Қазақстанның педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының реаниматологы ұшақ бортында жолаушының өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Fly Arystan әуекомпаниясының Шымкент – Астана бағытындағы рейсінде 20 жастағы студент қыз есінен танып қалған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бортсеріктер дабыл қағып, ұшақтағы дәрігерлерден көмек сұраған.
"Жоғары білікті реаниматолог, "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ-ның жаңа туған нәрестелер анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Құрбанбеков Нұрсұлтан Әуелбекұлы көмекке ұмтылған", – делінген баспасөз хабарламасында.
Тексеру барысында науқастың тамыр соғысын және артериялық қысымның нөлдік деңгейде екенін анықтаған. Бұл оның жағдайының өте ауыр екенін көрсеткен. Құрбанбеков пен басқа мамандардың шұғыл әрі үйлесімді әрекетінің арқасында бірнеше минут ішінде қыздың жағдайы айтарлықтай жақсарған.
"Науқастың гемоглобин деңгейі небәрі 61 болғаны анықталды. Оның айтуынша, ол ешқандай ем қабылдамаған. Бұл есінен танудың негізгі себептерінің бірі болуы мүмкін", – деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Дәрігерлер қызға толық тексеруден өту үшін медициналық мамандарға жүгінуге кеңес берді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!