Талдықорғанда "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік конкурс-көрмесінің жеңімпаздары анықталды

01 Шілде 2017, 09:46
0
Талдықорғанда "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік конкурс-көрмесінің жеңімпаздары анықталды -

Талдықорғанда "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік конкурс-көрмесінің жеңімпаздары анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Жаркенткрахмал-сірне зауыты" ЖШС, "Лепсі өнімдері" ЖШС және "Абди Ибрахим Глобал Фарм" ЖШС "Қазақстанның үздік тауары" республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жүлдегерлері атанып, 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда өткен Алматы облысы тауар өндірушілерінің форумында белгілі болды. Форумға қатысушыларды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

Форум барысында Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы фойесінде облыстың әр қиырында өндірілген түрлі өнеркәсіп тауарларынан көрме ұйымдастырылды.

Көрмені аралаған облыс әкімі Амандық Баталов форумның ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі өндіріс саласының, бизнестің дамуы жайлы баяндады. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына да тоқталып өтті.

"Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілердің алдына өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай шығару туралы зор міндеттер қойды. Басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамыту туралы талап қойылуда. Сонымен қатар 2050 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін екі есеге арттыру жүктеліп отыр. Облысымыздағы кәсіпорындардың әлеуеті зор. Ең бастысы, мақсатты жұмыс істеуіміз қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалған. "Қазақстанның үздік тауары" аймақтық көрме-конкурсының барлық қатысушыларын құттықтап, республикалық байқауда жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге тілектеспін", - деген Амандық Баталов бұдан кейін жеңімпаздарды марапаттау рәсімін атқарды.

Жалпы жүлдегерлер 4 аталым бойынша марапатталды, олардың әрқайсысында 3 жүлделі орын белгіленген. Мәселен, "Өндірістік бағыттағы үздік тауар" номинациясында I орынды "Жаркент крахмал-сірне зауыты" ЖШС, "Үздік азық-түлік тауары" номинациясында "Лепсі өнімдері" ЖШС, "Халыққа арналған үздік тауар" аталымында "Абди Ибрахим Глобал Фарм" ЖШС үздік деп танылса, қызмет көрсетуші үздік мекеме ретінде "Жетісу жауһарлары" ЖШС аталды.

2-ші және 3-орындарға ие болған кәсіпорындар ішінде азық-түлік, құрылыс материалдарын шығаратын, киім тігетін және басқа да өнімдер өндіретін нысандар бар. Жеңімпаздарға 100 және 150 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Бірқатар кәсіпкерлер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Конкурсқа қатысушылар мен жеңімпаздарды Кәсіпкерлер палатасы Алматы облыстық филиалының директоры Ләззат Чинкисбаева құттықтап, облыс кәсіпорындарының республикалық байқауда лайықты деңгейден көрінетіндеріне сенім білдірді.

Конкурсқа қатысушылар атынан жеміс шырындарын шығаратын "Apple World" ЖШС директоры, "Үздік азық-түлік тауары" номинациясының 3-орын жеңімпазы Дәурен Әлибаев сөз сөйлеп, мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесін көріп отырғандарын тілге тиек ете келе, әріптестеріне республикалық конкурста сәттілік тіледі.

Жалпы, биылғы жылы конкурстың аймақтық кезеңіне Алматы облысының 50 кәсіпорны қатысқан. Енді лауреаттар Астанада өтетін "Қазақстанның үздік тауары - 2017" көрме-конкурсының республикалық кезеңіде бақ сынайтын болады.

Атап өтсек, Алматы облысында 700-ден астам өнеркәсіп орындары бар, оларда 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. 2016 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 650 млрд. теңгеге жетіп, соңғы 5 жыл ішінде 1,5 есеге артқан. Трансұлттық компаниялардың қатысуымен 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. 40-тан астам өнеркәсіп орны экспорттаушы болса, олардың өнімдері әлемнің 42 еліне тасымалданады.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай