Ақмола облысында суының ерекше қызғылт реңкімен танымал Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады. Мұндай шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданды. Осы мақсатта "Бұйратау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағын кеңейтіп, оның құрамына көл акваториясын қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tengri Travel.
Бұл кейінгі жылдары туристер ағыны көбеюіне байланысты жүктеме артқан Көбейтұздың бірегей экожүйесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Көл мемлекеттік қорғауға алынады
Астанадан 160 шақырым қашықтықта орналасқан Көбейтұз - Қазақстанның танымал табиғи нысандарының бірі. Әсіресе суы ерекше қызғылт түске боялған кезде көлге мыңдаған турист барады. Дегенмен, бұл жердің танымалдылығының артуы инфрақұрылымды дамытуды ғана емес, оны сақтау шараларын күшейтуді де талап етеді.
Ақмола облысы әкімдігі көлге ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін берумен қатар, жағалау аумағын абаттандыру жұмыстары басталатынын хабарлады. Мұнда келушілер табиғи құбылысты бақылап, көлді суретке түсіре алуы үшін, осал учаскелерге кірмей-ақ бақылау алаңы мен автотұрақ салу жоспарланған.
Әкімдік баспасөз қызметі басты міндет - адамдардың табиғи көрікті жерге зиян келтірмей, қауіпсіз танысуына жағдай жасау екенін атап өтті.
"Адамдардың осы бірегей табиғи нысанмен қауіпсіз әрі жайлы танысуына, оның әсем көрінісін тамашалауына мүмкіндік бере отырып, көлге ешқандай зиян келтірмеу аса маңызды. Көбейтұзды келер ұрпаққа табиғи қалпында сақтау тек сауатты абаттандыру мен экологиялық талаптарды қатаң сақтау арқылы мүмкін болады", - деп атап өтті әкімдіктегілер.
Абаттандыру кезінде кіруге шектеу қойылады
Жұмыс жүргізілетін кезде көлге бару уақытша шектеледі. Келушілерге жағалау сызығына жақындауға және белгіленген шектеу аймағынан өтуге тыйым салынады. Көбейтұзға кіреберіс жолдарда тәулік бойы бақылау бекеттер қойылып, аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар бірлесіп патрульдейді.
Көлде шомылуға және оның жағалауынан тұз жинауға қатаң тыйым салынатыны атап өтілді. Бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көл суының гидрохимиялық қасиеттеріне зерттеу жүргізген. Сараптама нәтижесі бойынша аммоний азоты, аммиак, хлоридтер, мышьяк, сульфаттар және басқа да бірқатар зат мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені анықталды. Сондықтан суға түсу қауіпті болуы мүмкін, ал тұз жинау табиғи нысанға қосымша зиян келтіреді.
Экологиялық мәселелер әлі де өзекті
Көлді қорғауды күшейту туралы шешім экологиялық мәселелер аясында қабылданды. Бұған дейін Көбейтұз қалпына келе бастап, туристер қайта ағылғаннан кейін, тағы қоқысқа толған болатын.
Әлеуметтік желілерде су айдыны айналасында жаңадан көптеген қоқыс тасталғаны көрінетін бейнежазбалар пайда болды. Жарияланымдар бірінің авторы адамдарға қызғылт көлдің әдемі суреттерін ғана емес, оның шынайы күйін де көрсетуге шақырды.
"Бәлкім, адамдарға өз аккаунты үшін әдемі суреттерді емес, көлдің бүгінгі шынайы күйін көрсету керек шығар. Сонда ғана адамдар ойланып, табиғатымызды аялай бастайтын болар", - делінген жарияланымда.
Пікір қалдырушылар келушілердің қалпына келуіне жылдар кететін қызғылт тұзды шелектеп жинап алған жағдайлар туралы айтып берді, ал кейбір көліктер көлдің аумағына дейін кіріп кеткен. Көпшілік Көбейтұзды сақтап қалуға тек қатаң шектеу көмектеседі деп санайды.
Басқалары экожүйе қалпына келгенше көлге баруды уақытша толық жабуды, сондай-ақ туристерге қоқысты өздерімен бірге алып кетуді міндеттеуді ұсынды.
Оқиғаның мән-жайы
Көбейтұз төңірегіндегі оқиға 2020 жылдың жазында қоғамдық резонанс тудырды. Ол кезде суы ерекше қызғылт реңді көл елорда тұрғындары мен басқа өңірлер арасындағы ең танымал туристік бағыттардың біріне айналды. Мыңдаған адам мұнда суретке түсу, таяз сумен серуендеу және ерекше табиғи құбылысты көру үшін келді.
Алайда, танымалдылықпен бірге мәселелер де басталды. Келушілер өздерінен кейін қоқыс қалдырып, су қорғау аймағында от жағып, емдік қасиеті бар деп саналатын тұз бен балшықты тасып әкетті. Әлеуметтік желілерде Көбейтұз тұзын сату туралы хабарландырулар да пайда болды. Ең көп талқыланған жағдайлардың бірі - Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі тікелей көлдің ішіне кіріп кеткені болды, кейін жүргізуші ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталып, ол қазақстандықтардан көпшілік алдында кешірім сұрады.
2020 жылдың шілдесінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұз төңірегіндегі жағдайға алаңдаушылық білдірді. Ведомство табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертіп, бақылауды күшейтуге және экологтардың, еріктілер мен полицияның қатысуымен мониторингтік топтар құруға уәде берді.
Сол кезде Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Көбейтұзға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру қажеттігін алғаш рет айтып, бірегей нысанды сақтау үшін шлагбаумдар мен мобильді бекеттер жеткіліксіз екенін атап өткен болатын.
Сол жылы билік көлге баруға тыйым салып, полиция бекеттерін қойды және аумақты патрульдеуді бастады. Экологтар су айдынына қатысты жабайы әрекеттер оның тозуына әкелуі мүмкін екенін, ал тұзды жаппай тасудан кейін экожүйені қалпына келтіру үшін жылдар қажет болуы мүмкін екенін ескертті.
2021 жылы әлеуметтік желілерде құрғап қалған көлдің суреттері пайда болғаннан кейін Көбейтұз тағы да назар аударды. Содан кейін Ерейментау ауданы әкімдігі бұл экологиялық апат емес, ағынсыз тұзды су айдынының табиғи өмірлік циклі екенін түсіндірді: құрғақ жылдары су буланып, бетінде тұз қабығы қалады.
Қабылданған шараларға қарамастан, мәселе толық шешілген жоқ. 2025 жылы туристердің Көбейтұз жағасынан тұз бен балшық тасып жатқан жаңа бейнежазбалары пайда болған соң, полиция аумақты патрульдеуді қайта күшейтті. Экология министрлігі де жағдайды қосымша бақылауға алды, себебі ескерту белгілері де, бейнебақылау камералары да тәртіп бұзушыларды тоқтата алар емес.
Көл туралы не белгілі?
Көбейтұз Ақмола облысы Ерейментау ауданы Өлеңті ауылдық округінде орналасқан тұзды ағынсыз көл. Ауданы 690 гектар, максималды тереңдігі 1,5 метрге дейін, ұзындығы шамамен 3,5 шақырым, ені 3 шақырымға дейін.
Көлдің ағыны жоқ, жауын-шашын мен жерасты сулары есебінен толығады. Dunaliella тұзды су балдыры арқасында судың түсі бірнеше жылда бір рет қызғылт түске боялады. Бір нұсқа бойынша, Көбейтұз атауы судағы тұз концентрациясының жоғарылығымен байланысты, бұл көрсеткіш бойынша оны Өлі теңізбен салыстыруға болады.