Астанада Ресей президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан рәсімнен тікелей трансляция жүргізіп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын өзі күтіп алды.
Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Суреттер: Ақорданың баспасөз қызметі
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей президенті 27 мамырда мемлекеттік сапармен келді. Келіссөздер барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды нығайтудың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылайды.
28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді.
29 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді.
Астанаға сапары алдында Владимир Путин "Казахстанская правда" газетінде мақала жариялады, онда екі елді ортақ тарихқа және мәдениеттер мен адамзат тағдырларының тығыз тоғысуына негізделген шынайы берік достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық байланыстыратынын атап өткен.
Тағы оқыңыз: Тоқаев, Путин және Астана аспаны