Тракторшыдан мінберге дейін: Мұхтар Шахановтың өмір жолы

Нұрила Достарқызы
Нұрила Достарқызы Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тракторшыдан мінберге дейін: Мұхтар Шахановтың өмір жолы Фото: madeniet__aqparat__ministrligi

Қазақтың Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол тек ақын емес, композитор, қоғам қайраткері, ұлт мәселесін батыл көтерген тұлға болды. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы Tengrinews.kz материалында.


Қазақтың Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол тек ақын емес, композитор, қоғам қайраткері, ұлт мәселесін батыл көтерген тұлға болды. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы Tengrinews.kz материалында.

Өмір жолы

Мұхтар Шаханов 1942 жылы қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында өмірге келген. Ақынның әкесі Досбол Шаханов - діни сауатты, молда болған адам. Мұхтар Шаханов тоғыз жасқа толғанда әкесі қайтыс болған. Ал анасы 13 құрсақ көтерген.

Шахановтың алғашқы өлеңі 16 жасында республикалық баспасөзде жарияланған. Өлең жолдары оқырман тарапынан қызығушылық тудырып, жас ақынға көптеген хат келген. Сол кездерде белгілі композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергенов Шахановты арнайы іздеп келгені айтылады.

Мұхтар Шахановтың негізгі мамандығы тракторшы болса да, Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін бітіреді.

1960 жылдан 1965 жылға дейін ол "Оңтүстік Қазақстан", 1965–1970 жылдары "Лениншіл жас" газеттерінде жұмыс істеді. 1969 жылдан бері Шаханов КСРО Жазушылар Одағының мүшесі болған.

1971 жылдан 1975 жылға дейін Шаханов республикалық телевизия, радио редакцияларында жұмыс істеді.

1984 жылы ол "Жалын" альманахының бас редакторы, 1986 жылы "Жалын" журналының бас редакторы (1986) атанды.

Ол бір кездері "Жалын" журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін "XXI ғасыр және Руханият" атты халықаралық элита клубының президенті және Қазақстан жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін де атқарды.

Шаханов еңбек жолын тракторшы болып бастаса да, жоғары қызметке дейін көтеріліп, ұлт үшін аянбай қызмет етті. Соның ішінде Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Мәжіліс дептутаты сынды жауапты қызметтерді атқарды.

"Бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп кінәлауға болмайды"

Мұхтар Шаханов қай қызметте жүрсе де, рухани құндылықтарды, ұлттық мүддені бірінші орынға қойды. Соның айқын көрінісі - 1989 жылы Мәскеуде өткен сьезде Желтоқсан оқиғасы тақырыбын көтеруі.

Ол Мәскеуде өткен КСРО халық депутаттарының I съезінде Желтоқсан оқиғасы туралы батыл мәлімдеме жасады. Шаханов Алматыдағы бейбіт шеруге шыққан жастарға қарсы арнайы әскери күштер мен техника қолданылғанын айтты.

"Бес мың адамды, 10 мың адамды, 100 мың адамды ұлтшыл деуге болар, бірақ бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп кінәлауға болмайды ғой", - деген еді Мұхтар Шаханов.

Сонымен қатар Мұхтар Шаханов тіл мәселесінде де ерекше белсенді болған. Ол сұхбаттарының бірінде 1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде тіл туралы заң қаралған сәтте қазақ және орыс тілін қатар мемлекеттік ету ұсынысына қарсы шыққанын айтты. Шаханов бұл бастама қазақ тілінің мәртебесін әлсірететінін мәлімдеп, оның жалғыз мемлекеттік тіл болуы керегін талап еткен. Ақырында мәселе қайта дауысқа салынып, қазақ тілі мемлекеттік тіл болған.

Өлеңмен өрілген ғұмыр

Ақынның ең алғашқы жыр жинағы "Бақыт" деген атаумен 1966 жылы жарық көрді. Кейін "Балладалар"(1968), "Ай туып келеді" (1970) "Қырандар төбеге қонбайды" (1974), "Сенім патшалығы" секілді бірнеше кітабы жарық көрген.

Бірнеше өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әннің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан аса тіліне аударылған. Өлеңдерінде философиялық ой басым. Мәтінін де, музыкасын да өзі жазған "Жұбайлар жыры", "Туған күн кешінде", "Гүл дәурен", "Мен саған ғашық едім" атты әндері жұртшылыққа кеңінен таныс. Сонымен қатар ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың ел арасында кеңінен танылған "Ақ бантик", "Арыс жағасында", "Кешікпей келем деп ең" сынды әндердің сөзін жазған.

"Махаббат заңы", "Сенім патшалығы", "Сократты еске алу түні" атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш. Айтмановпен бірлесіп жазған "Құз басындағы аңшының зары" атты эссе кітабы мен "Сократты еске алу түні" атты драмасы көптеген тілге аударылған. "Шыңғыс ханның пенделік құпиясы" драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды.

Шахановтың "Өркениеттің адасуы", "Жазагер жады космоформуласы" (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. Оның шығармалары дүниежүзінің 50-ден аса тіліне аударылды.

Сонымен қатар жастар арасында ақынның "Жігерлендіру", "Ғашықтық ғаламаты", "Төрт ана" сынды бірнеше өлеңі асқан танымалдылыққа ие.

2022 жылы 16 маусымда Мұхтар Шахановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді.

Бұл марапатты Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі табыстады.

"Мен бүгін Мұхтар Шахановқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім", - деді Мемлекет басшысы.

Қаралы хабар

2026 жылғы 8 сәуірде ақынның жансақтау бөлімінде жатқаны айтылды. Ал 19 сәуірде Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді. Ведомство "Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың өмірден өтуіне байласты отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, қалың қазақ жұртына қайғыра көңіл айтты".

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт перзенті, аса көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады", – делінген жеделхатта.

Ал бүгін, 21 сәуірде Алматы жұрты Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салуға жиналды. Мұхтар Шахановпен қоштасуға мыңдаған адам келді. Қазақ ұлттық опера және балет театрының ғимаратына кезек таңертең ерте басталды.

Сурет: Нұрсұлтан Байбулин

Сурет: Нұрсұлтан Байбулин

Ақынмен қоштасуға Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және басқа да мемлекет қайраткерлері келді. Сонымен қатар қырғызстандық жазушы Шолпонбек Абыкеев ақынмен қоштасып, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың көңіл айту сөзін жеткізді.

Сурет: Нұрсұлтан Байбулин

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Өлмейтін із

Бүгінде әлеуметтік желілерде Қазақстан халқы біртуар ақын Мұхтар Шахановпен қоштасып жатыр. Олар ақынмен түскен суреттерін, естелік әңгімелерін жариялап, қазақ халқына қайғыра көңіл айтып жатыр. Ал пікір қалдырып жатқандардың санында есеп жоқ. Осыдан-ақ Мұхтар Шаханов артына өлмейтін із қалдырғанын аңғаруға болады. Себебі ол - ұлт намысын, руханиятын, қазақ тілі мен әдебиетін бірінші орынға қойған бірегей тұлға.

Threads әлеуметтік желісінен алынған скриншот

Threads әлеуметтік желісінен алынған скриншот

Threads әлеуметтік желісінен алынған скриншот

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 464.73   549.25   6.22 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер