Талдықорғанда із-түзсіз жоғалған баланы іздеу жұмыстары аяқталды. Сейсенбі күні таңертең 7 жасар баланың денесі Қаратал өзенінен табылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жетісу облыстық полиция департаменті баланың денесінен зорлық-зомбылықпен өлімнің анық белгілері табылмағанын хабарлады. Оның жоғалу және қаза болу себебін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр
Ведомство қаза тапқан баланың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, ересектерді балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырды.
"Оларды қараусыз қалдырмаңыздар. Ересектердің қырағылығы мен қамқорлығы қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі", - делінген полиция үндеуінде.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Еске сала кетейік, кеше қалада баланы іздеу жұмыстары ұйымдастырылған болатын. Баланың даму ерекшеліктері бар екені атап өтілді. Оның жоғалғаны туралы хабарлама полицияға сағат 19:50-де түскен. Ол кешке үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.
Тұрғылықты жері - "Шығыс" шағын ауданының маңында ауқымды іздестіру шаралары жүргізілді. Іздеуге полиция қызметкерлері, кинология қызметі, ТЖД бөлімшелері мен еріктілер жұмылдырылған.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Олар аулаларды аралап, маңайдағы жерлерді, Қаратал өзенінің бойын және бос жатқан алқаптарды тексерген. Іздеу аймағын кеңейту үшін полицейлер жылувизоры бар дронды пайдаланған.