Елшіліктің лауазымды қызметкерлері ұл-қыздарының оқу орнын Ердоғанның мәлімдемесінен кейін дереу ауыстыруға мәжбүр болыпты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Елшіліктің лауазымды қызметкерлері ұл-қыздарының оқу орнын Ердоғанның мәлімдемесінен кейін дереу ауыстыруға мәжбүр болыпты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Яғни Түркия президенті мақтаулы білім ордалары Америкадан пана тапқан әйгілі ислам насихаттаушысы Фетхуллах Гүленмен тығыз байланысты деп жақтастарын шетінен тұтқындап жатқаны белгілі. Ал мыңдаған шәкірт білім алып жүрген қазақ-түрік лицейлерін қадағалайтын КАТЕV қоры мен Білім министрлігі түрік елшісіне жауап қайтарып, мектептердің бірде бірі жабылмайтынын мәлімдеді.
Астанадағы қазақ-түрік лицейінде Түркияға қатысты ешқандай белгі жоқ. Туы түгілі, түрікше бір жазу таппайсыз. Кіреберіске қазақтың көк байрағы қойылып, жанында елтаңба мен әнұранның сөзі жазылған тақтайша ілулі тұр. Жәнібек пен Керей бастаған әйгілі қазақ хандарының мүсіні де төрден орын тапқан. Мұндағы оқушылар Гүленнің кім екенін де білмейді. Есесіне, әр кабинетте Назарбаевтың нақылдары ілініп, жастық шағы, өмірбаяны, кітаптары мен "Мәңгілік ел" жайлы ақпарат көп.
Жалпы, бұл білім ордасын 24 жыл бұрын Түркияның 8-ші президенті Тұрғыт Өзалдың өзі келіп ашып, кейін Сүлеймен Демирел, Абдулла Гүлге дейін бас сұғып мақтап кеткен. Алайда Ердоғанды тақтан тайдыра жаздаған төңкерістен соң, ресми Анкара аяқ астынан құбылып, оппозиционер, әйгілі діни ғалым Гүлен қаржыландырады деген желеумен әлем елдеріндегі лицейлерді жабуды талап етіп, Қазақстанға да қыр көрсете бастады. Бір қызығы, Ердоғанның қаһарынан қорықты ма, Астанадағы түрік елшілігінің дипломаттары да ұл-қыздарын элиталық мектептен дереу алып кетіпті. Ал ҚТЛ-дарды басқаратын KATEV қоры Түркияға еш қатысы жоқтарын, тек Білім министрлігіне бағынатынын, мектепте дінді дәріптемек тұрмақ, намаз оқуға тыйым салынғанын айтты.
"Біздің ешқандай сыртқы мемлекет, үкімет ұйымдармен немесе жеке тұлғалармен ешқандай қарым-қатынасымыз жоқ. Біз тек қана Қазақстан Республикасының білім заңнамасындағы зайырлы білім берумен айналысамыз. Біздің білім ошақтарын ешқандай саясатқа араластырудың қажеті жоқ деп ойлаймын", - деді КАТЕV халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте.
Танымал АТ маманы Аршат Оразов 1997 жылы Ақтөбегі қазақ-түрік лицейін үздік бітірген дарынның бірі. Енді арада 20 жыл өткенде, өзі білім алған мектепте пантюркизм, дінді араластырып, болашақта түрік элитасына қызмет ететін кадр тәрбиелейді екен деген әңгімені естігенде жағасын ұстаған.
"Шынымды айтсам, Гүлен деген кісі барын білген жоқпын. Ол жақта дін туралы ештеңе айтылған жоқ. Лицейде ең бірінші орынға сол білімді қояды. Бала өсіріп отырған ата-ана ретінде баламызды сол лицейге бергіміз келеді", - деді қазақ-түрік лицейінің түлегі Аршат Оразов.
Телеарнаның мәліметінше, Гүленнің ілімін насихаттайды деп Түркия Африка елдерін айтпағанда, көршілес Қырғызстанға қыр көрсетіп жатыр. Бүгін Президент Атамбаевтың өзі ішкі ісімізге араласпаңдар деп азуын көрсетті. Сондықтан саясаттанушылар да ресми Астананың батылырақ қимылдағанын қалайды.
"Бұл енді шынын айту керек, Түркия мемлекетіне де, түрік дипломатиясына да абырой әпермейтін мәлімдеме болды. Қазақ-түрік лицейі деген аты болмаса, негізінен мемлекеттік мекемелер. Оның артынан Гүленді іздеу, немесе басқаны іздеу ақылсыздық", - деді саясаттанушы Айдос Сарым, :
Ал Түркия елшісінің өткен аптадағы "шұғыл шешім шығарыңдар" деген мәлімдемесінен кейін Білім министрлігі 27 қазақ-түрік лицейінің жабылмайтынын қадап айтты. Яғни 1 қыркүйекте 10 мыңнан аса осындай білім ошағының шәкірттері оқуын жалғастыра береді.
"Мұндағы жұмыс істеп жатқан мұғалімдердің 90-пайыздан астамы біздің Қазақстаннның азаматтары. Сондықтан сырттан басқа да бір ұйымдардың басқа мемлекеттің араласуына құқығы жоқ деп санаймыз", - деді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Әйгерім Әлібекова. (Дереккөз: КТК)
Айта кетейік, Түркияның Астанадағы өкілетті елшісі Невзят Уянык қазақ-түрік лицейлерінің және жоғары оқу орындарының Түркия үкіметіне еш қатысы жоқ екенін айтып, төңкеріс әрекеті болғаннан кейін Түркияның барлық достастық елдерінен қолдау күтетінін мәлімдеген еді. Ол достастық елдерге қарата сөз айтқан еді. "Төңкеріс әрекеті еліміздің демократиялық тіреуіне бағытталды, ол біздің үкіметті құлатуға бағытталды, ал бір тұсынан бұл әрекет басқа елдерге де ескерту. Органдар қажетті шараларды жүргізуді бастайды деп сенемін. Біз Қазақстан Республикасымен тығыз байланыстамыз, әріптестіктеміз. Бұл Түркия мүддесі ғана емес, бұл мәселелер Қазақстан Республикасының мүддесіне де қатысты", - деген еді елші.
Бұдан кейін Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі осы жағдайға байланысты ресми ұстанымын жария етіп, мәлімдеме жасады.