ҰБТ тапсыруға тек бір мүмкіндік: министрден суицид жағдайлары туралы сұралды

ПОДЕЛИТЬСЯ

ҰБТ тапсыруға тек бір мүмкіндік: министрден суицид жағдайлары туралы сұралды Фото: instagram.com/testcenterkz

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) қайта тапсыруға тыйым салу жоспарланып отыр. Мұндай шешімнің салдары қандай болуы мүмкін екені Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен сұралды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) қайта тапсыруға тыйым салу жоспарланып отыр. Мұндай шешімнің салдары қандай болуы мүмкін екені Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен сұралды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"ҰБТ-ны тек бір рет тапсыруға рұқсат берілмек, алайда кейбір қазақстандықтар бұл шешімді қазірдің өзінде сынға алып, талапкерлер үшін үлкен стресс болады деп есептейді. Сіз бұл мәселені әріптестеріңізбен талқыладыңыз ба? Бұрынғыдай суицид оқиғалары көбейіп кетеді деп қорықпайсыз ба?" - деп сұрақ қойылды министрге Мәжілістегі брифингте.

Саясат Нұрбектің айтуынша, дүрбелеңге негіз жоқ. Биыл қазақстандықтар ҰБТ-ны әдеттегідей тапсырады. Алдағы уақытта оларда байқау сынақтары кезінде өз күшін сынап көру мүмкіндігі сақталады, бірақ қорытынды тестті тек бір рет тапсыруға болады.

"Осы жұмыс форматындағы кейінгі бес жылдың талдауы көрсеткендей, байқау тесттері - ең негізгісі, сондай-ақ психологиялық жеңілдік беретін мүмкіндік. Бірінші және екінші тест нәтижесінің айырмашылығы айтарлықтай үлкен емес. Яғни, бірінші және екінші тесттен кейін барып, ҰБТ балы түбегейлі өсіп кетті деуге негіз аз, өкінішке қарай, мұндай ықтималдық өте төмен", - деді Саясат Нұрбек.

Министр 2027 жылдан бастап қазақстандық талапкерлер үшін ҰБТ-ға балама ретінде Admission Insight Test (AIT) халықаралық тесті болатынын еске салды. Осы ретте журналистер "америкалық" тест нәтижесімен шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына түсуге болатын болса, ҰБТ тапсырудың не қажеті бар екенін нақтылады.

"Бұл жаңа тесттің мақсаты - ҰБТ-ны біртіндеп ығыстырып шығару. Барлығы талапкерлерімізге байланысты. Егер келесі жылдың өзінде көпшілігі жаңа тест тапсыра бастаса, меніңше, бірнеше жылдың ішінде (ол ҰБТ-ны алмастырады - ред. еск.), негізі бізде бес жылдық жоспар бар", - деді Нұрбек.

Бұған дейін министр Admission Insight Test тапсыру кезінде талапкерлердің білімі ғана емес, басқа да дағдылары мен жеке қасиеттері ескерілетінін айтқан болатын.

TengriEdu