Ұлытаулық 76 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Қотырашов 53 күнде үш мың шақырымға жуық жолды жаяу жүріп өтіп, Парижге жетті, - деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап.
Парижде ақсақалды отандастары мен дипломаттар қарсы алып, ЮНЕСКО төрінде құрмет көрсетілді.
Жер шарын жаяу аралап жүрген жиһангез ақсақал Париждегі Салтанат қақпасына жетіп, өзінің еуропа сапарын ресми аяқтады. 76 жастағы Сәрсенбай Қотырашов 53 күннің ішінде үш мың шақырымға жуық жолды жаяу еңсерген. Наурызда Сербиядан басталған сапары Мажарстан, Аустрия және Германия қалаларында жалғасып, Франциямен түйінделді.
Дипломаттар мен отандастары саяхатшыны шашу шашып, сый-сияпатпен қарсы алды. Елшілік аумағында тігілген киіз үйде жылы жүздесу ұйымдастырылды. Сапардың қызығы мен қиындығы туралы әңгімелеген жиһангезді жиналғандар тебіріне тындады. Еуропалық сапар Ulytauman атымен танылған саяхатшының жолындағы төртінші ірі кезең. Бұған дейін ол еліміздің он жеті облысын түгел жаяу аралап шықты. Кейін Кавказды өтіп, Ыстамбұлға жеткен.
Ал 2024 жылы Алтай мен Моңғолия арқылы Бейжіңге дейін барған. Кәрі құрлық сапары да оңай болған жоқ. Қатаң тәртіпке байланысты ол автобанның жиегімен емес, көбіне айналма жолдармен жүруге мәжбүр болды. Ұзақ жолда жүк артқан арбасы сынып қалса да, ақсақал алған бетінен қайтпады. Жол бойы ондаған өзге ұлт өкілдерімен танысып, әрдайым елшіліктердің қолдауын сезініп жүрген.

"Болашақта Гиннес рекордтар кітабына ену деген мақсат бар. Олардың өздерінің нормативі бар, экватордың ұзындығынан ұзын болу керек, кемінде қырық мың шақырымнан асу керек. Ал менікі әзірше 18 мың шақырым. Енді болашақта жеткіземін деп, дәметіп тұрмын. Алланың берген қуатының арқасында. Мақсатым –бүкіл әлемге қазақтың қайсар екенін, төзімді екенін, батыр халық екенін дәлелдеп көрсету. Біздің халқымыздай, аталарымыздай, ғалым ешқандай жерде болған жоқтығын дәлелдеп көрсету. Себебі дүниежүзінде ең алғашқы металл тапқан біздің аталарымыз, аспанды, астрономияны меңгерген", - деді Сәрсенбай Қотырашов.
ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде қазақстандық саяхатшыны қазақ мәдениетінің елшісі ретінде қарсы алды.
"Біз Сарсенбай мырзаның еңбегі мен табандылығына құрмет көрсеткіміз келді. Ол туған жерінен жаяу шығып, бірнеше елді кесіп өтіп, Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтеріне дейін жетті. Оның сапары біздің "тірі мұра" жөніндегі Конвенциямыздың мәнімен үндес маңызды ойды жеткізеді деп санаймыз. Бұл – әлем халықтарының дәстүрін, тәжірибесі мен білімін сақтау және дамыту. Сарсенбай мырзаның өзі де ұсталықпен айналысады. Бүгін онымен танысқанымызға өте қуаныштымыз. Сондай-ақ Қазақстанға және осы елдің ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігіне алғысымызды білдіреміз", - деді 2003 жылғы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы үкіметаралық конвенцияның хатшысы Фумико Охината.
Ақсақал туған жері Ұлытау өлкесіне оралып, аз-кем тынығып алған соң демеушілер тауып, жаңа сапарына қамданбақ. Келесі жылдың бағыты - Америка Құрама Штаттары. Жоспар бойынша ол Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін елді жаяу жүріп өтуді көздеп отыр.

