Шымкентте дәрігерлер жансақтау бөлімінде 20 минут ішінде жүрегі төрт рет тоқтаған 65 жастағы науқасты аман алып қалды, деп хабарлайды TengriHealth қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Не болды?
№1 қалалық клиникалық ауруханасына зейнеткер ауыр халде түскен. Дәрігерлер оған өкпе артериясының тромбоэмболиясы (ТЭЛА) диагнозын қойды - бұл өкпе тамырлары тромбпен бітеліп қалған қауіпті жағдай.
Ведомство мәліметінше, жансақтау бөлімінде науқастың жағдайы күрт нашарлап, 20 минуттың ішінде жүрегі төрт рет тоқтаған.
"Соған қарамастан, дәрігерлер 4 рет дер кезінде және сәтті реанимациялық көмек көрсетіп, науқастың өмірін сақтап қалды", - делінген хабарламада.
Науқас жансақтау бөлімінде бір айдан астам уақыт жатты. 7 мамырда ер адамның жағдайы жақсарып, аман-есен үйіне шығарылды.
Бұған дейін Алматыда дәрігерлер 15 сантиметрлік жылауық (киста) іріңін тазартып, ұйқы безінің ауыр асқынуына шалдыққан 45 жастағы пациентті аман алып қалған болатын. Бұл жағдай клиника тәжірибесінде мұндай алғашқы оқиға болды.
Тағы оқыңыз:
Семейде пневмониямен ауруханаға түскен әйелден 6 келілік ісік анықталды
БАД-тармен емделген: Алматыда зейнеткерден 25 келіге жуық ісік алынды