Алматыда көршілердің шағымынан кейін 70 жастағы Cара Байырқанованың үйі соттың шешімімен сүрілген болатын. Бірақ енді көршілері егде жастағы әйелдің жерін тартып алмақшы, - деп хабарлайды inalmaty.kz.
Алматыда көршілердің шағымынан кейін 70 жастағы Cара Байырқанованың үйі соттың шешімімен сүрілген болатын. Бірақ енді көршілері егде жастағы әйелдің жерін тартып алмақшы, - деп хабарлайды inalmaty.kz.
Зейнеткердің айтуынша, тартып алмақшы болып жатқан жер оған танысынан мұра ретінде қалған.
"80 жастағы танысым Анна Пинковскаяға қарап жүрген болатынмын. Оның туыстары жоқ. 2010 жылы ол өсиетхат қалдырып, 2011 жылы қайтыс болды. Содан кейін көршілері менімен сөзге келе бастады", - дейді Байырқанова.
"Бастапқыда көршілері менің жер актімді алып қойды. Ол акт қолдан жасалмаған. Адвокат оны кассация арқылы қайтарып алды. Олар мені сотқа бергенде бұған назар аудармаппын. Құжаттарым қолымда болса, ешкім тиіспейді деп ойладым да, үй сала бастадым. Көршілерге жаңа үй салайын деп жатқанымды айттым, бірақ олар үндемеді. Бастапқыда олар менің учаскемді 30 миллион теңгеге алмақшы болды, алайда оның бағасы 45 миллион деген едім. Содан 30 миллионға сатуға келістім. Олар уақыт соза бастады, кейін тіпті сатып алудан бас тартты. Сосын мен үйдің жартысын сатып алуды ұсындым, олар оған да келіспеді", - дейді Сара.
Көршілері жарты үйді сатып алудан бас тартқан соң, ол оны басқаларға сатып, жаңа үй сала бастаған.
"Үй салдым, аса үлкен үй емес - 110 шаршы метр. Өскеменде екі бөлмелі пәтерім, көлікжай және саяжайым болды. Оның барлығын саттым. Қызым мен немерем бар қасымда. Қызым қазір жүкті. Енді олар үй жалдап тұруға мәжбүр. Барлық үміт осы үйде болатын, қызымның атына аудармақшы болған едім, бірақ көршілер рұқсат бермей қойды. Сотқа арыздана берді", - дейді зейнеткер.
Айта кетейік, бұл іске қатысты сот отырысы 2013 жылы басталған еді.
Басылымның мәліметінше, зейнеткердің мүддесін еліміздегі жер мәселесі бойынша жетекші мамандардың бірі Бақытжан Базарбек қорғайды.
Заңгер құрылыс барысында заң нормалары бұзылғанымен келіседі. Ал көршілердің шағымымен ол келіспейді екен.
Базарбек көршілер неліктен жер учаскесін таласа алмайтынын түсіндіріп берді.
"Байырқановаға бұл жер мұрагерлікпен тиді, зейнеткерде мұрагерлік туралы куәлік бар. Куәлік бар болған жағдайда жер учаскесіне мемлекеттік акт те болады. Мұрагерлік туралы куәлік құқық белгілеуші құжат болып саналады. Құқық белгілейтін құжат болған жағдайда ешкім де жер учаскесіне таласа алмайды. Олар болса шектен шығып жатыр", - деді заңгер.
Таяуда ол іс материалдарымен танысып, зейнеткерге көмектесуге уәде беріп отыр.
Еске сала кетейік, мұның алдында Алматыда 76 жастағы зейнеткердің үйі сүрілуі мүмкін екені хабарланған еді. Зейнеткердің туыстарының айтуынша, үй 1956 жылы салынған. Бірақ үйдің құрылысына қатысты құжаттар дұрыс рәсімделмеген болып шықты. Сол кезде саманнан салынған ескі үйлерді қазір қайта тіркеу қиынға соғады. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қызметкерлері осы жағдайдан кейін оған қабырғаларды кірпіштермен бекітуге кеңес беріп, сосын ғана қайта тіркеуге болатынын айтқан.