Қазақстан Ұлттық банкі банктер мен ақша айырбастау пунктеріне алтын құймаларды сатуды уақытша тоқтатты. Бұл туралы ресми сұрауға берген жауапта айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстандағы ақша айырбастау пунктерінде аффинирленген алтын құймалары таусылды, деп хабарлады Ақша айырбастау пунктері қауымдастығының басшысы Арчин Ғалымбаев.
Ұлттық банк не дейді?
Ұлттық банктің баспасөз қызметі жауабында құйма дайындау – бұл өндіру, логистика және сату үдерістерінен тұратын көпсатылы процесс екені және бұл белгілі бір уақытты талап ететіні айтылған.
"Қазіргі уақытта өндірістік-логистикалық циклдің ерекшеліктеріне байланысты Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер мен банктік емес ақша айырбастау пунктерінің аффинирленген алтынның өлшемді құймаларын сатып алу бойынша өтінімдерін уақытша орындамай отыр.
Екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау пунктерінің өтінімдері өлшемді құймалар Ұлттық банктің филиалдарына түскен жағдайда белгіленген тәртіп бойынша қаралады", – делінген жауапта.
Ұлттық банк балама ретінде өздерінің өңірлік филиалдары арқылы комиссиясыз алтын мен күмістен жасалған инвестициялық монеталарды да сатып алуға болатынын атап өтті.
Сонымен қатар банктер мен ақша айырбастау пунктері қаптамасы бүтін болған жағдайда азаматтардан алтын құймаларын сатып алып, қайта сатуға мүмкіндігі бар.
"Өлшемді құймалар 2025 жылдың II тоқсанының аяғында келіп түседі деп күтіледі", – делінген Ұлттық банктің жауабында.
Фото ©Арчин Галимбаев
Алтынның бағасы қандай?
Алтын бағасы тарихта алғаш рет унциясына 3 330 доллардан асты. Нью-Йорктағы Comex биржасының деректеріне сүйенсек, соңғы күндері алтын фьючерстерінің құны сауда соғысының күшеюі мен АҚШ-тың сауда саясатына қатысты белгісіздік аясында инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артуына байланысты күрт өсіп жатыр.
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 17 сәуірде бір грамм алтынның құны – 55 421 теңге.
Елдегі ең ірі банктердің бірінің сайтында алтынның бір граммының сату бағасы 60 241 теңгеге жеткен.
Тағы бір банктің дерегіне сүйенсек, соңғы бір жылда Қазақстанда алтын құймаларын сату бағасы шамамен 62 пайызға өскен.
Ұлттық банк – жинақтау режимінде
11 сәуірде өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов реттеуші 19 ақпаннан бастап шетелге алтын сатуды тоқтатқанын мәлімдеді. Жыл басынан бері шамамен 8 тонна алтын сатылған.
"Біз алтынды сол көлемде сатып алып жатырмыз. Биылға Индустрия министрлігі бізге 67 тонна көлемінде жоспар берді. Бұл көлем әзірге тек сатып алынып, біздің қоймада сақталады. Біз сатпаймыз. Қазір біз жинақтау режиміндеміз", – деді Сүлейменов.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2024 жылы жалпы салмағы 2,5 тонна болатын 71 106 құйма сатылған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 84 пайызға артық.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!