Әлеуметтік желілерде шетелдіктерге Қазақстанда тұруға ықтиярхат (ТЫХ) алу кезінде мемлекеттік тілді білуге қатысты жаңа талаптар туралы ақпарат тарап жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жазбаларға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде не жазылып жатыр?
Әлеуметтік желі қолданушылары бұрын A1 деңгейі жеткілікті болса, енді тұруға ықтиярхат алу үшін шетелдіктерге қазақ тілін B2 деңгейінде меңгеру қажет екенін жазып жатыр.
"Егер бұрын бұл A1 деңгейі болса, енді B2 талап етіледі. Бұрын көбі қарапайым деңгейге иек артса, енді әңгімені жалғастырып, контексті түсіне білу керек. Мұның бәрі кеше ғана күшіне енді. Ең қызығы - өтпелі кезеңнің жоқтығы. Адамдар айлап құжат жинап, дайындалды, ал енді A2 деңгейі жарамсыз болғандықтан оларды кері қайтарып жатыр. Жақында келгендер үшін бұл нағыз сынаққа айналды: қазақ тілін бірнеше айдың ішінде B1 деңгейіне дейін үйрену - оңай шаруа емес", - деп жазады жазба авторы.
Еңбек министрлігі не дейді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "жекелеген талаптар тек Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін қарастырылғанын" айтты.
"Егер сіз Қазақстан азаматтығын алғыңыз келсе, әрине, "скоринг" процедурасынан, қазақ тілінің негіздерін білуге арналған тесттен өтуіңіз керек, бұл - қалыпты халықаралық практика", - деп ведомство Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың сөзін келтірді.
Кейбір шетелдіктер үшін ТЫХ алу жеңілдетілді
Бұл ретте Еңбек министрлігі шетелдіктердің кейбір санаттары үшін тұруға ықтиярхат алу ережелері, керісінше, жеңілдетілгенін атап өтті.
"Егер сіз Қазақстанда жұмысқа орналасқыңыз келсе және тұруға ықтиярхат алғыңыз келсе, сонымен бірге ел үшін сұранысқа ие мамандық иесі болсаңыз (мысалы, IT-маман, инженер, ядролық физик, нейрохирург, онколог және т.б.), онда тіл білуге тест тапсырудың және "скоринг" процедурасынан өтудің қажеті жоқ. Яғни біз еліміздің игілігі үшін жұмыс істегісі келетін және бұл үшін қажетті мамандандығы бар жандар үшін тұруға ықтиярхат алу процесін жеңілдетеміз. Бұл тізімге 51 мамандық кіреді", - деп түсіндірді Асқарбек Ертаев.
Айта кетейік, бұл тізім жүйелі түрде толықтырылып отырады - 2023 жылы тізімде 21 мамандық болған.