The Spirit of Astana заманауи этникалық музыка фестивалінің қатысушылары елордаға келіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, фестиваль 23-24 маусымда Астана әкімдігінің қолдауымен "Бәйтерек" монументінің алаңында өтеді. Биыл фестивальге тұңғыш рет Грузиядан келген Geo Train тобы қатысады.
The Spirit of Astana заманауи этникалық музыка фестивалінің қатысушылары елордаға келіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, фестиваль 23-24 маусымда Астана әкімдігінің қолдауымен "Бәйтерек" монументінің алаңында өтеді. Биыл фестивальге тұңғыш рет Грузиядан келген Geo Train тобы қатысады.
Geo Train тобының негізін қалаушылардың бірі Зураб Гагнидзе этникалық музыканы сақтап, оны дамытудың өте маңызды екенін айтады. "Халық өзінің дәстүрлі музыкасын жоғалтып алса, ол өзін жоғалтып алды деп айтуға болады. Сіз Грузияны көп дауысты әндерсіз елестете аласыздар ма? Бұл мүмкін емес. Міндетті түрде этникалық музыканы дамыту керек. Бұл халық дамып жатыр деген сөз", - деді музыкант.
Сондай-ақ, ол осындай фестивальдердің халықтың мәдениетіне үлкен әсер тигізетінін айтып өтті. "Мәдениет халықтардың бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін көрсетеді. Әсіресе, жаһандану кезінде барлығымыз бірдей болып кетеміз деген қауіп бар. Міне, осы фестивальдер бір жағынан өзіндік ерекшелігімізді жоғалтып алмас үшін, ал бір жағынан заманауи болуымыз үшін өтіп жатыр", - деді Зураб Гагнидзе.
The Spirit of Astana фестивалінде Satzhan Project тобымен бірге өнер көрсететін қазақстандық белгілі этномузыкант Еділ Хұсайынов фестивальдің еліміздегі этникалық музыканың дамытуда үлкен рөл атқаратынын айтып өтті. "Мұндай музыка аз насихатталады, ол телеарналардан көрсетілмейді, көрсетілсе де өте сирек көрсетеді. Сондықтан The Spirit of Astana мұнда үлкен рөл атқарады, - дейді музыкант. - Ең бастысы - адамдардың осы фестивальге келіп, музыканы жан-дүниесімен сезіне алуы. Меніңше, осындай шаралардан кейін адамдар өзгереді, тарихқа басқаша қарай бастайды, қандай елде тұрып жатқандарын және өздерінің кім екенін түсінеді". Оның айтуынша, The Spirit of Astana фестивалі елорда қонақтарына Қазақстанның заманауи әрі интеллектуалды мемлекет екенін көрсете алады.
Айта кетейік, Еділ Хұсайынов қазақтың бірнеше ежелгі музыкалық аспабында ойнай алады - жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, қауырсын сырнай, шаңқобыз. Сондай-ақ, ол Еуропа мен АҚШ-та танымалдылыққа ие. Еділ Хұсайынов 2005 жылы Нью-Йорктегі Карнеги-холлда өнер көрсетіп, 2006 жылы Токиода жеке концертін берді. Ал 2015 жылы Миланда өткен EXPO көрмесінде өнер көрсетті.
"The Spirit of Tengri фестиваліміз бесінші рет өтті, мұның ендігі мемлекеттік жоба екендігін сездік. Сондықтан осы мерейтойды Астанада атап өтетініміздің өзіндік нышаны бар. Елордаға жетіп, қала әкімдігімен бірлесіп, арнайы бағдарлама жасадық. Осы күндері EXPO-2017 өтеді, мұнда көптеген қонақ келеді. Оларға біздің фестиваль де ұнайды деп сенемін", - деген еді осыған дейін The Spirit of Tengri фестивалінің және "Жұлдыз FM" мен Tengri FM радиостанцияларының бас продюсері Жан Қастеев.
Биыл фестиваль сахнасына 14 музыкалық ұжым шығады: Geo Train (Грузия); DJ Carmen Rizzo (АҚШ); Huun Huur Tu (Тыва); Namgar (Бурятия); Ljubojna (Македония); Motiva Zenekar (Венгрия); Argymak (Башқұртстан); Инна Желанная (Ресей); Tamikrest (Мали); Steppe Scape (Тыва/Бурятия/Германия); Еділ Хусаинов пен Satzhan Project (Қазақстан); "Барабаны Алматы" (Қазақстан); Tigrahaud (Қазақстан): DJ Нариман Исенов , DJ Роман Бажанов, DJ Рустам Оспанов, DJ Арсен SuperFly (Қазақстан).
The Spirit of Astana фестивалі 23-24 маусым күндері "Бәйтерек" монументінің алдындағы алаңда өтеді. Концерт 17.00-де басталады, кіру тегін. Сахна өнер көрсететін музыканттарды алаңның жан-жағынан көруге мүмкіндік беретіндей орналасады. Сахнаның екі жағында үлкен Led-экрандар да қойылады, осы экрандар арқылы көрермендер шоудың қызықты тұстарын мүлт жібермей тамашалай алады.
Жобаның бас серіктесі - Magnum Cash&Carry сауда желісі.
Еске сала кетейік, 20-21 мамырда Алматыда ашық аспан астында The Spirit of Tengri этникалық мәдениет фестивалінің бес жылдық мерейтойы өткен болатын. Музыка мерекесі 30-дан аса елдің жүздеген этно-ұжымдарының басын қосты. The Spirit of Tengri - әлем елдерінің этникалық дәстүрін Қазақстан жерінде көрсететін мультимәдени жоба. Жобаның құрылтайшысы - Tengri FM радиостанциясы.