Орталық азиядағы ең ірі халықаралық заманауи этникалық музыка фестивалі The Spirit of Tengri қазақтың халық әні "Ахау керім" әнімен аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Орталық азиядағы ең ірі халықаралық заманауи этникалық музыка фестивалі The Spirit of Tengri қазақтың халық әні "Ахау керім" әнімен аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Этнофестивальдің екінші күнінің қорытынды әнін айту үшін сахнаға The Spirit of Tengri фестивалінің қазақстандық қатысушылары "Арқайым", "Шарапат" және "Тиграхауд" топтары және Еділ Құсайынов, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық косерваторияның Ян Рудковскийдің жетекшілігіндегі хоры шықты. Еске салайық, концерт Республика Сарайы алдындағы алаңда өтті. Фестивальді ұйымдастырушы - Tengri FM радиостанциясы, бас серіктес - Kaspi bank.
"Бұл ғажайып жоба және ол керемет өтті. Үздік фестиваль - жанрлардың, стильдердің, музыка бағыттарының араласуы. Күмәнсіз, оқиға Қазақстанда дәстүрге айналуы тиіс, себебі ол біздің музыканттарымыздың дамуы үшін өте маңызды. Меніңше, бұл музыка интуитив деңгейде көптеген адамға түсінікті бола бастады. Себебі бұл ұлттар энергетикасының квинтэссенциясы іспеттес. Біздің хор үшін бұл хорда ән айту өнерінің кәсіби биігіне қарай дамуға деген жолдың бір қадамы", - деді Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық косерваториясы хорының жетекшісі Ян Рудковский.
The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі екі күнге жалғасты - 6 және 7 маусым. Мұндай шешімді ұйымдастырушылар қатысушылардың көптігімен түсіндірді. Биыл фестивальде 11 елдің мәдениеті таныстырылады. Фестиваль сахнасына алғашқы болып соқпалы музыка аспаптарында ойнайтын литаврашы топ шықты.
The Spirit of Tengri 2015 халықаралық этно-фестивальді алғашқы болып қазақстандық "Арқайым" тобы ашты. Ұжым домбыра мен шаңқобызда сүйемелдеумен көмеймен айтудан шеберлік көрсетті. Олармен бірге сахнаға электрдомбырада ойнайтын Aldaspan тобы шықты. Музыканттар бірнеше авторлық шығарманы бірге орындады. Айта кету керек, олар қойылымды динамикалық әуенмен бастап, соңын лирикалық музыкамен аяқтады.
Бұдан кейін Башқұртстан, Грузия және Түркиядан келген қонақтар халықаралық The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалін жалғастырды. 2014 жылы The Spirit of Tengri фестиваліне қатысқан The Shin Алматы аспанында нағыз грузиялық этно-джаз бен рок-н-ролл әуендерін қалықтатты. Олардың қойылымдары грузиндерге тән энергетикамен ерекшеленді. Топтың қойылымдарын гитара және грузиндердің биі әсерлі ете түсті. Ең қызығы, топтың бір мүшесі ұжымға кездейсоқ келген. Топтың кезекті қойылымдарының бірінде жас жігіт шығып билей жөнеледі. Осыдан кейін топ мүшелері оны өздеріне шақырады.
Фестивальдің бірінші күнін Радик Тюлюш пен "Чалама" жобасы аяқтады. Тыңдармандар асыға күткен Радик Тюлюш көмеймен айтудан шебер атанған, ол Қазақстанға 2014 жылы да келген болатын. Ол биылғы фестивальде "Чалама" тобымен өнер көрсетті. Орындаушылар тувалық ішекті аспап игиле, бызаанчи және дошпулууреде ойнады. Айта кету керек, Тюлюш бірнеше елде шығарылған тувалық әндерді орындады.
Тюлюштің лирикалық әуендері Hanggai тобының орындауындағы моңғол рогына жалғасты. Олар гитара және моринхуура аспаптарымен халық балладаларын орындады. "Біз мұнда алғаш келіп тұрмыз. Әрқашан жаңа адамдармен танысқымыз келеді. Бұл фестивальдің болашағы зор, келешекте бұл шара үлкеюі мүмкін", - деді Hanggai тобының мүшелері.
The Spirit of Tengri ұйымдастырушылары бұл топпен келісімге келу үшін екі жыл жұмыс істеген. Hanggai - моңғол сөзі, ол биік таулар, өзендер мен шексіз дала ұғымдарымен байланысты. Ұжым 2004 жылы құрылған. Музыканттар моңғол мәдениетін насихаттайды. Дәстүрлі әуендерді олар рокпен, еуропалық әуендермен үндестіріп орындайды.
Фестивальдің екінші күні Батырхан Шүкеновтің құрметіне "Отан Ана" композициясын орындаумен басталды. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының хоры фестиваль қатысушыларымен бірігіп, Батырхан Шүкеновтің "Отан Ана" әнін орындады. Хор әнді орындап болғаннан кейін Алматыда жаңбыр жауып кетті, алайда ауа райы болжамында жауын-шашынның болатыны хабарланбаған болатын. Қатты жел мен жаңбыр шамамен бес минут тұрды, одан кейін күн қайтадан ұясынан шықты.
Одан кейін Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалінің екінші күнінде Таулы Шорияның көмеймен айту өнері Қазақстанның электронды музыкасымен жарасым тапты. Орталық Азиядағы ең ірі фестивальдің көрермендері әнші Чылтыс Таннағашева мен DJ Нариман Исеновтың өнерінен ләззат алды. The Spirit of Tengri фестиваліне қатысушы қазақстандық топ - "Алдаспан". Музыканттар электродомбыраны шебер шертеді және көмеймен ән айтады. Айта кетейік, олар әлемде "хард-рок домбыра" стилімен ән айтатын жалғыз топ. Олардың орындауында халық комозицияларын да, өздері шығарған әндерді де рокстилистика жанрында тыңдауға болады. Бұдан кейін қазақстандық "Тиграхауд" тобы өнер көрсетті. Жас өнерпаздар ұлттық аспаптар арқылы, электрогитара, флейта және көмеймен айту арқылы тәжірибе ретінде қазақша рок орындады. Бірақ олар көрерменді бұл өнерімен ғана таңғалдырған жоқ. Музыканттар аңдардың стиліндегі киімімен тәнті етті. The Spirit of Tengri фестиваліне шыққан дебютанттардың ішінде Эстониядан келген Trad.attack тобы болды. Музыканттар таңғалдырарлық қуат пен драйв арқылы дәстүрлі эстон фольклорына деген батыл әрі заманауи рең берді. Бұл топтан кейін КСРО мен Қазақстанның Композиторлар одағының мүшесі, қазақтың көне аспаптарының шебер ойнаушысы, солист-аспапшы Еділ Құсайынов Satzhan Project фолк-джаз бэндімен бірге сахнаға шықты. Фестиваль сахнасына тұңғыш рет шыққан топтардың ішінде Мажарстаннан келген Hold Viola болды. Тазалық пен ашықтықты білдіретін ақ костюм киген өнерпаздар волынка мен скрипканың ғажайып музыкалық одағын көрсете білді. Олардан кейін Nordic-Namgar ұжымы өнер көрсетті. Бұл жоба буряттың "Намгар" тобы мен норвегтің джаз музыканты, композитор, продюсер Уле Йорн Миклбюсттің қоспасы.
Айта кетейік, The Spirit of Tengri - ең маңызды заманауи этникалық музыка фестивальдерінің бірі. Бұл Ethnoworld жанрында орындайтын әлем музыканттарының басын қосатын үлкен жоба. Фестивальді Tengri FM радиостанциясы ұйымдастырып отыр. Үлкен шара заманауи этникалық музыканттардың қатысуымен жыл сайын ашық аспан астында өткізіледі. Жоба мәдени мұраны насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.