың құқықтарын шектеудің айқындаушы өлшемшарты – олардың қызметінің функционалдық сипаты.
"Демек, дау айтылып отырған норманы квазимемлекеттік сектор жұмыскерлерінің функционалдық мәртебесін ескермей, олардың барлығына қолдану еңбек ету құқығын шектеу аясын шамадан тыс кеңейтуге алып келеді", - делінген хабарламада.
Конституциялық сот қорытындылары
Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық сот Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасын Қылмыстық кодекстің және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңның нормаларымен өзара байланыста мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды:
Үкіметке Конституциялық Соттың қабылданған қорытынды шешімін ескере отырып, заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылды.