ҚР Ұлттық банкінің басшысы теңгемен ашылған депозиттердің мөлшерлемесінің өсу қажеттілігі бар деп есептейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл пікірді Данияр Ақышев Алматыдағы баспасөз мәслихаты кезінде айтты.
ҚР Ұлттық банкінің басшысы теңгемен ашылған депозиттердің мөлшерлемесінің өсу қажеттілігі бар деп есептейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл пікірді Данияр Ақышев Алматыдағы баспасөз мәслихаты кезінде айтты.
"Депутаттар жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктерде ұлттық валютада сақталатын депозиттері бойынша мөлшерлемесі жөніндегі көзқарасымызды сұрады. Менің ұстанымым былай болды - жеке тұлғалардың депозиті бойынша мөлшерлемесі макроэкономикалық іргелі факторларды көрсетуі тиіс. Негізгі фактор - инфляция деңгейі, бүгінде ол 12,8 пайызды құрайды. Шын мәнінде депозиттер бойынша мөлшерлемені өсіру қажеттілігі туындап отыр. Біз қазіргі уақытта осы мәселені талқылап жатырмыз, алдағы айдың ішінде шешімімізді жария етеміз", - деді Ақышев.
Еске салайық, осыған дейін Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев баспасөз мәслихатының алдында доллардың арзандауын кездейсоқтық деп атап, теңге бағамын нақтылы бір межеге жылжытып жатпағанын мәлімдеген болатын. Ал 22 желтоқсан күнгі KASE таңғы сессиясында доллар бағамы 336,66 теңгеге тең болды. Баспасөз мәслихаты Ұлттық банкте сауда 11.00-де аяқталған кезде басталды.
"Біз валюта нарығын баспасөз мәслихатына дайындамаймыз. Қазір валюта нарығы Ұлттық банктің қатысуынсыз реттеліп жатыр - бұл кездейсоқтық. Қазір қоғам ішкі параметрлердің өзгерісіне қатты мән береді. Тағы да айтқым келеді, бұл факторлардың әсерлері тікелей емес. Мұнай бағасының өзгеруі доллар бағамының өзгеруіне сол сәтте әсер етпейді. Бұл ешқандай теорияға сәйкес келмейді. Біз бағамды белгілі бір нүктеге өзгертіп отырған жоқпыз. Мұнай бізде экспорттың 60 пайызын ғана құрайды. Таңғы сессияда доллар бағамының 336,66 теңгемен жабылуы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Біз тек бағамның макроэкономикалық, іргелі факторлардан қаншалықты өзгергенін қарай аламыз", - деді Ақышев.