Қазақстанда тағы бірқатар тасжолда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл енгізіледі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда тағы бірқатар тасжолда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл енгізіледі Фото © Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда биыл тағы бірнеше ақылы жолда орташа қозғалыс жылдамдығын бақылау енгізіледі. Бұл туралы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхмет мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengri Auto.


Қазақстанда биыл тағы бірнеше ақылы жолда орташа қозғалыс жылдамдығын бақылау енгізіледі. Бұл туралы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхмет мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengri Auto.

Оның айтуынша, жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырым болатын ақылы автожолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу жоспарланған.

"Биыл Қарағандыдан Алматыға дейінгі негізгі учаскелерде, Өскемен - Талдықорған бағытында, сондай-ақ Қорғастан Алматыға дейінгі учаскелерде бұл жұмыс жалғасады", - деді Мақсат Баяхмет үкіметте өткен брифингте.

Оның мәліметінше, орташа жылдамдықты бақылау енгізілгеннен кейін республикалық маңызы бар жолдардағы жол-көлік оқиғаларының саны биыл 15 пайызға азайған.

Кейінірек комитет басшысының орынбасары қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен бірлесіп, жалпы ұзындығы 560 шақырым болатын 3 ақылы учаскеде орташа қозғалыс жылдамдығын асыру туралы деректерді беру мәселесі пысықталып жатқанын нақтылады:

  • Көкшетау - Петропавл - 169 шақырым;
  • Алматы - Қорғас - 295 шақырым;
  • Ақтөбе - Қандыағаш - 96 шақырым.

Аппараттық-бағдарламалық кешендерге метрологиялық тексеру сертификаттары алынғаннан кейін, жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырым болатын тағы 13 ақылы учаскеде орташа жылдамдықты бақылауды енгізу жоспарланған:

  • Шымкент - Өзбекстан шекарасы - 84 шақырым;
  • Тараз - Қайнар - 238 шақырым;
  • Қонаев - Талдықорған - 186 шақырым;
  • Орал - Ресей Федерациясының шекарасы (Самара) - 56 шақырым;
  • Қызылорда - Арал - 455 шақырым;
  • Ақтөбе - Ресей Федерациясының шекарасы (Орынбор) - 83 шақырым;
  • Қостанай - Ресей Федерациясының шекарасы (Троицк) - 153 шақырым;
  • Қостанай - Денисовка - 151 шақырым;
  • Тараз қаласын айналып өту жолы - 57 шақырым;
  • Балқаш - Бурылбайтал - 91 шақырым;
  • Шу - Бурылбайтал - 176 шақырым;
  • Қандыағаш - Мақат - 381 шақырым;
    Үшарал - Достық - 123 шақырым.


Көлік министрлігі орташа жылдамдықты бақылау жүйесін кезең-кезеңімен кеңейту жүргізушілердің тәртібін арттыруға, апат жағдайларын азайтуға және еліміздің негізгі көлік дәліздерінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтеді.

Орташа жылдамдық деген не?

Орташа жылдамдық - бұл автомобильдің жолдың белгілі бір учаскесіндегі жолда жүру уақыты бойынша есептелетін жылдамдығы. Ол үшін екі камераның арасындағы қашықтық көліктің сол аралықты жүріп өткен уақытына бөлінеді.

Қарапайым тілмен айтқанда: егер жүргізуші камераның алдында кілт тежеп, кейін қайтадан жылдамдықты арттырса, жүйе бәрібір оның бүкіл учаскедегі орташа қандай жылдамдықпен жүргенін көрсетеді.

Орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл мөлшері қандай?

Орташа жылдамдықты асырғаны үшін жауапкершіліктің жеке жаңа түрі енгізілмейді. Жаза қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабында қарастырылған. 2026 жылы АЕК 4 325 теңге болған жағдайда, айыппұлдар мынадай болады:

  • жылдамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін асырғанда - 5 АЕК (21 625 теңге);
  • сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін - 10 АЕК (43 250 теңге);
  • сағатына 40 және одан да көп шақырымға - 20 АЕК (86 500 теңге);
  • бір жыл ішінде қайталап асырғаны үшін - 30 АЕК (129 750 теңге);
  • сағатына 60 және одан да көп шақырымға - 40 АЕК (173 000 теңге).

Шектеу қай жерлерде қолданылады?

Қазіргі уақытта орташа жылдамдықты бақылау ақылы жолдардың сегіз учаскесінде жұмыс істеп тұр:

  • Астана - Щучинск (140 км/сағ);
  • Астана - Павлодар (140 км/сағ);
  • Шымкент - Қызылорда (110 км/сағ);
  • Шымкент - Тараз (110 км/сағ);
  • Павлодар - Семей - Қалбатау (100-110 км/сағ);
  • Орал - Ресей шекарасы (Саратов) (100 км/сағ);
  • Павлодар - Ресей шекарасы (Омбы) (100 км/сағ);
  • Жібек Жолы - Теміртау (140 км/сағ).

TengriAuto