Қазақстан мен Ресей арасында сауда "қырқысы" жоқ. Мұндай позицияны ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан мен Ресей арасында сауда "қырқысы" жоқ. Мұндай позицияны ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ешқандай сауда қырқысы жоқ. Ресей - бізге ең жақын әрі тату ел. Ресей мен Беларусь - ықпалдастық толықтай жүріп жатыр. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген бар - егер қандай да бір азық-түлік (қандай елден болса да) қауіпсіздікті қамтамасыз ететін өлшемдерге сәйкес келмесе, ондай сәйкес келмейтін азық-түлікті ешкім тұтынғысы келмейді. Әңгіме Ресейге қатысты емес, сапасыз өнім шығаратын нақты кәсіпкерлерге байланысты. Ал мұны мемлекеттік саясат дәрежесіне көтеру сандырақ", - деді Өскенбаев, Парламент мәжілісінің кулуарында "Нұр Отан" партиясы фракциясының жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында Tengrinews.kz тілшісінің сұрағына жауап беріп.
Айта кетейік, 13 сәуірде "Коммерсант" басылымында Қазақстан мен Ресей сауда тыйымымен алмасты және келіспеушілік салдарынан сауда қырқысы басталайын деп жатыр деген ақпарат пайда болды.
Сонымен қатар, Өскенбаев кәсіпкерлер тарапынан жасалған қателіктердің бар екенін мәлімдеді, алайда оның қай елдікі екені маңызды емес.
"Бізбен тату, біріктірілген елдер бар. Сапасыз өнімін біздің дүкен сөрелерімізге қоятын сапасыз қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер бар. Ол қазақстандық кәсіпорын, ресейлік, америкалық, ағылшындық болса да бәрібір, оған байланысты емес. Біз үстелімізде сапасыз өнімнің тұрғанын қаламаймыз және оған жол бере алмаймыз, сапасыз қазақстандық өнім Ресейде немесе өзге де мемлекетте болса да. Сондықтан, Ресей емес "Иванов" ЖШС немесе "Мыржақпаев" ЖШС дұрыс істеген жоқ деу керек, біз олардың өнімін алып тастаймыз", - деді ұлттық экономика вице-министрі.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев, осыған ұқсас сұраққа жауап беріп тұрып, мұндай шаралардың арам ниетті кәсіпкерлерге бұған дейін де қолданылғанын айтты.
"Егер тауарлар талап етілген нормаларға сәйкес келмесе, оларды неге алып тастамасқа? Бұл Еуразиялық экономикалық одақ құжаттарында қарастырылған. Барлығы дұрыс жасалды. Өткен жылдың қорытындысына қараңызшы, - Роспотребнадзор жөнелтпе құжаттар мен таңбалауға сәйкес келмегені үшін қаншама тауарды алып тастады (...). Қазір көпшіліктің айтып жүрген "сауда қырқысы" ешқандай да соғыс емес. Біздің тұтынушылар тауарды қалай жеткізіп жүрді, солай жеткізіп жүр. Бекітілген талаптарға сай болу керек: техникалық регламент талаптарына, ветеринарлық сертификаттарға және өзге де құжаттарға. Егер тауардан бірдеңе табылса, демек оны ол жерде болдырмау керек. Бұл қалыпты дүние және одан драма жасаудың қажеті жоқ", - деді Көшербаев.
Еске сала кетейік, 11 сәуірде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Ресейдің бірқатар кондитерлік және май өнімдерінің техникалық регламенттерге сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Олардың қатарында "Красный октябрь" ААҚ өндірген "Аленка" шоколады, Липецк қаласының "Липецкая кондитерная фабрика "Рошен" ААҚ, Мәскеу облысының "Марс" ЖШҚ, Кемер облысының "Яшкино" КДВ ЖШҚ, Волгоград облысының "Руский бисквит" ЖАҚ, Белгород облысының "Славянка плюс" ЖШҚ кондитерлік бұйымдары бар. Сонымен қатар, "Оливковый" мен "Саратовский" майонездері мен "Золотая семечка" күнбағыс майының талапқа сай келмейтіні анықталды. Жоғарыда айтылған ресейлік өнімдер Қазақстандағы сауда айналымынан алынып тасталды.
Кейін (Роспотребнадзор) тұтынушылардың құқығын қорғау және адамның саулығын бақылау саласы бойынша федералдық қызметінің қазақстандық бірқатар тауарды нормативтік талаптарға сай келмейді деп танығаны белгілі болды.