Павлодарлық полицейлер кезекшілік кезінде бір күн ішінде екі бірдей тонау дерегін анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Павлодарлық полицейлер кезекшілік кезінде бір күн ішінде екі бірдей тонау дерегін анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"12 сәуір күні кезекшілік бөлімге қала тұрғынынан вокзал алдындағы алаңда белгісіз біреулер сөмкесін ұрлап кеткендігі туралы хабар түсті. Жәбірленуші әмиянында 5000 теңге ақша, Nokia ұялы телефоны мен опа-далап болғанын айтқан. Жедел іздестіру шаралары кезінде полицейлер 49 жастағы күдіктіні ұстады. Дәл сол күні облыс орталығының тағы бір тұрғыны хабарласып, Бектұров көшесінде сөмкесінен екі жігіттің 10 000 теңге ақшасын ұрлап кеткенін айтқан. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстары кезінде Жетекші ауылының 1976 және 1980 жылғы екі тұрғынын ізін суытпай ұстады. Ұрланған заттай деректер тәркіленді", - делінген баспасөз хабарламасында.
Полицейлердің айтуынша, аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілу үстінде. Күдіктілерден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.
Еске сала кетейік, осыған дейін Шымкент қаласында пәтер тонады деген үш күдікті Алматыда ұсталғанын хабарланған болатын. Полицейлердің анықтауы бойынша, күдіктілер өздерінің құйтырқы әрекеттерін бір сызбамен іске асырып отырған. Күндізгі уақытта пәтер иелерінің үйде болмағанын пайдаланған күдіктілер құралдарымен сыртқы есіктің құлпын бұзу арқылы ішке кіріп, жәбірленуші азаматтардың үйіндегі барлық бағалы затын, ақшасын, техника және алтын бұйымдарын ұрлап кетіп отырған. Сонымен қатар, полицейлердің мәліметінше, күдіктілер ұрланған заттарды сатып, одан түскен қаражатты өз қажеттеріне жаратқан.