Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы деп атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы деп атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Құрметті Президент, құрметті бауырым Нұрсұлтан Назарбаев, - деп бастады өз сөзін келіссөздердің қорытындысын жасаған Ердоған. - Өткен жылы Түркия президентінің инаугурациясында Сіз өзіңіз келіп қатыстыңыз және сондықтан бірге болғаныңыз үшін мен алғыс білдіргім келеді. Мен мұны былай бағалаймын: түркі әлемінің ақсақалы біздің достығымызға және екіжақты қарым-қатынасымызға, сонымен қатар біздің әріптестігімізге ерекше назар аударады".
Ол, сонымен қатар, үш жыл өткеннен кейін тағы да өз ата-бабаларының отанында екенін, ендігіде президент ретінде бақытты екенін атап өтті.
"Бүгінде айналымызда қауіп бар. Қауіпсіздіктің, тұрақтылық пен әл-ауқаттың символы саналатын Түркия мен Қазақстан міндетті түрде әріптестікте жұмыс істеуі керек. Достық қиын кезеңдерде көрінеді, сондықтан да біз стратегиялық әріптестікке мұқтаж Қазақстандағы бауырларымызбен бірге боламыз", - деді Ердоған.
Түркия президенті сапарының барысында Түркістан қаласына баруды жоспарлап отыр. "Ертең біздің ортақ мәдениетіміздің, құндылығымыздың рух берушіміз Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барамыз. Біз ертең оның алдында түрік халқының сәлемін жолдаймыз", - деді ол.
Сонымен қатар, Ердоған 26 сәуірге белгіленген президенттік сайлаудың тыныш жағдайда өтуін, оның Қазақстан халқының игілігіне шешілуін тіледі. "Әсіресе ел көшбасшысының, қазір жаңа Қазақстанның сәулетшісі саналатын құрметті Назарбаевтың ролін атап өткім келеді, оған сайлауда сәттілік тілеймін", - деді Түркия президенті.
Осыған дейін бүгін, 16 сәуірде Елбасының Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездескені хабарланған болатын.