2025 жылғы 25 желтоқсанда "Сақ стилі" сериясымен номиналы 500 теңгелік жаңа банкнот айналымға шықты. Қазақстан Ұлттық банкі нағыз банкнотты қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелерді еске салады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның дизайны дәстүрлі қазақ орнаментінің бастауы саналатын сақтар мәдениетінің көркемдік элементтеріне негізделген. Осылайша, бұл серия көшпенділердің бірегей болмысынан бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі аралықты қамтитын еліміздің бай мұрасын айшықтайды.
Ақша белгісінің қорғаныш элементтері туралы
Банкнотада рельеф қалыптастыратын арнайы баспа түрі – алтын интаглио қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын түстес металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.
Алдыңғы бетінде саусаққа анық сезілетін бедерлі әрі жоғары рельефті элементтерді банкнотаның жиегінен аңғаруға болады. Ол – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.
Банкнота бетінде үзік-үзік пішінде монохромды қорғаныс жібі бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіпке айналады. Банкнотаны еңкіш тартып, көлбеу бұрышын өзгерткенде бұл жіптен көгілдір түстің лүпілдеп тұратын динамикалық әсерін байқауға болады.
Локальды су белгісінің қорғаныш элементі – электротип. Жарыққа тосқанда электротип белгісі номинал бейнесінде анық көрінеді.
Еске сала кетейік: дизайны жаңа 500 теңгелік банкноттар айналымға 2025 жылдың аяғында шығарылды. Сонымен қатар, бұл банкноттар жаппай айналымға 2026 жылдың екінші тоқсанында түседі, өйткені оларды елдің барлық өңіріне жеткізу және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техника) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.
Банкноттарды ауыстыру тәртібі және параллель айналым кезеңі
Номиналы 500 теңгелік жаңа банкноттар 24 ай бойы айналымдағы 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттарды алмастырады.
"Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнот 2 жыл ішінде айналымнан біртіндеп шығарылады. Тиісінше, осы кезеңде халыққа ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейлі банктерде немесе Ұлттық банк филиалдарында жаңа банкноттарға айырбастаудың қажеті жоқ", - делінген таратылған хабарламада.
Ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың параллель айналым мерзімі 2025 жылғы 25 желтоқсаннан 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) қолданылады.
Параллель айналым кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2027 жылғы 25 желтоқсаннан бастап, барлық банк пен "Қазпошта" ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға үш жыл ішінде, яғни 2030 жылғы 24 желтоқсанға дейін алмастырады.
Ұлттық банк филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды мерзімсіз ауыстарады.
Жаңа үлгідегі (2025 жылғы) және ескі үлгідегі (2017 жылғы) банкноттар параллель айналым кезеңінде заңды төлем құралы болып табылады, Қазақстанның бүкіл аумағында төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру, банк шоттарына есептеу үшін өздерінің номиналды құны бойынша қабылдануға міндетті.
Олар Ұлттық банктің барлық филиалында, "Қазпоштада", еліміздің екінші деңгейлі банктерінде және Қазақстан бейрезидент-банктерінің филиалдарында шектеусіз айырбасталады.
Ұлттық банк заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар мен монеталарды қабылдамау Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып саналытынын ескертті.



