Димаш Құдайбергеннің жеке концертіне келетін шетелдік жұлдыздар белгілі болды

18 Маусым 2017, 16:35
2
Димаш Құдайбергеннің жеке концертіне келетін шетелдік жұлдыздар белгілі болды - Димаш Құдайберген. © instagram.com/kudaibergenov.dimash
Димаш Құдайберген. © instagram.com/kudaibergenov.dimash

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Астанада 27 маусымда өтетін "Бастау" атты жеке концертіне келетін шетелдік жұлдыздардың есімдері белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы орындаушының PR-директоры Алпамыс Шаримов мәлім етті.

Оның айтуынша, келетін қонақтарының ішінде Қытай елінен Терри Лин бар. "Қытай елінің ең жарық жұлдызы. I Am Singer жобасында Димашқа қарсылас бола жүріп, қамқорлығын танытып, Қытай елінің жұлдыздарының ішінде достық ниетін танытқан алғашқы әншілердің бірі. Димаштың туған күнінде жеке концерттік киімін сыйға тартып, арнайы тілегін де білдірді. Тіпті, Димаш Терри Линді "қытайлық өкіл әкем" деп атап та кетті. Көп мәрте азиялық марапаттардың жүлдегері Терри Лин 27 маусым #Bastau-дың құрметті қонағы!", - дейді Шаримов. 

Тағы бір танымал жұлдыз - швециялық әнші Loreen (@loreenofficial - Швеция). Ол - "Евровидение 2012" жылдың жеңімпазы, данс-поп, евродэнс жанрында ән шырқайтын танымал Еуропа әншісі.

"Атышулы Warner Music лейблымен серіктестікте қызмет атқаратын Лориннің 2012 жылғы "Heal" альбомы Европаның барлық ән шерулерінде топ жарды. Европаның сәлемін бізге Димаштың ән кешінде Лорин жеткізетін болады!", - деп таныстырды әншінің өкілі.

Қазақстандық әншінің концертіне Ұлыбританиядан Элит-Бекстор Софи (@sophieellisbextor) келеді.

Ол - 1997 жылдан бері шығармашылығымен айналысып келе жатқан әлемнің танымал әншісі. Көптеген танымал әндердің авторы, композитор.

"Танымал сән брендтерінің жарнамасы оның әнімен сүймелденіп, ал сұлу бейнесі жарнаманың өзіне айналды! Элис-Бекстор Софи Қазақстанда алғаш рет Димаштың жеке ән кешінде қонаққа келеді!", - дейді Алпамыс Шаримов.

Қонақтардың қатарында көрші елдің ыстық сәлемімен "Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген әртісі", "Top Hit awards" марапатының жүлдегері Кристина Орбакайте Димаштың концертіне арнайы келе жатыр. "Славян базарында" Димашқа жеңіс сыйлаған әндердің бірі "Опять метель" әні Кристина мен Димаштың дуэтінде қалай шырқалады екен?! 27 маусым бірге тамашалайтын боламыз", - дейді әншінің PR-директоры. 

Ал отандық өнер иелерінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Париждегі "Гранд Операда" Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера әншісі Майра Мұхамедқызы (@mairaopera) қатысады. "Димаш қашанда қолдау көрсетіп жүретін Майра Мұxамедқызы #Bastau-кешінің құрметті қонағы!", - деді Шаримов.

Ал Димаш Құдайбергеннің өзі кешіне келетін әрбір қонақтың - елдің қонағы екенін айтып, шетелдіктерді достық ниетпен қарсы алуға шақырды.

"Менің #АстанаАрена-да өтетін #Bastau кешіме аз күн қалды! Шығармашылығымды қолдап, бата беруге асыққан мыңдаған көрерменіме ризамын! Шоу концерт алдында этика бойынша құрметті қонақ болып қатысқалы жатқан әншілерді таныстыруға рұқсат етіңіздер! Әр менің кешіме келген қонақ - Еліміздің қонағы, Сіздің үйге келген қонақ деп қабыл алыңыз! Шын жүрекпен, достық ниетпен қарсы алайық!", - деп жазды Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген 27 маусымда 20:00-де Астанадағы "Астана Аренада" жеке концертін өткізеді. Билеттерді tiketon.kz, expo2017culture.kz, kassir.kz сайттары арқылы Қазақстанның кез келген қаласынан, әлемнің кез келген түкпірінен алуға болады. 


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай