Ninety one тобының мүшесі Данияр Құлымшинның (лақап аты Bala) ата-анасы Ақылбай Құлымшин мен Әлия Қадырова "МузАрт" тобының мүшелері, танымал әншілер Сәкен Майғазиев пен Мейрамбек Бесбаевқа ашық хат жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ninety one тобының мүшесі Данияр Құлымшинның (лақап аты Bala) ата-анасы Ақылбай Құлымшин мен Әлия Қадырова "МузАрт" тобының мүшелері, танымал әншілер Сәкен Майғазиев пен Мейрамбек Бесбаевқа ашық хат жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Хатта Данияр Құлымшиннің ата-анасы әншілердің бұған дейін БАҚ беттерінде топ мүшелерінің стилін ашық сынағанына, оның ішінде ата-аналарының тәрбиесіне сөз келтіргене және топ мүшелері жайлы әзіл айтқанына наразы екенін жеткізді.
© instagram.com/kadirova.a67
"Бір сұхбатында Сәкен Майғазиев әдеттегісінше Ninety One тобы туралы ой толғап, "Адам танитындай, мейірлене құшақтайтындай, сүйетіндей, ата-аналары қалай жақсы көретінін мен білмеймін. Қалай оларға үйретпейтінін, менің жүрегім ауырады. Өзім үшін емес, ұрпақтарым үшін", - депті. Атап айтсақ, Сәкен бұдан бұрын да топ мүшелерінің болмысына сын айтып, біресе жақтап, біресе даттап жүрген-ді. 2 жыл үндемей келе жатқан бізге, бұл сөздер шектен шыққандық болып көрінді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бар білгенімізді үйретіп, өсіріп жатқан балаларымызға тіл тигізіп қана қоймай, олардың ата-аналарының, яғни біздің берген тәрбиемізді жоққа шығармақ болған сөздері біздің қолымызға қалам алып, осы ашық хатты жолдауға мәжбүрлеп отыр", - дейді ашулы ата-ана.
Сондай-ақ, айтуларынша, эстрадада цензура орнатуға болмайды.
"91 тобы туралы жағымсыз, біржақты пікірлер айтып жүрген өнер адамдарының ішінен, жастайларынан көз алдымызда өскен, өздері де топ құрған, оның барлық "қызық-шыжығын" білетін Сакен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев інілеріміздің қандай бастамаға жанашырлық жасамақ болып жүргендерін түсіне алмадық. Әлде қазақ эстрадасының көсемдері болғысы келе ме немесе эстрадаға Кеңес Одағында орын алған саяси цензура орнатуға бастамашы болғысы келіп жүр ме?! Түпкі мақсаттары не? Топты тарату ма?" - дей келе ата-ана эстрада корифейлерінің түпкі мақсаты не екенін білгісі келетіндерін жеткізді. Бұдан соң әншілер жайлы анекдот шығарып, БАҚ эфирінде "...Ондай танымалдықтың керегі жоқ. 5 адам болса, 2-і ұрғысы кеп жүреді. Бұғынып-тығылып жүрген ол өнер ме, әкең?" деген сөзін келтіреді.
"91 (Ninety one) тобындағы балаларымыздың "тәрбиесі" жайлы сөз қозғап, жөн көрсетуге, қала берді, бізді, ата-аналарын сөз қылуға ешкімнің хақысы жоқ. Балаларымыз өнерлеріне сүйеніп, әндерін жазып, билерін билеп, халықтың алдында қалай еркелесе де, қалай жүрсе де өз еріктері. Кезінде сіздердің әндеріңізді тыңдап, өнерлеріңізге сүйсініп, құрметтедік, мақтан еттік. Енді сіздердің біздің балаларымыздың бастамаларына қабаттасуларыңызға жол болсын? 91 тобы жаңа заманға лайықталған жанрда өнер көрсетіп, әлемдік поп музыка ырғақтарынсыз жаңа заман тынысын сезіне алмайтын өскелең ұрпақ, жас буыннан тұратын өзіндік публикасы бар топ. Біздің балаларымыз, әуелі Алланың аманатында, одан қалды өзіміздің бақылауымызда!", - дей келе ата-ана біреудің баласын БАҚ арқылы тәрбиелеуге ешікмнің хақысы жоқ екенін айта кетті.
"Дүйім қазақ жастарының тәрбиесі осы бес жігіттің қолында емес. БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕУ - сахнадағы бес жігіттің емес, ҮЙДЕГІ АТА-АНАНЫҢ МІНДЕТІ. Ал кімде-кім баласын тәрбиелей алмаса - кінә өзінен. Оны сахна жұлдыздарынан көрудің түкке қажеті жоқ. Музыкант, әнші ретінде музыкалық жанрларын, жасаған дүниелерін: сингл, альбом, пайым, бейнебаяндары жайлы сын, кем тұстарын айтсаңыздар өз еріктеріңіз. Ал, жеке басқа тиісіп, ата-аналарының берген тәрбиелеріне күмән келтіру – шектен шыққандық болып табылады. Біз ұзақ уақыт үндемей келдік. Себебі, бізді ішкі мәдениетіміз салғыласып, бет жартысып жатуға жібермеді. Әлі де "қазақшылдық" танытып отырғанымызды қаперлеріңізге ұстағайсыздар! Біз бар білгенімізді бойына сіңіріп, алақанымызға салып өсірген балаларымыз жайлы айтылып жатқан ғайбат сөздерге қосылып, тіпті, берген тәрбиемізге күмән келтіріп отырған, өзіміз есті деп санап келген Сәкен мен Мейрамбек болғаны қынжылтты", - деп аяқтапты ата-ана ашық хатын.
Айта кетейік, Сәкен Майғазиев мұның алдында Ninety one тобы жайлы бірнеше рет пікір білдірген. Бірде әнші NINETY ONE тобының продюсері Ерболат Беделханға "Қазақтың қара домалақтарын құбыжық қылып көрсетуді доғар" десе, екіншісінде бұл топты қолдаудың тоғыз себебін санамалап берген болатын.
Еске салайық, 24 тамыздан, яғни ертеңнен бастап Қазақстан кинотеатрларында Ninety one тобы жайлы биографиялық фильм прокатқа шықпақ. Фильм режиссері - Асқар Ұзабаев.