Қазақстан Ұлттық банкі 24 шілдеде базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Маусымдағы төмендетуден кейін сарапшылардың көпшілігі реттеуші кідіріс жасап, оны 17 пайыз деңгейінде сақтайды деп күтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мөлшерлеме неге өзгеріссіз қалуы мүмкін?
Реттеушінің базалық мөлшерлеме мәселесі бойынша бұған дейінгі отырысы 5 маусымда өтті. Сол кезде мөлшерлеме бір пайыздық тармаққа төмендеп, 17 пайыз болған еді.
Жалпы алғанда, реттеуші маусымның басында осы жылдың аяғына арналған инфляция болжамын 9,5-11,5 пайыздан 9-11 пайызға дейін қайта қарады. Инфляция тәуекелдері әлі де бар, бірақ олар бұрынғыдан бәсеңдеді деп жазды реттеуші осыдан бір жарым ай бұрын. Базалық мөлшерлеме туралы шешім қабылдау кезінде дәл осы инфляция деңгейі негізгі көрсеткіш болып табылады.
Сарапшылар болжамы қандай?
Кезекті отырыс қарсаңында сарапшылар мен нарық қатысушылары бұл жолы Ұлттық банк төмендету үрдісін жалғастырмайды және мөлшерлемені 17 пайыз деңгейінде сақтайды деген ортақ пікірде. Экономист Руслан Сұлтанов өзінің Tengenomika Telegram-арнасында сыртқы ортаның белгісіздігіне (мұнай котировкаларының өсуі және жетекші әлемдік орталық банктердің қалыпты қатаң саясаты) назар аударды. Сұлтановтың пікірінше, Ұлттық банк ішкі инфляциямен қатар осы факторға да бағдарлануына тура келеді.
BCC Invest сарапшылары мөлшерелеменің 16,5-16 пайызға дейін одан әрі төмендеуін болжайды, бірақ тек қыркүйекте. Ұлттық банктің келесі отырысы 4 қыркүйекке жоспарланған. Сарапшылар бұл көрсеткіш кейін жыл аяғына дейін сақталады деп есептейді. Одан әрі төмендетуге сақталып отырған инфляциялық тәуекелдер кедергі келтіреді.
Сонымен қатар, Ұлттық банктің нарықтың кәсіби қатысушылары мен халықаралық институттар арасында жүргізген сауалнамасы бойынша, қатысушылар базалық мөлшерлеме деңгейіне қатысты бұрынғы болжамдарын өзгертпеген. Осы жылдың қорытындысы бойынша ол 16 пайыз деңгейінде қалса, 2027 жылы - 12,8 пайыз, ал 2028 жылы - 10,6 пайыз болады деп күтіледі.
Базалық мөлшерлеме қазақстандықтар үшін нені білдіреді?
Базалық мөлшерлеме экономикадағы ақшаның құнын анықтайды және банк нарығы үшін бағдар болып табылады. Кредиттер, ипотека, депозиттер, сондай-ақ мемлекеттік және корпоративтік қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемелері көбіне осыған байланысты болады.
Әдетте, базалық мөлшерлеме неғұрлым төмен болса, несиелер соғұрлым арзандайды, бірақ сонымен қатар банктегі салымдардың кірістілігі де біртіндеп төмендейді.