1. Басты
  2. Біл
  3. Өмір
  4. Шоу-бизнес

Ғаділбек Жаңай 2 сағат бойы радио арқылы жанды дауыста концерт берді

"Жұлдыз FM"-ның бүгінгі шығарылымы ерекше өтті. Себебі бүгінгі бағдарламада әнші Ғаділбек Жаңай 2 сағат бойы жанды дауыста концерт берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

"Таңғы шоу" жүргізушілерінің айтуынша, бүгінгі шығарылымның ерекшелігі - Қазақстан радиоларының тарихында алғаш рет тікелей эфирде радио-концерт форматы қолданылды. 

Бағдарлама барысында әнші "Есте сақта", "Жылама жаным", "Бір келіп", "Ханшайымым" атты әндерін жанды дауыста орындады. 

Сонымен қатар, "Таңғы шоу" бағдарламасының бүгінгі шығарылымында Ғаділбек Жаңай алғашқы "Айналайын" атты альбомының тұсауын кесті. Бағдарлама барысында әнші жанды дауыста өнер көрсетіп, сонымен қатар, жүргізушілерге сұхбат беріп, репертуарындағы әндері туралы айтып берді. Әнші альбомның неліктен "Айналайын" деп аталғанын түсіндіріп берді. 

"Қазақтың әдемі "айналайын" деген сөзімен бастауды жөн көрдік. Оның үстіне "Айналайын" деген ән бар. Сол әнге байланысты осы атауды бердік. Айналайын деген сөзді біз көп жағдайда айтпаймыз. Әжелеріміз, аталарымыз айтады деп қана ойлаймыз", - дейді әнші. 

Әнші ең бірінші репертуарындағы "Есте сақта" атты әнін жанды дауыста орындады. Ғаділбек Жаңайдың айтуынша, алғашында әнші бұл әнін жарыққа шығарғысы келмеген екен. 

"Осы әнді өңдеп берген досым "осындай ән бар еді" деп тыңдатқан кезінде өте қатты ұнады. Төрт сағат бойы мен жанында отырдым, маған аранжировкасын дайындап берді. Сол жерден даусын жаздық. Қанша уақыт отырғанымды білмеймін, мүмкін миым шаршаған шығар. Басынан аяғына дейін сол студияда отырдым. Бір кезде басында қатты ұнап келе жатқан әнді тыңдап-тыңдап жыным келіп кетті. Досыма әнді айтқым келмей қалғанын айттым. 

(...) Досым "мынадай әнді қалай өшіре саласың? Егер бұл ән халық арасында хит болып тарамаса мен онда мына жұмысымды тастаймын" деді. Сөйтіп, бұл ән - келісім бойынша шыққан ән", - дейді әнші. 

Әншінің айтуынша, бұл альбом 13 жылдан кейін шыққан. Әнжинақ жалпы сатылымға шықпайды, тек арнайы платформаларда шығады. Альбомда екі диск - бірі концерттік жазба болса, бірі арнайы студияда жазылған әндер екен. Екі дисктен құралған әнжинақта барлығы 28 ән бар. Әншінің айтуынша, альбомды дайындауға жарты жылдай уақыт кеткен.