Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері тергеу изоляторынан сотталғандардың қашып кеткені үшін жазаланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі департамент бастығының міндетін атқарушы Дархан Қанатбековке сілтеме жасап. 19 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері тергеу изоляторынан сотталғандардың қашып кеткені үшін жазаланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі департамент бастығының міндетін атқарушы Дархан Қанатбековке сілтеме жасап. 19 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қарағанды тергеу изоляторынан қашып кету дерегіне байланысты жүргізілген екі қызметтік тергеудің қорытындысы бойынша мекеменің басшылық құрамы ауысты, атап айтқанда, оқиға болған кезде изоляторды басқарған Бүркіт Садақов қызметінен кетті. 19 лауазымды тұлға сөгіс, қатаң сөгіс және қызметіне сәйкес келмейтіні туралы ескерту алды. Бірқатары жұмыстан шығарылды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыстық департаменті мен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қашып кету оқиғасын бір-біріне тәуелсіз жағдайда тексерген.
Еске салайық, сотталушылар Сұлтан Лошкарев пен Виктор Шабунин Қарағанды тергеу изоляторынан өткен жылдың 9 қарашасында қашып кеткен еді. Олар изолятордың дәретханасында терезенің темір шыбығын майыстырып, сөмке белбеуінің көмегімен екінші қабаттан жерге түсіп, көшеге шыққан. Дәретхана терезесінен кейін бірден тұрғын үй алабы басталады. Сөйтіп, сотталғандар емін-еркін бостандыққа шығып, екі күн бойы жертөледе түнеген. Үшінші күні - 12 қарашада олар өз таныстарына келген кезде полиция мен ҚАЖК департаменті қызметкерлерінің қолына түсті.
Жауап алу кезінде қашқындар мұндай әрекетке шаруашылық жасағы бригадирі - сотталған Жайырбеков өздерінен ақша бопсалағаннан кейін барғанын айтты. Лошкаревтің айтуынша, Жайырбеков мұны ұрып-соққан да. Сарапшылар Лошкаревтің мойны мен кеудесінен дақтар мен гематоманы, қолынан кесілген жарақатты тапты. Бірақ тергеуші бұл дәйекті растай алмады, Қарағанды тергеу изоляторының басшылығы болса, Лошкарев пен Шабунинге қысым көрсетілген болса, олардың шағымдануға толық мүмкіндігі болғанын, бірақ олардың ешқандай өтініш айтпағанын алға тартты. 5 ақпанда Қазыбек би аудандық № 1 сотының судьясы Бақыт Ахметова Лошкарев пен Шабунинді түрмеден қашуға айыпты деп танып, Лошкаревті 3 жыл 6 айға, Шабунинді 4 жылға бас бостандығынан айырды, олар өз жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.