19 сәуір 2022 17:15

Қаржы пирамидасына ақша салған адам қандай жағдайда жауапкершілікке тартылады?

Жансая Қадыржанова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото Tengrinews.kz/Әлихан Сариев Фото Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидаларына қатысты 65 іс тергеліп жатқанын, олардан үш мыңнан аса қазақстандық зардап шеккенін мәлімдеген еді. Кейін ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Нұр-Сұлтандағы ІІМ ғимараты маңында өз-өзін өртеп жіберген әйелдің ісіне қатысты пікір білдірді. Демек, қоғамдағы өзекті мәселенің бірі қаржы пирамидасы екенін анық байқауға болады.


Бұған дейін Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидаларына қатысты 65 іс тергеліп жатқанын, олардан үш мыңнан аса қазақстандық зардап шеккенін мәлімдеген еді. Кейін ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Нұр-Сұлтандағы ІІМ ғимараты маңында өз-өзін өртеп жіберген әйелдің ісіне қатысты пікір білдірді. Демек, қоғамдағы өзекті мәселенің бірі қаржы пирамидасы екенін анық байқауға болады.

ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаржы пирамидасының құрбаны болмау үшін неге назар аудару керегін айтқан еді. Бұл қатарда асығыс шешім қабылдамау, келісімшарттың үлгісін сұрау, үйде асықпай қарастыру, құжатты мұқият оқу секілді ескертулер айтылған. Сонымен қатар, кез келген құжаттың заңды күші бар ма анықтап, түсінбей ештеңеге қол қоймау керегін баса ескертеді.

Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі бірнеше заңгермен сөйлесіп, қандай жағдайда салымшы жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін сұрады.

Судья ретінде 25 жылдық тәжірибесі бар заңгер, құқық қорғаушы Абусейт Елекеев қаржы пирамидасына ақша салған салымшы қандай жағдайда жауапкершілікке тартылатынын түсіндірді.

"Қаржы пирамидасына ақша салған салымшы әдетте жауапкершілікке тартылмайды. Салымшы қаржы пирамидасы басқа мемлекетке, қоғамға әсері болса, салымшы қауіпті жағын біле тұра, оған ақша салса ғана жауапкершілікке тартылады. Басқа жағдайда жәбірленуші, сол қаржы пирамидасына алданған адам болады. Осы орайда қаржы пирамидасын құрған адам "қалай үгіттеді?" деген мәселені анықтау керек. Ұйымдастырушылар салымшыларды "пайда табу" секілді мәнде сеніміне кіріп, ақшасын тартса, онда сол мәселеге салымшы қағаз жүзінде көз жеткізуі қажет. Кейбір азаматтарымыз бұл мәселелерге мән бермейді, аңқаулықпен пирамиданың құрбанына айналып жатады", - деді ол.

Маман қаржы пирамидасына алданбас бұрын нені ескеру керегін жеткізді.

"Қаржы пирамидасы әдетте халық сеніміне кіріп, қызықтыратындай ұсыныстар айтып, әлеуметтік желі арқылы немесе басқа да тәсіл арқылы еш жерде тіркелмеген алаяқтық ұйымдар құрады. Салымшы қаржы ұйымының тіркелген немесе тіркелмегеніне көз жеткізу үшін құжаттарын талап етуі тиіс. Ал қаржы ұйымы Ұлттық банк арқылы тіркелген қаржы ұйымы екенін дәлелдейтін құжаттарын көрсетуі міндетті. Қаржы пирамидасына салым салған салушы алданған болып есептеледі", - деді ол.

Көп жағдайда ұйымдастырушы жауапкершілікке тартылады. Себебі ол салымшымен арада келісімшарт жасауы керек.

"Келісімшартта қандай қызмет арқылы пайда табатынын, оның қызметі үшін қандай қаржы алатынын және тапқан пайдасы үшін қанша есе пайда көретінін нақты көрсетуі тиіс. Салымшы мен ұйымдастырушы арасында келісімшарт болса, шарттың тиісті дәрежеде орындалмағаны үшін ұйымдастырушы жауапкершілікке тартылады", - деді ол.

Адвокат Эльнура Кишкенебаеваның айтуынша, қазір қоғамдағы өзекті мәселе - қаржы пирамидасы.

"Қарапайым халық оңай әрі тез ақша табудың жолын іздеп, салған ақшасын 2-3 еселеп шығарып аламын деп, жұлдыздардың жарнамаларына алданып жатады. Әрине, бұл халыққа қаржылық сауаттылық жетіспеушілігінен, берілген құжаттары мұқият оқымауынан, қарап таныспауынан немесе заңгерлерден кеңес алмауынан болады. Сонымен қатар, кез келген жарнаманы сүзгіден өткізіп, әбден тексермейді", - деді Эльнура Кишкенебаева.

Ол қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың мақсатын айтты. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың мақсаты табысы жоғары, жобаға сенетін, аңғал азаматтардан ақша тарту екенін түсіну керек. Бұл жағдай қаржылық шығындарға әкелуі әбден мүмкін. 

"Сол себепті бұл жерде, ұйымдастырушылар да, жарнамалаушылар да, оған сеніп, оңай жолмен ақша тапқысы келіп ақша салғандар да белгілі бір мөлшерде жауапкершілік арқалайды", - деп түсіндірді ол.

Адвокат заң білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын жеткізді.    

"Жұлдыздар жарнамалаған соң сеніп едім" деп алданған адам да жауапкершіліктен құтылмайды. Сондықтан әрқашан әрбір істеген іс-әрекетіңізді ойланып, зерттеп-зерделеп шешкеніңіз жөн", - деді маман.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети