23 қараша 2021 11:05

"Онлайн оқу балалардың даралық қасиетін дамытады" - Teaching for heroes жобасының авторы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматылық оқушы, Teaching for heroes ("Батырларға арналған оқу") қайырымдылық онлайн-мектебінің негізін қалаушы Илья Кан Tengrinews.kz порталындағы "Оnline мектеп" жобасы аясында қашықтан оқудың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы айтып берді. 


Алматылық оқушы, Teaching for heroes ("Батырларға арналған оқу") қайырымдылық онлайн-мектебінің негізін қалаушы Илья Кан Tengrinews.kz порталындағы "Оnline мектеп" жобасы аясында қашықтан оқудың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы айтып берді. 

Илья 2020 жылдың шілдесінде ағылшын тілін үйрену бойынша онлайн мектеп ашқан. Бастапқыда онда қазақстандық дәрігерлердің балалары ғана оқуы керек еді, жігіт осылайша ауруханада танысқан медбикеге алғыс айтқысы келген. Алайда көп ұзамай оқушылар контингенті кеңейе бастады, тізімге қосымша сабақтарға ата-анасының қалтасы көтермейтіндер қосылды. 

Еріктілердің көбі Oxford, Harvard, Brown, UCL және басқа да атақты университеттердің студенттері мен түлектері. Сабақтар арнайы платформада онлайн режимінде видеочат арқылы өтеді. 

Қазір ағылшын тілі мектебінде бес мыңға жуық студент оқиды, 3-4 мыңға жуық ерікті жұмыс істейді. Аптасына 150-170 сабақ өтеді.

Илья жобада бірыңғай оқыту әдістемесі жоқ екенін айтты. Басты талап - сабақ қызық өтуі тиіс.

"Әдістеме еріктіге байланысты. Біз қолдануды сұрайтын нақты әдістеме жоқ. Әркімдікі әр қалай: кейбіреуі кітаптар, музыка арқылы, біреу веб-сайт арқылы, видеомен үйретеді. Ең бастысы - қызықты өтуі тиіс және барлық материал оқушыға арналуы керек. Мысалы, оқушыға музыка ұнаса, көбіне әнге басымдық беріледі. Жануарлар ұнаса, онда жануарлар туралы кітаптар мен видеолар болады. Әр оқушыға волонтер жеке кесте жасайды", - дейді ол.

Илья Кан онлайн оқытудың артықшылығын атады.

"Онлайн білім берудің артықшылықтарының бірі - оның қолжетімділігі. Сен әлемнің кез келген жерінде жүріп сабаққа кіре аласың, телефон мен Интернет ғана керек. Бұл офлайн форматпен салыстырғандағы артықшылығы, өйткені сенің қайда туып, қайда тұратының маңызды емес. Барлығы кіріп, оқи алады", - дейді оқушы. Ол онлайн режимдегі оқу балалардың даралық қасиетін дамытатынын да айтты. 

Алайда, Ильяның сөзінше, дәстүрлі білім беруден бас тартуға әлі ерте. "Мен былтыр онлайн оқыдым, айырмашылық бар деп ойлаймын. Дәстүрлі офлайн білім беру жүйесі қазір мықтырақ. Сондықтан әлі толығымен онлайн режимге оте алмаймыз деп ойлаймын. Әсіресе балаларға контакт қажет. Сыныпта отырып, сабаққа қатысып, басқа балалармен қарым-қатынас орнату керек. Интернеттегі чатта мұндай атмосфераны құру өте қиын", - дейді кейіпкеріміз.

Teaching for heroes жобасының балалары өмірде араласуы үшін жазда коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлердің балаларына арналған лагерь ұйымдастырылды. Еріктілер ағылшын тілі сабақтарын, мастер-кластар, арт-терапия, спорттық ойындар, билер ұйымдастырды. Лагерьге алматылық дәрігерлердің отбасынан 30 бала келді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от АНГЛИЙСКИЙ ДЛЯ ДЕТЕЙ (@teachingforheroes)

Илья жоба бойынша алдағы жоспарын бөлісті. Қазір ол мектеп бітіріп, АҚШ-та университетке түсуге дайындалып жүр. Оқуға түскеннен кейін жобаға шындап кіріспек. 

"Мен болашақта, биыл емес, жобаға шындап кіріскім келеді. Себебі қазір қиындық көп. Ішінара, бізден де қате бар, бағдарламашылар жұмысында қалыс қалған тұстары бойынша да техникалық қиындықтар бар. Сондықтан жоба әлі мінсіз емес. Мен қазір UPenn-ге (Пенсильвания университеті) түскім келеді. Онда студенттерге қайырымдылық жобаларын басқару курстары беріледі, менеджмент бар, әлеуметтік желілерді қалай дамыту керек, еріктілерді қалай таңдау керегі үйретіледі. Қайырымдылыққа қызығатын студенттер көп болады. Сол жаққа түсіп кетсем, олармен жұмыс істеп, бірігіп бір нәрсе жасай алатын едік. Жоба қатесіз, проблемасыз дайын болуы үшін пысықтағым келеді", - деді ол.

Tengrinews.kz "Online мектеп" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Оның аясында сайтта білім беру мен психология саласындағы мамандармен онлайн оқыту ерекшеліктері тақырыбында материалдар жарияланады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.77   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети