27 сәуір 2022 | 10:00

Тоқаевтың партиядан кетуі, Дужновқа қатысты үкім. 26 сәуірде Қазақстанда және әлемде не болды?

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент
Фото Әлихан Сәриев/Tengrinews.kz

Тоқаев Amanat партиясынан шыққанын мәлімдеді. Орал қаласына жаңа әкім тағайындалды. Алматыда бес адамды атып өлтірген Дужновқа қатысты үкім шықты. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Тоқаев Amanat партиясынан шыққанын мәлімдеді. Орал қаласына жаңа әкім тағайындалды. Алматыда бес адамды атып өлтірген Дужновқа қатысты үкім шықты. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Қазақстанда 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтады

Қазақстанда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару көлемін төрт есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Премьер-министр Әлихан Смайылов жер қатынастарын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізген, онда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ғарыштық мониторингі және оларды цифрландыру мәселелері қаралды. Баяндама жасаған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазір "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ базасында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жасаудың жетілдірілген нұсқасын енгізу пысықталып жатқанын мәлімдеді. "Жер инспекторының кабинеті" жасалған, ол әр жерден алынған деректерді талдап, жер учаскесін ұтымсыз пайдалану белгілерін анықтауға және осындай фактілерге жедел жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл платформа 2022 жылдың жазында іске қосылады.  

Реклама
Реклама

Фото: primeminister.kz 

450 миллион теңге жымқырған Kcell-дің бұрынғы қаржы директорына қатысты тергеу аяқталды

Алматы қаласы бойынша ҚМА аумақтық департаменті 450 миллион теңге жымқырған "Kcell Solutions" ЖШС бұрынғы қаржы директорына қатысты тергеуді аяқтады. Еске салайық, сотталушы өз қылмысын 2018 жылдың ақпан айы мен 2021 жылдың сәуірі аралығында жүзеге асырған. Яғни осы аралықта 5 компанияның есеп шотына аудару арқылы 258 миллион теңге жымқырған. Агенттіктің дерегінше, экс-қаржы директоры олармен қызмет көрсетуге алдын ала келісімшарттар жасасқан. Одан бөлек, ол өзіне аванс ретінде 192 миллион теңгені заңсыз аударған. Тергеу барысында күдіктінің жымқырған қаражатты букмекерлік кеңселерге салып, ұтылғаны анықталды. Оған 10 жыл көлемінде басшылық лауазымдарды атқару құқығынан, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Шымкент жергілікті полиция қызметінің бұрынғы басшысы қамауға алынды 

25 сәуірінде М.Бұхарбаев қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128, 131-баптарының тәртібінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Шымкент қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бұрынғы бастығына қатысты қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық дерегі бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша) соталды тергеу жүріп жатыр

Ауыл әкіміне 32 миллион теңге айыппұл салынды 

Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотында пара алды және қызметтік жалғандық жасады баптарымен айыпталған ауыл әкіміне, сондай-ақ пара берді және жалған құжат жасады деп айыпталған оның сыбайласына қатысты үкім шықты. Сот ауылдық округ әкімі қызметін атқаратын шенеунік әкім аппаратына тиесілі ғимаратты сатуға жәрдемдескені және ЖШС директоры жалған мәліметтер енгізген ресми құжаттарды тіркеуші органға бергені үшін ЖШС директорынан 800 мың теңге сомасында пара алғанын анықтады. Сот үкімімен бұрынғы шенеунікке 32 миллион теңге, оның сыбайласына 16 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сотталғандардың екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Дужновқа қатысты үкім шықты

Алматыда бес адамды өлтірген Игорь Дужновқа қатысты сот үкімі шықты. Сот 54 жастағы Дужновты екі полиция қызметкері мен сот орындаушысын, сондай-ақ үйінің жаңа қожайыны мен куәгерді өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Фото ©Tengrinews.kz

Мектеп оқушылары 17 маусымға дейін оқи ма?

ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларының жазғы демалысы қашан басталатынын айтты. Бұған дейін желіде оқу жылы 17 маусымға дейін ұзартылады деген ақпарат тараған болатын. Орта білім беру ұйымдарындағы оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникулдық кезеңдерін министрлік "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14 тармақшасына сәйкес айқындайды. Дәстүр бойынша биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Пандемия, шектеу шаралары кезінде рұқсат етілген білім сапасын арттыру және білім олқылықтарын толтыру мақсатында 26 мамыр мен 17 маусым аралығында барлық мектеп оқушылары үшін (9, 11 сыныптардан басқа) жазғы мектеп ұйымдастырылады. Ведомствоның мәліметінше, жазғы мектеп - оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік.

Министр Қырғызстанның "су блокадасы" туралы мәлімдемесіне пікір білдірді 

25 сәуірде Қырғызстанның Мемлекеттік кеден қызметінің басшысы Самат Исабеков Қазақстан жүк тасымалдаушыларды шекарадан өткізбей, экономикалық блокада қойып отырғанын мәлімдеді. Үкімет отырысынан кейін журналистер Жамаубаевтан мән-жайды сұрады. Ол Қазақстанның Қырғызстан үкіметімен түсініспеушілігі жоқ деп сендірді. Оның сөзінше, екі ел арасында мұндай проблема жоқ. 

Өскенбаев "Урал" мотоцикл өндірісін Қазақстанға көшіру туралы айтты 

Ресейлік Ural Motorcycles компаниясы мотоцикл өндірісін Қазақстанға көшірмекші, "ҚазТехМаш" машина жасау зауытымен лизингтік келісімге қол қойды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Өскенбаев Қазақстан халқына азаматтардың "жобаға және олардың бизнесті дамытудағы мүмкіндіктеріне сенгені үшін" алғыс айтты. Оның сөзінше, Ural зауыты "ҚазТехМаш" компаниясымен келіссөздер жүріп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, екі жақ арасындағы бастапқы шарттар да келісілген.

Антикор Хаменова туралы мәлімдеме жасады 

Агенттік Атырау облысы әкімінің орынбасары Б.К. Хаменоваға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында қомақты мөлшерде пара алу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазіргі уақытта Хаменова қамауда отыр. Ведомство Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге ​​жатпайтынын атап өтті.

Бозымбаевтың үлкен сұхбаты шықты

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Арманжан Байтасовқа сұхбат берді. Өңір басшысы қаңтар оқиғасын еске алып, қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысушылар бір-бірімен байланысын үзбей, бірлесе жұмыс істегенін атап өтті. Әкімнің сөзінше, бұрын облыста бейресми жетекшілер болған, олар жергілікті билік өкілдерінің шешім шығаруына ықпал еткен. Сонымен қатар, Бозымбаев сұхбатта 5 қаңтарда Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев комендант болғанын, ол облыс әкімдігі ғимаратындағы жағдайды бақылауда ұстай алмағанын атап өтті. Әкімдік, облыстық Полиция департаменті мен қалалық әкімдік ғимараты басып алынған. Әкімнің сөзінше, Күдебаев осы кезде ауылына кетіп қалған. Әңгіме барысында өңір басшысы Алматы облысындағы "Алтын Орда" базарын тексерістің алдын ала қорытындысына тоқталды. Ол базарда орналасқан ғимараттардың жартысы заңсыз салынғанын жеткізді. 

Amanat партиясының кезектен тыс съезі өтті

Нұр-Сұлтанда Amanat партиясының кезектен тыс съезі өтті. Кезектен тыс XXIII съезд онлайн-форматта болды. Жиынға әр өңірден келген делегаттар қатысты. Съезде Президент Тоқаев Amanat партиясының төрағалығынан кетіп, партиядан шығатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы орайда партия төрағасы лауазымына Ерлан Қошановты ұсынатынын айтты. Президенттің ұсынысын депутаттар қолдады, Ерлан Қошанов - Amanat партиясының жаңа төрағасы. 

Орал қаласына жаңа әкім тағайындалды 

Президент Әкімшілігі және қалалық мәслихатпен келісе отырып, меритократия қағидаттарына сәйкес Сатқанов Миржан Мұнайдарұлы Орал қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Ол бүгінге дейін Бөрлі ауданының әкімі қызметін атқарған.

Фото:instagram.com/uralskakimat

Ресейде белгісіз біреу балабақшада атыс шығарды, қаза тапқандар бар 

Ресейде белгісіз ер адам балабақшада атыс шығарды, төрт адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Ульянов облысында болды. 112 арнасының мәліметінше, белгісіз біреу түскі уақытта балабақшада екі бала мен тәрбиешіні өлтіріп, кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Қазір тәртіп сақшылары оқиға орнында қылмыстың себебін анықтап жатыр.

Ердоған Путинмен Украинадағы жағдай туралы сөйлесті 

Reuters агенттігінің мәліметінше, телефон арқылы сөйлесу барысында Түркия басшысы Ыстамбұлда Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздердің жалғасуына сенім артатынын айтқан. Сонымен қатар, Ердоған Түркия Украинада берік бейбітшілік орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын баса айтқан. Сондай-ақ, Ердоған Ресей мен Украина басшыларын бітімгершілік келіссөзге шақыру туралы ұсынысын қайталады. Айта кетейік, Түркия басшысы Украина президенті Владимир Зеленскиймен екі күн бұрын сөйлескен. Осыдан кейін Ердоған Владимир Путинмен сөйлескен.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная