Елордада "Медина" тұрғын үй кешенінің лифтінде ерсі әрекет жасаған тұрғын ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Елордада "Медина" тұрғын үй кешенінің лифтінде ерсі әрекет жасаған тұрғын ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желіде жүргізілген мониторинг барысында лифт есігіне түкірген ер адам анықталған. Оны Сарыарқа аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ұстады. Ол 22 жастағы елорда тұрғыны болып шықты.
"Ақан сері көшесіндегі "Медина" тұрғын үй кешенінде бір топ жігіт лифтке кіріп, біреуі есікке түкіре бастаған. Қоғамдық орынды ластап, айналасындағыларға әдепсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған ер адамға қатысты ҚР ҚК-ның 434-бабын 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша әкімшілік іс қозғалды", - делінген хабарламада.
Ұсақ бұзақылық бабы бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Материалдар шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданған.
"Сонымен қатар, қоғамдық орынға масаң күйде шыққаны үшін ҚР ҚК-ның 440-бабы бойынша хаттама жасалып, айыппұл салынды. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бұзғаны және ортақ мүлікке зиян келтіргені үшін жауапкершілік барын ескертеді", - деді полиция өкілі.
Бұған дейін Нұр-Сұлтандағы "Медина" тұрғын үй кешенінің лифтінде болған оқиға видеосы Желіде жарияланғаны хабарланған болатын. Видеодағы лифтке кірген үшеудің әрекеті жұрттың ашуын келтірді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!