1. Басты
  2. Біл
  3. Экономика
  4. Нарық

Қазақстанда базалық мөлшерлеме төмендейді

Сурет: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов Сурет: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/- 1,5 пайызға дейін тарылта отырып, жылдық 9,00 пайыз деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тиісінше, өтімділікті ұсыну бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 10,5 пайыз және өтімділікті алу бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 7,5 пайыз болады.

"Базалық мөлшерлеменің төмендеуі биыл мамыр-маусымдағы болжамдық раунд шеңберінде күтілгенге қарағанда 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта проинфляциялық тәуекелдердің әлсіреуіне және экономикалық белсенділіктің барынша күшті қысқаруына негізделді. Карантинді қатаңдату бойынша қабылданған шаралар қосымша дезинфляциялық әсер етеді.

Бұл ретте, базалық инфляция (trimmed mean) және 2020 жылғы маусымдағы медиандық инфляция барынша қалыпты серпінді, тиісінше 6,1 пайызды және 4,4 пайыз-ды көрсетеді. Жыл басынан бастап біртіндеп жеделдеуді (2019 жылғы желтоқсанда – тиісінше 5,2 пайыз және 4,3 пайыз) атап өткен жөн, бірақ, бұл ретте, базалық инфляция көрсеткіштері инфляцияның монетарлық құрауышының барынша қалыпты өсуі туралы белгі бере отырып, жалпы инфляциядан баяу өседі", - делінген хабарламада.

Долларландырудың өсу тәуекелдері айтарлықтай төмендеді, бұл мөлшерлемені төмендету үшін әлеуетті кеңейтті. Теңге активтерін қорғау бойынша жедел шаралар нәтижесінде биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша депозиттерді долларландыру алдын ала деректер бойынша 43,1 пайыздан 40,0 пайызға дейін төмендеді, бұл базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігіне де ықпал етеді.

Дәліздің тарылуы қаржы нарықтарындағы ахуалдың тұрақтануынан және экономиканың жаңа жағдайларға біртіндеп бейімделуінен туындады. Бұл шешім ақша нарығының мөлшерлемелерін базалық мөлшерлемеге жақындатуға мүмкіндік береді, ақша нарығы мөлшерлемелерінің құбылмалылығын төмендетуді қамтамасыз етеді және нарыққа қатысушыларда барынша тұрақты күтулерді қалыптастыруға ықпал етеді.

"Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі кредиттердің құнын төмендете отырып, өсірілген кредиттік тәуекелдерді белгілі бір дәрежеде өтеуге мүмкіндік береді. Ағымдағы шешім Қазақстан экономикасына карантинді күшейту жөніндегі шаралар салдарының ықпалын реттеуге мүмкіндік береді және Қазақстан экономикасының өсуін қалпына келтіру процесін қолдайды.

Жылдық инфляция болжамдарға сәйкес қалыптасады. 2020 жылғы маусымда ол 7,0 пайызды құрады. Жылдық мәнде бағаның өсуі 11,1 пайызды құраған азық-түлік тауарларының қымбаттауы инфляцияға негізгі үлес қосады. Бұл ретте айлық азық-түлік инфляциясы ағымдағы жылғы сәуірдегі 1,9 пайыздан маусымдағы 0,5 пайызға дейін бәсеңдейді. Маусымның қорытындысы бойынша жемістерге (23,0 пайыз), макарон өнімдеріне (15,3 пайыз), ет және ет өнімдеріне (14,0 пайыз), нан-тоқаш өнімдеріне және жармаларға (13,5 пайыз), балық және теңіз өнімдеріне (11,7 пайыз) ең үлкен жылдық өсім байқалады.

Инфляцияның басқа құрауыштары бағасының өсуі қалыпты болып қалуда. Азық-түлікке жатпайтын инфляция болжамдардан төмен қалыптасып, 5,4 пайыз болды. Баға өсімінің айлық серпіні тұрақты және 0,5 пайыздан аспайды. Карантин шараларының қолданылуы және халықтың нақты ақшалай кірістерінің құлдырауы аясында тұтынушылық мүмкіндігінің төмендеуі жағдайында азайған тұтынушылық сұраныс азық-түлікке жатпайтын инфляцияға тежеуіш әсер етеді. Ақылы қызметтер инфляциясы маусымда жылдық мәнде 3,0 пайыз болды.

Инфляциялық күтулер салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда. 2020 жылғы маусымда бір жыл бұрын инфляцияны саны бойынша бағалау 5,4 пайызды құрады. Келесі 12 ай ішінде баға өсімінің сақталуын не жеделдеуін күтетін респонденттердің үлесі 43 пайызға дейін (мамырда – 54 пайыз) төмендеді", - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Жалпы алғанда, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляцияның нақты серпіні болжамды бағалауға сәйкес келеді. 2020 жылдың соңында 8-8,5 пайыздық болжамды траектория шеңберінде кейінгі айларда жылдық инфляцияның одан әрі үдеуі күтіледі.

Карантинді күшейту жөніндегі шаралардан өскен дезинфляциялық нәтиже, сондай-ақ болжамдармен салыстырғанда ағымдағы жылғы 1-жыртыжылдықта ІЖӨ-нің барынша айтарлықтай төмендеуі 2021 жылы 4-6 пайыз нысаналы дәліздің жоғары шегіне қарай инфляцияның біртіндеп баяулауын қамтамасыз етеді.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!