Қазақстанға ең көп инвестиция құятын елдердің тізімі жария болды

21 Маусым, 14:36
0
Қазақстанға ең көп инвестиция құятын елдердің тізімі жария болды - tengrinews.kz фотоколлажы
tengrinews.kz фотоколлажы

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Үкімет баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ерлан Көшербаевтың айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда тартылатын тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша көш басында. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 320 ммиллиард доллардан аса тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. 2018 жылы өткен жылдармен салыстырғанда, инвестициялардың жалпы ағымы 15,8 пайызға артып, 24,3 миллиард доллар болды.

ҚР СІМ инвестициялар комитетінің төрағасы Бақыт Батырашевтің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша негізгі инвесторлар келесі елдер болып қалып отыр: Нидерланды - 7,3 миллиард доллар, АҚШ - 5,3 миллиард доллар, Швейцария - 2,5 миллиард доллар, Ресей - 1,5 миллиард доллар, Қытай - 1,5 миллиард доллар, Бельгия - 1,0 миллиард доллар, Франция - 0,9 миллиард долллар, Ұлыбритания - 0,6 миллиард доллар, Корея - 0,5 миллиард доллар.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылдың желтоқсан айында инвестициялар тарту қызметі Сыртқы істер министрлігіне берілді. Бұл шешім әлемде инвестициялар үшін бәсекелестіктің артуы жағдайында біздің еліміздің одан әрі дамуы бойынша өршіл міндеттерге қол жеткізу аясында уақытылы қабылданған шешім болды.

"Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент Қ. Тоқаев инвестицияларды тарту және қорғау, іскерлік белсенділікті ынталандыру және  орташа тапты кеңінен қалыптастыру қажеттігін атап өткен еді. Инвестициялар тарту - бұл жаңа жұмыс орындарын құру, қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыру, инновациялық технологиялар трансферті, сонымен қатар мемлекет бюджетіне салық түсімдерін ұлғайту. Яғни, біздің жұмысымыз қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге оң әсерін тигізеді", - деді Ерлан Көшербаев.

Осы міндеттері орындау мақсатында шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жаңа жүйе жасалды, ол үнемі жетілдіріледі. 

Жаңа жүйе аясында шетелдік мекемелермен өзара іс-қимылды күшейту және бұл инфрақұрылымды инвестициялар тартудың негізгі құралдарының бірі ретінде пайдалану қарастырылған. Қазақстанның шетелде 93 миссиясы бар, қазіргі кезде олардың барлығы жаңа инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмысқа бағдарланған.

Шетелдік мекеме-орталық-өңір форматында үш деңгейлі жүйе жасалған, бұл әрбір инвестормен және жобамен әрбір деңгейде нақты жұмыс жасауға мүмкіндік береді.  Мұндай механизм өңірлерден жобаларды тікелей шетелдік мекемелерге әлеуетті инвесторларды іздеу үшін жеткізуге және керісінше жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар елімізге инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізетін институттар да бар.  Олар - Kazakh Invest ұлттық компаниясы, "Астана" Халықаралық қаржы орталығы, Тікелей инвестициялар қоры.

Сондай-ақ жаңа жүйе аясында әлеуетті инвесторлардың елдерін қамту гоеграфиясын кеңейту қарастырылған. Экономиканың басымдықты секторларына тарту үшін 40 инвестор ел айқындалды. Озық елдерге баса назар аударылды. Олар - АҚШ, Германия, Жапония.

Жалпы, жыл басынан бері шетелдік мекемелер 1000-нан аса кездесулер өткізіп, іске асырылу әлеуеті жоғары 128 жоба нақтыланды.

Бұдан өзге, жыл басынан бері 17 инвестициялық іс-шара өткізілді, олардың алаңында бірқатар маңызды стратегиялық құжаттарға қол қойылды.

Барлық өңірлерде фронт-офистер құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, онда рұқсат беретін барлық жауапты органдар шоғырландырылатын болады. Инвесторға тек "бір терезеге" жүгіну қажет,  сонда ол өзінің жобасын іске асыруға қажетті барлық көмекті ала алады.

"Сонымен қатар біз фронт-офистердің елшіліктермен тікелей байланыса алуына жағдай жасауға ұмтыламыз. Мысалы, егер, Елшілікке инвестор келсе және инвесторлар үшін қажетті қандай да бір өңірде қандай да бір коммуникацияларды қосу, осы коммуникациялардың болуы, электр және жылу қуаттылықтарының қажеттілігі туралы мәселе туындаса, онда Елшілік тікелей сұрау салып, форнт-офистермен байланысқа түсе алады. Жұмыстар жалғастырылуда. Біз шілде айында оны аяқтаймыз деп отырмыз. Жыл соңына дейін фронт-офистер барлық өңірлерде құрылуы керек", - деді министрдің орынбасары.  

Оның айтуынша, Стратегиялық инвесторлар жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған, оның қызметі Қазақстан нарығына ірі инвесторларды енгізу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Кеңес Үкіметтің барлық құрамын қамтиды және кез келген шешім бірлесіп қабылданады. Биылғы 26 маусымда Кеңестің алғашқы отырысы өтеді. Күн тәртібінде - инвестициялық саясатты жетілдіру бойынша бес маңызды мәселе.

Сонымен қатар, Ерлан Көшербаев Министрліктің мақсаты инвесторларды табумен қатар, оларды экономиканың аса маңызды секторларына тарту екенін айтты. Ірі жобаларды іске асыруға елеулі қорлары бар басым салалар анықталды. Бұл - азық-түлік өнеркәсібі, агрохимия, ауыл шаруашылығы машинасын жасау, газ химиясы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, тау-кен металлургия кешені. Қазіргі таңда ҚР СІМ Kazakh Invest ұлттық компаниясымен бірлесіп аталған салаларда жобаларды пысықтап жатыр.  

"Біз Қазақстан нарығына кірген барлық инвесторларға жәрдемдесуге әрқашан да дайынбыз, сондай-ақ инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға әзірміз. Бұл - салық жеңілдіктері, инвестициялық преференциялар, заттай гранттар", - деді Ерлан Көшербаев.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай