1 қазаннан бастап Қазақстанда импорт алкогольдің бәріне бірдей тыйым салынбайды. Спирт және алкоголь өнімдерін өндірушілер қауымдастығының төрағасы Әміржан Қалиев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында шетелден арақ-шарап тасымалдаудың жаңа ережелерін түсіндірді. Оның айтуынша, импорт өнімдерге түгел тыйым салынбайды.
1 қазаннан бастап Қазақстанда импорт алкогольдің бәріне бірдей тыйым салынбайды. Спирт және алкоголь өнімдерін өндірушілер қауымдастығының төрағасы Әміржан Қалиев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында шетелден арақ-шарап тасымалдаудың жаңа ережелерін түсіндірді. Оның айтуынша, импорт өнімдерге түгел тыйым салынбайды.
"Таңбалануы жөнінен сәйкес келмейтін импорттық алкоголь өнімдерін әкелуге ғана тыйым енгізіледі. Кез келген қазақстандық тұтынушы алкоголь немесе басқа өнім туралы мемлекеттік тілде және орыс тілінде ақпарат алуға құқылы. Сондықтан біздің заңымызға сәйкес, өнімнің таңбалануында ақпарат қатар берілуі керек", - деді Әміржан Қалиев. Қазанның бірінен бастап, Қазақстанның сауда сөрелерінде талапқа сай таңбаланбаған импорт алкоголь болмауы керек.
"Мысалы, біз Ресейге арағымызды апардық дейік. Біздің стандартымыз бойынша өнім қазақ және орыс тілдерінде таңбаланған. Ал Ресей біздің маркировкамызды шекарадан өткізбейді. Оларға орыс тіліндегі таңба қажет. Сондықтан біздің экспорттаушыларымыз Ресейге барып, олардың стандарттары бойынша маркалау заттаңбаларына тапсырыс береді. Әкеліп, өз конвейерлерінде желімдеп, содан кейін сол таңбалармен Ресей шекарасынан өткізеді", - деп түсіндірді "Қазалко" президенті. Оның айтуынша, басқа елдер де қазақстандық алкоголь сатушыларға сондай талап қояды.
Қалиевтің айтуына қарағанда, импорттаушылар тарапынан көптеген сын айтылғанына қарамастан, бұл талапты нарықтың барлық қатысушысы сақтауы тиіс. "Қазақстандық тұтынушы өнімнің құрамында не барын, химиялық құрамын, тағам стандарттарына сәйкестігін білуге құқылы. Қандай да бір ұлттық артықшылық болуы керек. Біз Германияға заттаңбасында қазақша ақпарат жазылған өнімді апармаймыз ғой. Онда олар біздің өнімімізді алмай қояды, өз нарығына жібермей тастайды. Сондықтан өнімге немісше ақпарат жазу қажет болады. Францияда - французша, тағысын-тағы. Сондықтан бұл орайда ешқандай мәселе тумауы керек", - деді Қалиев.