"Жұлдыз FM" республикалық жастар радиостанциясы Астанада 100.8 жиілігінде тарай бастады. Бұл туралы радионың бас продюсері Жан Қастеев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жұлдыз FM" республикалық жастар радиостанциясы Астанада 100.8 жиілігінде тарай бастады. Бұл туралы радионың бас продюсері Жан Қастеев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жан Қастеев, сонымен қатар, радиостанцияның жұмысы мен алға қойған жоспарларын бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта радиода "Таңғы шоу", қазақ эстрадасының тек сапалы әуенін таңдайтын "Жұлдыз TOP" ән шеруі, түркітілдес халықтардың белгілі әншілері сынға түсетін "Жұлдыз TOP International" тыңдармандардың сүйіп тыңдайтын бағдарламаларына айналып үлгерді. "Мұнымен бірге, радиода сағат сайын еліміздегі өзекті ақпараттарды бөлісетін "Жұлдыз FM" ақпараттық қызметі жұмыс істейді және мәдениет пен спорт жаңалықтары үздіксіз беріліп отырады. Радио енді Астанада хабар тарата бастады. Алдағы уақытта радиомыз астаналық жастардың да көңілінен шығады деген сеніміміз мол", - деді бас продюсер. Айта кетейік, радиостанцияда "Ұнамаса, тыңдама" әзіл-сықақ хабары бар. Оны еліміздегі белгілі анекдотшы Бауыржан Тұрабаев пен "Казахи" КТК (КВН) командасының мүшесі Дастан Қалдыбаев жүргізеді.
Ал "Алаш айнасы" интернет-басылымының бас редакторы Серік Жанболат радионың Астанада таратыла бастауын баспасөз нарығы үшін, радио нарығы үшін үлкен, тың жаңалық деп есептейді. Оның айтуынша, "Жұлдыз FM" жас радио болса да, оны халық қазірдің өзінде біліп үлгерді. "Жүрген жерімде - шаштаразда отырсам да, кафеде отырсам да, таксимен келе жатсам да "Жұлдыз FM" туралы үнемі сұрап отырамын. Қостырып қойып, "Тыңдап жүрсіңдер ме?" деп, пікірлерін сұраймын. Жас радио болса да, оны халық біліп қалған. Яғни шөлдеп отырған халықтың талғамын дөп басты. Бұлар тек жастардың радиосымыз деп отырған жоқ. Болашақта қоғамда үлкен ролі бар қоғамдық радиоға айналады. Арасында ойларымды, көзқарасымды радио қызметкерлеріне айтып отырамын. "Жұлдыз FM" радиосына тілектестері, жанашырлары көп, радиомен бірге қуанып жатқандар одан да көп. Ал оның Астанада тарай бастауын мен үлкен дүние деп қабылдаймын. "Жұлдыз FM" Астананың әуесінде қалықтап тұратын болса, тіпті керемет болады", - деді ол.
Сонымен қатар, Серік Жанболат бұл радионы "Қазақ радиосының" бәсекелесі болуын қалайтынын айтты. "Бәсекелесті іздеу керек. Менің ойымша, ол "Қазақ радиосының" бәсекелесі болады және одан қашудың қажеті жоқ. Болсын. "Жұлдыз FM" радиосының осы қадамы үшін мен өте қуаныштымын", - деді Серік Жанболат.
Радиостанцияның Астана қаласында хабар тарата бастағанына бір топ әнші ризашылық танытты. "Атына заты сай болуы үшін көптеген еңбек жасап жатқан радионың бұл қадамын нағыз жетістік деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, өз басыма бұл толқында тарайтын әндердің бәрі дерлік ұнайды. Кімнен сұрап қалсақ та, осы радионың жақсы дамып келе жатқанын айтады. Осындай қазақша радионың жетістікке жетіп жатқаны қуантады, шығармашылық топқа табыс тілеймін, жетістіктері көп бола бергей!" - деді әнші Нұрлан Албан.
Еске сала кетейік, "Жұлдыз FM" радиостанциясы 20 қазанда Қазақстанның 18 қаласында техникалық эфирге шығып, қараша айында ресми түрде іске қосылды. "Сәлем саған, туған ел!" әні радионың басты әуеніне айналды. Бұл әннің тұңғыш орындаушысы - Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева ''Жұлдыз FM'' жаңа радиосының ұжымына табыс тіледі.