Тоқаев “аз да болса амбициясы бар“ елдерге ескерту жасады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тоқаев “аз да болса амбициясы бар“ елдерге ескерту жасады Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда сөйлеген сөзінде "аз да болса амбициясы бар" елдердің келешегі цифрлық технологияларды қарқынды экономикалық және қоғамдық даму тетігіне айналдыра алуына байланысты екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда сөйлеген сөзінде "аз да болса амбициясы бар" елдердің келешегі цифрлық технологияларды қарқынды экономикалық және қоғамдық даму тетігіне айналдыра алуына байланысты екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Биылғы форум "Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру" тақырыбымен өтіп жатыр.

Жасанды интеллектінің дамуы туралы айта келе, Тоқаев оның экономика мен еңбек нарығына тигізетін ықпалына тоқталды.

"Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы он жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін деп пайымдайды. Бұл жаңа технологиялық қалыптың түзілуіне алып келеді. Соның салдарынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект технологиясының енгізілуіне қарай дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін", - деді Президент.

Президенттің сөзінше, шартараптағы жүздеген миллион адам жаппай білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге тиіс. Әлеуетті мемлекеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бетпе-бет келіп, ұлттық білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болады.

"Цифрлық технологияларды қарқынды экономикалық және қоғамдық даму тетігіне айналдыра аламыз ба? Бұл – ең басты мәселе. Аз да болса амбициясы бар елдердің келешегі аталған мәселені қаншалықты табысты шешуіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық еткен жылы Одақ аясында елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын "төрт еркіндік" қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынды", - дейді Президент.

Сондай-ақ, Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жасалып жатқан жүйелі қадамдарға тоқталды.

"Қазақстан "ақылды" платформаларды мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың негізгі секторларына табысты енгізуде. Былтыр халыққа Жолдауымда Қазақстанды цифрлық елге айналдыру жөнінде міндет жүктедім. Бұл жұмысқа жүйелі сипат беру үшін биыл, яғни, 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды".

Мемлекет басшысының сөзінше, болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне баса мән береміз.

"Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітілді, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, деректерді заңсыз жинауға, өңдеуге, пайдалануға тыйым салынды. Мұны, шын мәнінде, өте маңызды конституциялық міндет деп санаймыз".

Президент институционалдық негізді нығайтып, инновацияны кешенді түрде енгізу мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғанын еске салды.

"Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесті құру да пайдалы шараның бірі болды. Аталған консультативтік орган құрамы жетекші шетелдік және отандық сарапшылардан, бизнес пен мемлекеттік мекемелердің өкілдерінен жасақталды".

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ынтымақтастыққа ашық.

"Бұдан бөлек, біз барлық қажетті инфрақұрылымды жедел дамытуды қолға алдық. Қазақстан өңірімізде бірінші болып, осы саладағы әлемдік көшбасшы саналатын NVIDIA компаниясының озық технологиялары негізінде екі суперкомпьютерді іске қосты. "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын" құру басты міндет ретінде жарияланды. Бұл ауқымды жоба жаһандық капитал мен әлемдік технологиялық алпауыттар үшін тартымды ортаға айналды".

Сонымен қатар Президент адами капиталға қомақты қаржы құйылып жатқанын айтты.

"Халықаралық Alem.ai орталығы жанынан Tumo және Tomorrow school жаңа буын мектептері, сондай-ақ әлемге белгілі бірқатар компанияның (Telegram, Presight) зертханалары ашылды".

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев екі апта бұрын орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойғанын еске салды.

Айта кетейік, 28 мамырда Астанада V Еуразия экономикалық форумы өтті.

Мәртебелі меймандар қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар бар.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 485.44   564.44   6.84 

 

Ауа райы

Алматы
А
Алматы +16
Астана +14
Ақтау +20
Ақтөбе +12
Атырау +18
Б
Балқаш +15
Ж
Жезқазған +11
Қ
Қарағанды +14
К
Көкшетау +14
Қ
Қостанай +17
Қызылорда +14
П
Павлодар +15
Петропавл +15
С
Семей +15
Т
Талдықорған +17
Тараз +20
Түркістан +11
О
Орал +16
Ө
Өскемен +19
Ш
Шымкент +17

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер