“Лафа бітті“. МӘМСҚ-ның жаңа басшысымен көлемді сұхбат

ПОДЕЛИТЬСЯ

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) төрағасы Гүлмира Сәбденбек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) төрағасы Гүлмира Сәбденбек. Фото: Tengrinews.kz/Әлімжан Аманжол

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры соңғы уақытта МӘМС жүйесі құрылғаннан бергі ең ауыр әрі ұзаққа созылған репутациялық дағдарыстардың бірін бастан өткеріп жатыр. Жалған жазбалар, көрсетілмеген қызметтер, қылмыстық істер, клиникалар жұмысына қатысты ескертулер мен пациенттерден түскен шағымдар легі. Осы жағдайлар аясында 2026 жылдың қаңтарында ӘМСҚ Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағынан Қаржы министрлігінің басқаруына өтті.


Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры соңғы уақытта МӘМС жүйесі құрылғаннан бергі ең ауыр әрі ұзаққа созылған репутациялық дағдарыстардың бірін бастан өткеріп жатыр. Жалған жазбалар, көрсетілмеген қызметтер, қылмыстық істер, клиникалар жұмысына қатысты ескертулер мен пациенттерден түскен шағымдар легі. Осы жағдайлар аясында 2026 жылдың қаңтарында ӘМСҚ Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағынан Қаржы министрлігінің басқаруына өтті.

Қордың жаңа төрағасы Гүлмира Сәбденбек болды. Ол - ӘМСҚ-ның тоғызыншы басшысы. Осы қызметтегі алғашқы үлкен сұхбатында ол TengriHealth тілшісіне қорды басқаруға неге келіскенін, жалған жазбаларға кім кінәлі екенін, ӘМСҚ-ның неге Қаржы министрлігіне берілгенін, жаңа Qalqan цифрлық платформасы қандай болатынын, пациенттер жүйенің өздері үшін жұмыс істеп жатқанын неге сезбейтінін айтып берді және "тыныш отыра тұруды" көздейтіндерге үндеу жасады.

Председатель ФСМС Гульмира СабденбекӘМСҚ төрағасы Гүлмира Сәбденбек. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

"Мұнда келуге мақсатты түрде ұмтылған жоқпын"

- Гүлмира Сәбденбекқызы, тағайындалуыңыз қалай болды? 

- Тағайындаудың өзі күтпеген жағдай болды. Бірақ Президент Әкімшілігінде жұмыс істеген кезімде жеті жылға жуық әлеуметтік саланы, оның ішінде денсаулық сақтау саласын қадағалап, Мемлекет басшысына МӘМС-тің жай-күйі туралы тікелей баяндап отырғанымды ескерсек, мен бұл жүйенің бастауында тұрдым деуге болады.

Бұдан бөлек, медициналық білімім бар - мен дәрігермін. Меніңше, бұл да осы лауазымға менің кандидатурамды таңдаудағы негізгі факторлардың бірі болды.

Бірақ, әрине, мұнда келуге мақсатты түрде ұмтылған жоқпын. Ол анық. Барлық факторды және істің бүге-шігесін ескере отырып айтып отырмын.

- Яғни, бұл бас тартуға болмайтын ұсыныс болды ма?

- Солай болды десе де болады. Маған қаржы министрі қоңырау шалды. Бұл МӘМС-тің денсаулық сақтау жүйесінен Қаржы министрлігіне берілуі қарсаңындағы күндер еді. Кандидатуралар қаралды, солардың бірі мен болдым. Мені бұған осылай бағыттады.

- Сіз қордың тоғызыншы басшысысыз. Сізге дейін бұл лауазымды Айдын Құлсейітов атқарды. Ол неге қызметінен босатылды?

Анықтама: Айдын Құлсейітов ӘМСҚ басшылығына 2025 жылдың сәуірінде отырды. Оның өкілеттігі 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап мерзімінен бұрын тоқтатылды - ол бұл қызметте сегіз айдай жұмыс істеді. Ол кеткеннен кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қормен "түсініспеушіліктің" бір себебі қызметкерлердің жалақысын одан ары өсіру болғанын, кейінірек - қордың жалғыз акционері, яғни Денсаулық сақтау министрлігімен келісілмеген әрекеттері болғанын мәлімдеді.

- Мен фамилиялар мен жеке тұлғаларға тоқталғым келмейді. Мәселе оларда емес. Мұны медициналық қателіктермен салыстыруға болады: олар ешқашан біреудің зұлым ниетінен болмайды. Бұл - жүйелі проблемалардың салдары.

Құлсейітовтің орнында кез келген адам болуы мүмкін еді. Айдын Жеңісұлы болмаса - басқа басшы болар еді, бірақ жағдай бәрібір осылай аяқталуы ықтимал еді.

Менің міндетім - бұрынғы қызметтен қандай да бір кемшілік іздеу емес, дәл ӘМСҚ басшысына байланысты дүниелерді жүйелі түрде түзету.

Сонымен қатар, менің ізашарларым да көп жұмыс атқарғанын айтқым келеді, бірақ МӘМС өте қиын жағдайда енгізілді.

Біріншіден, бұл пандемиямен тұспа-тұс келді (медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды жұмыс істей бастады - ред. ескертпесі).

Екіншіден, цифрландыру бойынша техникалық проблемалар болды.

Үшіншіден, халық ӘМСҚ-ның философиясын соңына дейін түсінбеді. Көптеген адам "көлеңкеде" жұмыс істейді және қорға жарна төлемейді. Нәтижесінде, негізгі жүктеме ресми түрде табыс тауып, салық пен аударымдарды төлеп отырған 5,5 миллион адамға түседі.

Осы факторлардың жиынтығы ӘМСҚ басшыларының жиі ауысуына алып келді. 

- Қорға келіп, жүйені ішінен көргенде сізді не көбірек таңғалдырды? Жалған жазбалар ма, бақылаудың әлсіздігі ме, әлде шашыраңқы IT-жүйелер ме? Немесе қордың пациент мүлдем алмаған қызметтер үшін жылдар бойы ақы төлеп келгені ме?

- Ашығын айтқанда, аталған факторлар мені таңғалдырған жоқ. Олар, керісінше, аурудың белгілері (симптомдары) іспеттес.

Мені көбірек мазалағаны - МӘМС-тің архитектурасы осының бәріне жол беретіндей етіп құрылғандығы.

Бұл - жылдар бойы жұмыс істеп, соңында қазіргі жағдайымызға алып келген құрылым.

Ең қауіптісі - біз заңбұзушылықтар туралы оқиға болып қойғаннан кейін ғана біліп отырдық: пациенттердің шағымдарынан, қылмыстық істерден және тағы басқалардан. Жүйе өте ауыр болғандықтан, оларды уақтылы анықтай алмады.

Бұған алғышарттарды бастапқыда жүйенің өзі жасаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы, 3,7 триллион теңге, әкімшілендіру

- Қаңтарда медициналық сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігінен Қаржы министрлігінің басқаруына берілді. Бұл неге олай болды? Ең бастысы - бұдан не өзгереді?

- Әрқашан бидайды арамшөптен ажырата білу керек. Қордың Қаржы министрлігіне берілуі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) өз миссиясын құрылымдық тұрғыдан өзгертетінін білдірмейді. Ол халық үшін денсаулық сақтаудың қолжетімділігін қамтамасыз ететін ұйым ретінде қала береді.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл шешім жаңалық емес. Тек ӘМСҚ-ны басқару мен қаржыландыру қазір Қаржы министрлігінің жүйесіне біріктіріліп жатыр - бұл дұрыс қадам.

Денсаулық сақтау министрлігінде шамамен 3,7 триллион теңгені (қор басқаратын қаражат - ред. ескертпесі) бақылау үшін қажетті технологиялық платформа жоқ. Бұл - орасан зор сома мен мәліметтер базасы, ал Қаржы министрлігінде қазіргі уақытта ең мықты ақпараттық жүйелердің бірі бар.

Екіншіден, Қаржы министрлігінің Денсаулық сақтау министрлігінде жоқ көптеген мәлімет базасына, мысалы, Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) қолжетімділігі бар. Олар алғашқы кезеңде-ақ кейбір жалған есептерді өткізбеуге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, біз жай ғана ақша жинаушы және оны үлестіруші оператор рөлінен денсаулық сақтауды қаржыландыруды интеллектуалды басқаруға көшуіміз керек. Бұл, сайып келгенде, Қаржы министрлігінің құзыреті.

Журналист Рабиға Дүйсенғұлова мен Гүлмира Сәбденбек. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Техникалық тұрғыдан ӘМСҚ Қаржы министрлігінің жүйесіне интеграцияланады. Бұл медициналық ұйымнан қазынашылыққа дейін артық делдалсыз тікелей құрылымды (қызметтерді төлеу - ред. ескертпесі) жасауға мүмкіндік береді.

Қазір медициналық қызмет көрсетілген сәттен бастап оның ақысы төленгенге дейін 3–4 ай өтеді. Идеалды жағдайда мен мінсіз жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың биллинг принципі бойынша қаржыландырылғанын қалар едім: қызмет көрсетілді - ақша алынды.

- Денсаулық сақтау министрлігі істі атқара алмады деп айтуға бола ма: триллиондаған теңге, екі мыңға жуық медициналық ұйым, күрделі жүйені әкімшілендіру? Жүйе қай жерде және қашан қателік жіберді?

- Министрлікке қатысты айтылып жатқан түрлі пікірлер мен сынға қарамастан, мен Денсаулық сақтау министрлігі істі атқара алмады деген көзқарасты қолдамаймын.

Медициналық сақтандыруды енгізу - өте ауқымды реформа. Бюджеттік модельден әлеуметтік модельге көшу - үлкен қадам. Және бұл пандемия кезеңіне тұспа-тұс келді.

Меніңше, Денсаулық сақтау министрлігі өз міндетін негізінен орындады. Бестікке деп айта алмаймын, бірақ соған қарамастан - бұл жүйе енгізілген ресурстар мен жағдайларды ескерсек, бұл нағыз "идеал дауыл" жағдайы болды.

Сондықтан тағы да қайталаймын: жоқ, мен Денсаулық сақтау министрлігі істі атқара алмады деп айта алмаймын.

"Жауапкершілік тек бір тарапта емес"

- Қордың қайтыс болған адамдарды емдегені және жалған қызметтер үшін ақы төлегеніне қазір кім жеке жауапты? Әлде жүйе тағы да "материалдар Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді" деген сөздермен ғана шектеле ме? Негізінде кім кінәлі?

- Әрине, біз тек бұл сөздермен шектеле алмаймыз. Бірақ жауапкершілік тек бір адамға ғана жүктелмейді: әр деңгейде өз жауапты тұлғасы бар.

Медициналық ұйымда - бұл, бәлкім, іс жүзінде жасалмаған ем-шара туралы деректерді ақпараттық жүйеге енгізген маман. Есептілікті растаған бас дәрігер.

Бұдан әрі - осындай заңбұзушылықтарға алғышарттар жасаған жүйенің өзі. Медициналық қызметтерге төленетін сәйкес келмейтін (төмен тарифтер меңзеледі - ред. ескертпесі) тарифтерді де бөлек атап өту керек. Қазақстанның денсаулық сақтау саласы тарихи түрде жеткілікті қаржыландырылмаған.

Жүйеге ақша ағыны келгенде - МӘМС есебінен жылына қосымша шамамен бір триллион теңгедей - клиникалар белгілі бір соманы алу үшін жұмыс көлемін қолдан көбейте бастады. Өйткені тарифтердің өзі медициналық көмектің құнын өтемейді. Сондықтан, күн көру үшін кейбір клиникалар жалған есептер жасауға мәжбүр болды.

Бұл жерде нақты аражігін ажыратып алу керек: бұл медициналық ұйымның қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін жасалған мәжбүрлі қадам ба, әлде ақшаны жылыстату ма? Қалай болғанда да - бұл заңбұзушылық, біз оларды тарифтермен де, қиын жағдайлармен де ақтап алмаймыз. Оларға төзімділік нөлдік деңгейде.

Алғышарттардың өзін жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Медициналық ұйым деңгейінде сіз айтып отырған сорақы дүниелерді жасауға автоматты түрде жол бермейтін сүзгілерді енгіземіз.

- Ер адамдарға гинекологиялық қызметтер қалай жазылып кеткен? Бұл ашық қателік пе, әлде не?

- Меніңше, бұл жүйеде белгілі бір уақытта қалыптасқан жазасыздықтан болды. Қор заңбұзушылықтарды тіркегенімен, одан әрі ештеңе жасалмады. Егер мониторингтерге ретроспективті түрде қарасаңыз, мұндай анықталған фактілер бойынша іс жүзінде ешқандай қозғалыс болмаған.

- Ал қазір ше?

- Қазір бұл техникалық тұрғыдан мүмкін емес, медициналық ұйым деңгейінде мұндай ақпаратты енгізуге болмайды. Жүйе оны бұғаттайды.

- Жалпы, жалған жазбалар қалай жасалды? Қандай схемалар болды?

- Заң бойынша қор халыққа белгілі бір көлемде қызмет көрсетуге міндеттеме алған медициналық ұйыммен тікелей келісімшарт жасайды. Соңғы уақытқа дейін жүйе бұл жұмысты тіпті құжатта көрсетілген медициналық көмек көлемін орындауға ресурстары жоқ клиникамен де жасасуға мүмкіндік беріп келді.

Не болды? Мұндай клиника КТ, МРТ немесе басқа да қызметтерді көрсетеді-мыс деп өзге ұйымдармен - бірлесіп орындаушылармен жалған келісімшарттар жасасқан. Осылайша ақша жымқыру басталды. Қормен келісімшарты бар клиникаға халықтың белгілі бір бөлігін "тіркеп", жалған қызметтер "көрсеткен", ал ақша екінші компания арқылы шығарылып отырған.

Өздеріңіз де білетін шығарсыз: жақында Астанадағы бір емхананың атышулы болды, қазір оның басшылығы тергеу аясында. Бұл дәл біз айтып отырған ақшаны, оның ішінде өте қомақты соманы мақсатты түрде жымқыру жағдайы.

Анықтама: 2026 жылғы қаңтарда Астана соты азаматтарды жекеменшік медициналық ұйымға жалған тіркеу ісі бойынша үкім шығарды. Сот нұсқасы бойынша, 2023 жылдың сәуір-шілде айлары аралығында клиника құрылтайшысы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы филиалының маманымен бірлесіп, медициналық ұйымға 15 мыңнан аса адамды заңсыз тіркеген. МӘМС қорына келтірілген шығын көлемі 80 миллион теңгеге жуық деп бағаланды. Сотталушылар кінәсін мойындады. Құрылтайшы бес жылға, оның сыбайласы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Глава фонда медстрахования Гульмира СабденбекГүлмира Сәбденбек. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

МӘМС 2.0: жаңа жүйе ме, әлде жаңа атау ма?

- Наурызда сіздер МӘМС 2.0 жаңа моделін және Qalqan жаңа ақпараттық платформасын таныстырдыңыздар. Осы реформаның арқасында МӘМС қоры 255 миллиард теңгені үнемдей алатыны айтылды. Егер жүйе соншалықты тиімді болса, мұндай тәсілдер неге ертерек пайда болмады? Қордың жалған жазбаларды оларға ақша төленгенге дейін анықтауына кім кедергі болды?

- Өте орынды сұрақ. Мен әрқашан айтып жүремін: МӘМС 2.0 - бұл ребрендинг емес. Бұл қор қызметінің парадигмасы мен философиясының өзгеруі. Біз қаржылық оператор саясатынан денсаулық сақтау жүйесі мен оны қаржыландыруды зияткерлік басқаруға көшіп жатырмыз.

Бұл жерде Qalqan негізгі рөл атқарады. Неге бұл бұрын болмады? Жауабы қарапайым. Технологиялық тұрғыдан, егер біз күш салып, алдымызға осындай міндет қойғанда, мұны істеуге болар еді. Бірақ мақсаттар басқаша болды. Бәрі сапаға емес, көбіне көлемге жұмыс істеді.

Дегенмен, бұл жерде бұрынғы басшылыққа кінә тағуға болмайды, өйткені ол кездегі міндеттер мүлдем басқа еді.

Қазір Қаржы министрлігінің кураторлығына өту және ресурстардың, соның ішінде ақпараттық жүйелердің көбірек қолжетімді болуымен мұндай дүниелер мүмкін болды.

- 255 миллиард теңге деген санға оралсақ. МӘМС қоры қазірдің өзінде үнемдеген нақты (болжамды емес) соманы атай аласыз ба: жалған қызметтер үшін қанша ақша төленбеді, қаншасы қайтарылды?

- Былтыр қор үнемі жүргізіп отыратын мониторинг аясында 38 миллиард теңгенің қызметін дауладық. Биылғы алғашқы бірнеше айда - 8 миллиард теңге.

Бірақ бұл жерде нақты аражігін ажыратып алу керек. Бұл тек қордың клиникаларға қызметі үшін төлеп қойған ақшасы ғана емес. Бұл сонымен қатар қазір мониторинг сатысында тұрған "тәуекелді" сомалар.

Көпшіліктің құлағында 255 миллиард теңге деген сома жүр, бірақ бұл жүйеге түсетін "дайын" ақша емес. Адамдар шатаспауы үшін осыны айтып отырмын. Өйткені кейде: "О, Қазақстанға 250 миллиард теңге қайтарылады екен", - дегенді естимін. Жоқ, бұл - әлеуетті кумулятивті экономикалық тиімділік.

Қашан МӘМС 2.0 толық қуатында іске қосылғанда, үнемдеу дәрігерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту, қайталанатын функцияларды қысқарту, көптеген процестерді автоматтандыру және антифрод есебінен қалыптасады.

Анықтама: Антифрод - бұл алаяқтық операцияларды анықтау және алдын алу жүйесі. МӘМС қоры жағдайында әңгіме ақы төленгенге дейін күмәнді жағдайларды анықтауы тиіс цифрлық сүзгілер туралы болып отыр: жалған қызметтер, жазбалар, мүмкін емес диагноздар, қызметтің басқа емделушіге көрсетілуі, қабылдаулардың қайталануы немесе медициналық көмектің аномальды көлемдері. Яғни, антифродтың міндеті - заңбұзушылықтарды факт болғаннан кейін тексеру емес, ақшаның жүйеден басынан-ақ шығып кетпеуін қадағалау.

- Қазір қор қандай сомаларды әкімшілендіреді?

- МӘМС қоры - бірыңғай төлеуші, ол тек МӘМС ақшасын ғана емес, сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) де басқарады.

2026 жылы әңгіме 3,4 триллион теңге сомасы туралы болып отыр: оның шамамен жартысы 1,7 триллионы - ТМККК желісі бойынша. Тағы сонша сома - МӘМС, яғни жұмыс істейтін 5,5 миллион қазақстандық төлейтін жарналар.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

- Қазір жүйеге қанша ақша жетпейді? Қор Денсаулық сақтау министрлігінен Қаржы министрлігіне өткеннен кейін қаржы көбейді ме?

- Небәрі үш ай ғана өтті, бірдеңе деу қиын. Бірақ қор жасауы тиіс барлық төлем уақытылы жүріп жатыр.

- Қазір төлем күтіп отырған клиникалар бар ма?

- Бар. Бірақ мұнда мәселенің атын атап, түсін түстеу керек: бұл жағдайлар Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері мен ережелеріне байланысты. Қазір бұл солардың жағындағы түйткіл. Қорға қатысты шаруаның бәрі әлдеқайда жедел атқарылып жатыр.

"Адам ақша төлейді, бірақ көмекті дәл қазір ала алмайды - оның наразылығы орынды"

- Ай сайын МӘМС-ке жарна төлеп, бірақ тар бейінді маманға қарала алмай, амалсыз жеке клиникаға барып, тағы да өз қалтасынан ақша төлеуге мәжбүр болған адамға не айтар едіңіз?

- Мұндай жағдайдағы наразылық әбден түсінікті. Адам ай сайын тұрақты түрде жарна төлейді де, қажет кезінде медициналық көмекті дәл қазір, осы жерде алу мүмкіндігіне ие болмайды.

- Бұл - халықтың МӘМС-ке айтатын басты уәжі: "біз төлейміз, бірақ қызметті алмаймыз".

- Бұл жерде эмоция мен деректің жігін ажыратып алу керек. МӘМС жүйесі толықтай сәтсіздікке ұшырады деп айта алмаймын. Мәселе көп екені рас, бірақ олар модельдің өзінде емес, ретке келтіруді қажет ететін әкімшілендіру ісінде болып отыр.

Өкінішке қарай, бәрі тек ақшаға келіп тірелмейді. Қордың құзыреті - қаржылық ресурстарды шоғырландыру және медициналық қызметтер ақысын төлеу. Ал медициналық көмекті ұйымдастыру, инфрақұрылым, жабдықтар және дәрігерлермен қамтамасыз ету - бұл Денсаулық сақтау министрлігінің құзырындағы шаруа.

Бірақ бұл да ақталуға себеп емес, әрине. Сондықтан қор тек қаражат бөлетін оператор ғана емес, денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесінің интеллектуалды басқарушысы болуға ұмтылып жатыр. Мұның бәрі инфрақұрылыммен және қолда бар ресурстармен байланысты жұмыс істеуі тиіс.

Қазіргі басты міндет - көптеген сарапшылар айтып жүрген МӘМС қорының дефолтына жол бермеу. Олардың қаупі, өкінішке қарай, негізсіз емес.

Халықтың қартаюы мен өсуін ескерсек, 2030 жылға қарай стационарлық көмекке жұмсалатын шығындар үш есе артуы мүмкін. Бұған медициналық инфляцияны, бағаның өзгеруін және тағы басқа факторларды қосыңыз.

Сондықтан біз қаражат жинақтап, қорда белгілі бір төмендетілмейтін қалдықты сақтауымыз керек, сондай-ақ клиникаларда қаржы тапшылығына жол бермей, ақшаны нақты әрі сауатты бөлуіміз қажет.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

"Бұл жеке касса емес. Бұл - әлеуметтік келісім"

- Қор клиникаларға триллиондаған теңге төлейді, бірақ пациент жүйенің өзі үшін жұмыс істеп жатқанын сезбейді. "МӘМС 2.0" ескі жүйенің жаңа атауы болып қалмайтынына қандай кепілдік бар?

- Мен бұл сұрақты жиі естимін.

Бірақ біздің жарналарымыз тек өзіміздің дәрігерге баруымыз үшін ғана емес. Сіз клиникаға жүгінбеген күннің өзінде, ол ақша, мысалы, сіздің балаларыңызға, ата-әжелеріңізге жұмсалады.

Қор - бұл жеке касса емес. Бұл - әлеуметтік кепілдік, азамат пен мемлекет арасындағы әлеуметтік келісім.

- Жұрттың бәрі бірдей біреу үшін, тіпті өзі үшін де төлегісі келмейді. Олар: "бұл менің атам емес, менің балам емес, мен неге олар туралы ойлауым керек?" деуі мүмкін.

- Бұл - олардың құқығы. Бірақ, сонымен қатар, егер олардың денсаулығына қатысты қандай да бір жағдай туындаса, олар МӘМС-ке ең төменгі соманы төлеп, одан бірнеше есе қымбат тұратын көмек алады.

- МӘМС жарналарының мөлшерлемесі өзгере ме?

- Бастапқыда МӘМС-тің қаржылық моделі бес пайызға есептелген болатын, бірақ біз оны 2,5 пайызға дейін азайттық. Сонымен қатар МӘМС пакетінде медициналық қызметтердің айтарлықтай ауқымды көлемі қалды. Кейде ақшаның жетпей қалуы ішінара осыдан.

Сондықтан қазір мөлшерлемелерді көтеру туралы емес, оларды тарихи актуарлық модельге қайтару туралы айтып отырмыз.

Анықтама: Актуарлық модель - бұл сақтандырудағы қаржылық тәуекелдерді бағалау, сақтандыру тарифтерін, резервтерді есептеу және болашақтағы міндеттемелерді болжау үшін қолданылатын математикалық модель.

Қазір біз модельдің негізіне салынған сол пайызды біртіндеп жинақтап жатырмыз - біз бес пайызға жетуіміз керек.

Анықтама: Қазір қызметкерлердің табысынан екі пайыз ұсталады. Сонымен қатар жұмыс берушілер қызметкердің жалақысының үш пайызы мөлшерінде төлем жасайды.

Төмен тарифтер мен өсіп жатқан жарналар

- Неге тарифтер төмен болды? Сіз айтқандай, клиникалар аяқтан тік тұру үшін жалған есеп беруге дейін барған ба?

- Мұның бәрі тағы да мен жаңа ғана айтқан қаржыландырудың бастапқы тапшылығына келіп тіреледі. Ресурстар мен қызметтер пакеті арасындағы сәйкессіздік тарифтерді нақты шығындар деңгейіне дейін объективті түрде көтеруге мүмкіндік бермеді.

- Неге ӘМСҚ жарна мөлшерлемелерін тезірек көтеруді ұсынбайды?

- Біз біртіндеп ілгерілеп келеміз.

- Бірақ қор тек бес пайызға ғана жетсе, бұл жүйені қамтамасыз ете ала ма?

- Өте орынды сұрақ. МӘМС 2.0 шеңберінде басқарудың төрт негізгі бағытының бірі - денсаулық сақтаудың актуарлық моделін қайта қарау. Біз медициналық қызметтерге деген қажеттілікті толыққанды зерттегіміз келеді: жыныстық-жастық құрамнан бастап, өңірлік бөліністегі ерекшеліктер мен аурулардың динамикасын ескере отырып зерделеуді көздеп отырмыз.

Қазір бұл жайттардың тарихи тұрғыда ескерілмеуіне байланысты медициналық сақтандыру жүйесінде 300 миллиард теңгеге жуық құрылымдық тапшылық жиналып қалды. Сондықтан біздің міндетіміз - алдымен актуарлық модельді жаңартып, қай бағытта қозғалу керектігін түсіну. Өйткені ішкі процестерді оңтайландырмай, жарналарды жай ғана көбейту ешқандай нәтиже бермейді.

Егер біз мөлшерлемені гипотетикалық түрде 10 пайызға дейін көтерсек те, сеніңіздер, бұдан қайыр болмайды. Медицина тек қымбаттай түседі - болды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

Алдымен тексеріс - содан кейін ақша

- 2026 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) 1859 медициналық ұйыммен жұмыс істейді. Бүгінде қор қаражатын негізгі алушылар кімдер - мемлекеттік емханалар ма, жекеменшік клиникалар ма, әлде ірі медициналық орталықтар ма?

- Біздің денсаулық сақтау жүйеміздің ерекшелігін ескерсек - көбіне мемлекеттік клиникалар. Дәл осы ұйымдар жағдайы ауыр пациенттердің ең көп ағынын өз мойнына алады.

Бірақ мен жекеменшік клиникалардың еңбегі мен артықшылықтарын жоққа шығармаймын. Қор үшін меншік нысанының мүлдем маңызы жоқ. Ең бастысы, клиника келісімшарттық міндеттемелерді орындап, пациенттерді еш мінсіз, сапалы емдеуі тиіс.

- Егер ірі өнім берушілер қажетті көлемді орындағанымен, заңбұзушылықтарға жол берсе, қордың олармен келісімшартты үзуге саяси ерік-жігері жете ме?

- Иә, әрине. Заңнамаға сәйкес, жеткізушінің кім екені маңызды емес.

- Qalqan - бұл алаяқтық операцияларды анықтау мен алдын алудың нақты жүйесі ме, әлде ескі жүйеге жапсырылған цифрлық "жапсырма" ма?

- Егер провайдерлердің әрекеті өзгермесе, Qalqan заңбұзушылықтарды әдемі көрсетіп беретін қымбат ойыншыққа айналуы мүмкін. Жосықсыз клиникалардың бұдан да айлакер тактикалары пайда болады. Бұл жерде ешқандай кепілдік жоқ. Қаржыландыру көп жерде әрқашан азғырулар болған және бола береді. 

Біз өз тарапымыздан бұл жүйенің техникалық толыққандылығына, жұмысқа қабілеттілігіне, объективтілігіне және уақытылы енгізілуіне кепілдік береміз.

Бірақ Qalqan - бір орында тұрып қалған механизм емес. Ол қажеттіліктерге қарай өзгеріп, жаңарып отырады.

- Оның бұрынғы жүйеден принципті айырмашылығы неде?  

- Егер Qalqan күмәнді медициналық көмекті анықтаса, ол үшін ақы төленбейді. Жаңашылдық та осында.

Бұрын бәрі факт болып қойғаннан кейін жасалатын. Ақша клиникаларға аударылып, кейін олар тексеріліп, заңбұзушылықтар табылып жататын. Бір бөлігі қайтарылса, кейбірімен ынтымақтастық тоқтатылатын - жүйе өте ауыр болатын. 

- Тек сенімді қызметтер үшін ғана төлейсіздер ме?

- Дәл солай. Qalqan жыныстық-жастық шектеулерге немесе ашықтан-ашық жазылған жалған деректерге қатысты мәліметтерді енгізуге автоматты түрде жол бермейді. 

- Qalqan - бұл ТМККК (тегін көмек) мен МӘМС-ке арналған ортақ база ма? Дәрігер жаңа жүйені қолдана отырып, пациенттің сақтандырылған-сақтандырылмағанын ойлап бас қатырмай ма?

- Сәл басқаша. Qalqan - медициналық емес, қаржылық-әкімшілік жүйе. Ол дәрігер енгізіп қойған деректерді көшіріп алады. Дәрігер өз медициналық жүйесінде қалай жұмыс істесе, солай жалғастыра береді.

Qalqan тек қаржыландыруға қажетті деректерді ғана алады. Дәрігер Qalqan жүйесін тіпті көрмейді де.

2026 жылға 47 қылмыстық іс

- Клиникаларды тәуекел аймақтарына: жасыл, сары және қызыл түстерге бөлу туралы толығырақ сөйлесейікші. Қазір үшінші аймақта қанша медициналық ұйым бар және бұл тәсіл пациенттердің клиникаларға деген көзқарасына әсер етпей ме?

- Қазір мен қызыл аймақта қанша клиника бар екенін айта алмаймын.

Критерийлердің өте ауқымды екенін бәрінің түсінгенін қалаймын. Оларға қаржылық тұрақтылық, техникалық қателер және емдеу сапасына тікелей әсер етпейтін басқа да параметрлер кіреді. 

Клиниканың қай аймақта болуы пациенттің ол жерге бару не бармау туралы шешіміне әсер етпеуі тиіс. Бұл "қара тізім" емес, бұл - қор ресурстарын бөлу және қаржылық мониторинг жүргізу механизмі. 

Анықтама:  МӘМС 2.0 жүйесінің жаңашылдықтарының бірі - қор жұмыс істейтін медициналық ұйымдарды тәуекел деңгейі бойынша үш аймаққа бөлу. Senim, жасыл аймақ - тәуекел деңгейі төмен клиникалар. Олар үшін жеңілдетілген бақылау қарастырылған. Baqylau, сары аймақ - тәуекел деңгейі орташа, жүйелі тексеруді қажет ететіндер. Qauyp, қызыл аймақ: тәуекел деңгейі жоғары, оларға қатаң бақылау шаралары қолданылады.

Меніңше, пациент үшін емдеу сапасы мен уақыты, қосымша қызметтер, этика мен деонтологияның сақталуы маңызды болуы керек. Біз клиникаларды аймақтарға бөлуді жазалау механизміне айналдырмауымыз қажет. 

Адал жұмыс істейтін емханалар саны артады деп есептеймін. Өйткені сенім аймағы мен өзгелердің арасындағы айырмашылық айтарлықтай болады. Бұл жүйе өз нәтижесін береді деп ойлаймын.

- Жұмысына салғырт қарайтын емханалардың атауы көпшілікке жариялана ма?

- Белгіленген нормалардан асып кеткен жосықсыз емханаларды, әрине, уәкілетті органдар қарастырады - олар туралы ақпаратты, соның ішінде БАҚ-тан да білуге болады. Бұл деректерді ешкім жасырып қалмайды.

2026 жылдың төрт айында 47 қылмыстық іс тиісті органдарға жолданды. Олардың басым бөлігі көрсетілмеген қызметтерді жазу деректеріне қатысты.

- Тәртіп бұзған емханаларға қандай санкциялар қолданылады?

- Барлығы заңбұзушылықтың деңгейіне байланысты. Бұл техникалық қате, шаршағандықтан кеткен ағаттық немесе ақшаны мақсатты түрде жымқыру болуы мүмкін.

- 47 қылмыстық іс осындай жағдайларға қатысты ма?

- Иә.

- Қорды Қаржы министрлігіне беру кезінде айтылған қаңтардағы тексерістен кейін қызмет көрсетушілермен қанша келісімшарт бұзылды?

- Қаңтардағы тексеріс әлі аяқталған жоқ. Барлық тиісті процессуалдық рәсімдер жүріп жатыр. Олар аяқталған бойда ақпарат жарияланады.

- Тексеріс қаңтардан бері жалғасып жатыр ма?

- Құқық қорғау органдарының өз регламенті бар, біз оған араласпаймыз.

"Тегін" деген - тегін деген сөз емес

- Пациент алған қызметінің атауын ғана емес, оның құнын да көре алатын қосымша пайда болатынын айтқан едіңіз?

- Қазір пациенттің жеке кабинетін жасап жатырмыз. Онда жарналардың мөлшері және МӘМС пен ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) - яғни "тегін көмек" есебінен көрсетілген қызметтердің төлемі туралы ақпарат болады.

Бірақ бұл шын мәнінде олай емес екенін білеміз. "Тегін медицина" үшін де іс жүзінде ӘМСҚ төлейді.

Адам қызмет құнын көрген кезде оның көзқарасы өзгереді. Ол: "Мен бұл көмекті шынымен алдым ба?" деген сұрақ қоя алады. Ашықтық - бұл тек ақпараттандыру ғана емес, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрал.

- Бұл түсімдерді, жұмыс берушінің жарналарын және инвестициялық табысты көруге болатын БЖЗҚ ақпаратына ұқсас бола ма? Қосымша қай платформаларда жұмыс істейді?

- Біз мұны eGov арқылы енгізуді жоспарлап отырмыз. Меніңше, бұл әсерлі көрініс болады.

Тіпті ең жоғары жалақы алған күннің өзінде, адам ай сайынғы төлемдерінің бірнеше ондаған мың теңге екенін көреді. Сонымен қатар бір ғана медициналық тексеру немесе, Құдай бетін ары қылсын, ота бірнеше миллион теңге тұруы мүмкін.

Бірақ мынаны түсіну керек: бұл қосымша БЖЗҚ-дағыдай дербестендірілген болмайды, өйткені медициналық сақтандыру жүйесінде жеке шоттар жоқ. Алайда әрбір адам қанша төлегенін және мемлекеттен дәрі-дәрмек, скрининг немесе басқа да қызметтер түрінде қанша көмек алғанын білетін болады.

- Қарапайым адам қосымшаны ашып, өзіне қандай қызметтер көрсетілгенін, олардың қанша тұратынын және ақшаны кім алғаны туралы толық тарихты қашан көре алады?

- Жыл соңына дейін біз бұл жүйені енгіземіз. Емханадан бастап қазынашылыққа дейінгі толық цикл 2027 жылдың екінші жартысында іске қосылуы тиіс. Мұндай ауқымды міндет үшін бұл өте тығыз мерзім.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

- Көрсетілмеген қызметті жазу дерегі туралы тікелей хабарлау мүмкіндігі бола ма? Мысалы, адам eGov немесе банк қосымшасы арқылы кіріп: "Мен бұл қызметті алған жоқпын, қайта тексеріңізші" деп батырманы баса ала ма?

- Иә, қазір мұндай функция әзірленіп жатыр. Бұл "халықтық бақылау" деп аталады.

- Одан кейін не болады? Мен заңбұзушылық туралы хабарладым делік, маған жауап беріле ме, қандай шаралар қолданылғанын біле алам ба?

- Қазір бұл өтініштер туралы заң аясында регламенттелген. Жауап берілуі тиіс мерзімдер бар. Бірақ мәселе тек жауап қатуда емес. Шағым нәтижесі бойынша нақты іс-қимыл жасалып, мәселенің тамырымен жойылуы маңызды.

Сіздің сұрағыңыздан кейін мен ойланып қалдым: бәлкім, бізге мұны қандай да бір түрде регламенттеп, қосымшада көрсету керек шығар - сіздің шағымыңыз және оның нәтижесі. Адамдар өздерінің бос кеңістікпен сөйлесіп жатпағанын түсінуі керек.

Бұл өте жақсы идея.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

"Қызым Шымкентте ешқашан болмаса да, сол жақта емделген болып шықты"

- "Өлі жандар", жалған қызметтер мен жазбаларға қатысты оқиғалардан кейін жұртшылық: ӘМСҚ бұлардың төлемін жүргізуге қалай жол берді деп сұрайды?

- Бұл медициналық жүйелердің бытыраңқылығы мен деректердің қорғалмауынан туындаған мәселелер. Жосықсыз провайдерлердің деректерді нақты қалай тауып, белгілі бір халық санын өздеріне қалай тіркеп алғанын білмеймін.

Шымкентте ешқашан болмаған менің қызым, жақында өзінің сол қаланың жеке емханасында медициналық қызмет алушы ретінде тіркелгенін білді.

- Бұған қалай жауап қаттыңыз?

- Әрине, бұл өте қызық болды. Бірақ біз жүйеден тексеріп көрдік: заңбұзушылық уақытында анықталып, ол үшін төлем жасалмағаны белгілі болды.

- 15 мыңнан аса азаматты жалған тіркеуге қатысты бір ғана қылмыстық істің салдарынан қор шамамен 80 миллион теңгеден айырылды. Мұндай жағдайлар қайталануы мүмкін екенін ескерсек, қор тіркеудегі мұндай олқылықтарды қалай жаппақ?

- Qalqan жобасы аясында біз көптеген жүйемен интеграция жасап жатырмыз. Соның арқасында хабар-ошарсыз кеткен адамға немесе баяғыда шетелге көшіп кеткен жанға көрсетілген көмек түрлері автоматты түрде анықталады.

- Сонда бұған тағы да жүйенің өзі жол беріп келген бе?

- Иә, солай болды. Біз тіпті клиниканың ресурстарына да мән бермедік. Егер клиника кішкентай болса, бейнелеп айтқанда, пәтердегі екі бөлмеде орналасып, өзіне 10 мың адамды тіркеп қойса және сонымен қатар тексеру мүмкін емес көптеген қосалқы орындаушылары болса да - ешкімде "red flag" (қауіп белгісі) жанбаған.

- Кім кінәлі?

- Мұған бәріміз де кінәлі шығармыз. Мұндай механизмнің дамуына жол берген жүйе мамандары ретінде біз кінәліміз. Провайдерлердің ашкөздігі. Заңбұзушылықтарға немқұрайды қараған пациенттердің бейжайлығы.

Бірақ біз жағдайды өзгертуге тырысып жатырмыз.

Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлердегі көрші ел азаматтарына қызмет көрсеткен клиникалар бойынша тергеу жүріп жатыр. Ол адамдарды емдеуге өте қомақты сома жұмсалған.

Сондай-ақ Ресеймен шекаралас аймақтарда ресейліктерге көрсетілген онкологиялық көмек үшін 13 миллиард теңге төленген жағдайларды анықтадық.

- Бұл қалай болды?

- Тәсілдер көп, қазір біз құзыретті органдармен бірлесіп, мұны тергеп жатырмыз.

"Ешқандай кепілдік жоқ"

- Қордың қанша бұрынғы және қазіргі қызметкері тексерулерге немесе қылмыстық істерге қатысты болып отыр?

- Нақты санын айта алмаймын. Бірақ екі қылмыстық іс жабылып, біреуі қазір өндірісте екенін білемін. Бұл орталық аппаратқа да, өңірлік деңгейге де қатысты.

- Қордың бұрынғы басшылығы қабылдаған шешімдерге ішкі аудит жүргізіліп жатыр ма?

- Иә, мұндай жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бұл кінәлілерді немесе жауаптыларды табу үшін емес, осы мәселелерге алып келген жүйелі кемшіліктер мен осал тұстарды анықтау үшін жасалып жатыр.

- Егер жүйеге деген шағымдар жылдар бойы қордаланса, азаматтар қордың сыни пікірлерге құлақ асатынына неге сенуі керек? Басшы тағы ауысты, тағы да жаңа жүйе. Кепілдік қайда?

- Ешқандай кепілдік жоқ. Бұл - көпвекторлы жұмыс және оған әркім өз үлесін қосуы тиіс.

Мен өз тарапымнан құр уәде беріп, кепілдік болмай-ақ қойсын, бірақ алдыма қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете аламын.

Журналист Рабиға Дүйсенғұлова. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

"Клиникалар жағына қарай ауытқу барын мойындаймыз"

- Бүгінде МӘМС пациентті көбірек қорғай ма, әлде медициналық ұйымдарды қаржыландыра ма?

- Соңғы жылдары, әсіресе пандемиядан кейін, қаржыландыру жағына қарай ауытқу болғанын мойындау керек.

Бірақ біз мұндай модельден кетуіміз керек. Қазір МӘМС-тің ұраны бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мен, мысалы, оны былай көремін: "Денсаулығыңыз қорғауда". Бұл, әрине, қалыпты сөз болып көрінуі мүмкін, бірақ бұндағы мақсат - халықтың қор медициналық ұйым үшін емес, пациент үшін екенін түсінуі.

- Енді нәтиже қалай өлшенеді: қабылдау санымен бе, кезектердің азаюымен бе, ерте диагностикамен бе, әлде адамдардың қанағаттану деңгейімен бе?

- Сіз Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп енгізуіміз керек нәтижелерді атап өттіңіз. Қазір министрлік жанынан Сапа институты құрылып жатқанын білемін. Ол белгілі бір әдістемелер негізінде сапаны және пациенттердің ризашылығын өлшейтін болады.

Біздің тарапымыздан индикаторлар басқаша болады - дефолтқа және қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу, медициналық ұйымдарды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету.

- Қанша қаражаттың тиімсіз жұмсалғаны туралы талдау бар ма?

- Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бақылау жүйелері әдетте тиімсіз шығындардың - жалған есептер мен тағы басқалардың 5-тен 10 пайызға дейін екенін анықтайды.

Біздің денсаулық сақтау саласындағы көлеміміз бойынша бұл жылына шамамен 200 миллиард теңге.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

- Жеке медициналық сақтандыру қорларын құру идеясына қалай қарайсыз?

- Бұл сақтандыру механизмдері нақты жұмыс істеп, қаржылық ағындар ашық болған жағдайда өте қисынды идея.

Қазір бізде қалыптасу кезеңіндегі квази-бюджеттік модель жұмыс істеп тұр. Егер осы базаға жеке сақтандыру ұйымдарын қоссақ, біз классикалық "cherry-picking" жағдайына тап боламыз - клиникалар қызметтерді іріктеп көрсетіп, ауыр жағдайлармен айналыспауға тырысады.

Сондықтан алдымен дұрыс жүйе құрып, содан кейін ғана жеке ойыншыларды тартуымыз керек. Меніңше, біз бұған келеміз, бірақ қазір емес.

"Қарсылық бар": жаңа жүйеден күтілетін тәуекелдер, қысым және үміттер туралы

- Сіз қорға ең ауыр бедел дағдарысынан кейін келдіңіз. Өзіңізді дағдарыс менеджері ретінде сезінесіз бе? Және қордың тоғызыншы басшысы болғаныңыз туралы не ойлайсыз?

- Дағдарыс менеджері - бұл тым асыра айтылған шығар. Қазіргі ең басты міндетім - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басқарылуын қалпына келтіру. Сенім мен бедел сияқты жоғары ұғымдарды айтпай-ақ қояйын - бұл әлі алыстағы дүниелер.

Алдыма қойылған міндеттер өте нақты: медициналық ұйымнан қазынашылыққа дейінгі ашық қаржы ағындарын құру. Әрбір теңге жүйеден сыртқа шықпай, мақсатына сай жұмсалуы тиіс.

Медициналық тәжірибем басымдық емес, қосымша жауапкершілік деп білемін. Мен бәрінің іштен қалай жұмыс істейтінін және дәрігерлерге шын мәнінде қаншалықты артық жүктеме түсіп жатқанын түсінемін.

- Жұмыс істеген алғашқы апталарда үлкен тәжірибеңіз бола тұра, бұрын білмеген қандай жайттарды көрдіңіз?

- Мен осы жүйенің адамымын, денсаулық сақтау саласы мен қордың проблемаларымен жақсы таныс болдым. Бірақ ӘМСҚ төрағасының креслосына отырғанда, көзқарас әрине өзгереді.

Қордағы әр түрлі деңгейдегі адамдардың, өңірлерден орталық аппаратқа дейін бірдеңе істеуге тырысып жатқаны мен үшін жаңалық болды.

Негізінде, бәрі барынша тәртіпті қамтамасыз ететіндей құрылған. Бірақ ережелердің көптігіне қарамастан (сала өте қатты реттелген), сонымен қатар ақшаны шығарып алу мүмкін болған. Осыншама бұйрықтар, регламенттер және шын жүректен жұмыс істейтін адамдар бола тұра, мұндай жағдайлардың қалай болғаны мені қатты таңғалдырды.

- ӘМСҚ-да бірден қандай үш нәрсені өзгертер едіңіз?

- Біріншіден, мен дәрігерлерді өзіне тән емес функциялардан толық босатар едім. Біз бухгалтерлік есеп пен медицинаны бөлуіміз керек.

Екіншіден, адамдарға медициналық көмек алу алгоритмін, олардың құқықтары мен міндеттерін нақты жеткізу қажет. Қазір бізге шағымдар қарша борап жатыр, олардың көбіне ақпараттың жоқтығы себеп. Егер ақпаратты қарапайым азаматқа барынша қолжетімді етсек, мәселенің жартысы өздігінен шешілер еді деп ойлаймын.

Ал үшіншісі - медициналық қызмет көрсетушілерге арналған нақты, ашық ережелер мен қатаң түсіндіру жұмыстары. Олар өз беделдерінің бәске тігілгенін түсінуі керек. Адал клиникалар алаңсыз жұмыс істеуі тиіс.

- Сіз қорға оны қорғау үшін келдіңіз бе, әлде өзгерту үшін бе?

- Тек дәрігерлер мен пациенттерді ғана қорғауға болады. Әрине, өзгерту үшін келдім.

- МӘМС 2.0 жүйесін енгізуге байланысты қарсылыққа, бәлкім, агрессияға тап болып жатқан боларсыз. Бұл неліктен туындайды?

- Қарсылық бар және бұл күтілген жағдай. Егер ол болмаса, онда біздің дұрыс бағытта емес, жай ғана сыртқы көріністі өңдеумен айналысып жатқанымызды білдірер еді.

Бұрын нарықта адал емес жолмен әрекет ету тиімді болатын. Әрине, бұған үйреніп қалған және табыс ағынынан айырылып жатқан клиникалар қарсылық көрсетеді. Біз ақпараттық және әкімшілік қысымға, кейде тіпті кейбір блогерлер тарапынан жеке шабуылдарға тап боламыз. Бірақ мен бұған өте сабырмен қараймын.

- Сіз жеке қоқан-лоққылар туралы айтып отырсыз. Бұл қандай формада болып жатыр?

- Қоқан-лоққы деу артықтау болар. Бұл МӘМС 2.0-ні сынау түрінде бүркемеленген. Алдын ала "қолдарыңнан ештеңе келмейді, бұл жай ғана атауын өзгерту" деп айтады. Олар тіпті егжей-тегжейіне үңілуге де тырыспайды. Меніңше, бұл бір жағынан "хайп" қуғандар болса, екінші жағынан жүйені түсінбейтін адамдар.

Мысалы, Facebook-те денсаулық сақтау саласына қатысты, бірақ қорға еш қатысы жоқ кез келген мәселе бойынша мені белгілейді. Немесе "Сәбденбек чектерге ЖСН енгізуді ойлап тапты" деп жазады. Бұл күлкілі, өздеріңіз де түсінесіздер. Біздің бұл мәселеге ешқандай қатысымыз жоқ.

Сонымен қатар, қарсылықты медицина жұртшылығының заңды қауіптерімен шатастырмау керек. Олар дәрігерлерге қосымша жүктеме түседі деп алаңдайды. Бұл - бүгінде жасанды функциялармен онсыз да шамадан тыс жүктелген медицина қызметкерлерінің қалыпты реакциясы.

- Мәселе тек құжаттамада ғана емес пе?

- Тек онда ғана емес. Мен тағайындалғаннан кейін көптеген клиникаларды "құпия емделуші" ретінде аралап, МӘМС енгізілгелі дәрігерлердің жұмысы қиындай түскенін түсіндім.

Дәрігер көптеген құжаттарды толтырудан бөлек, адамның сақтандырылған-сақтандырылмағанын, оның қызметін қай пакеттен - МӘМС немесе ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) - төлеу керектігін анықтауы керек. Ол айыппұл салына ма деп уайымдайды. Бүкіл қаржылық-әкімшілік бөлім қазір дәрігерге жүктелген. Бұл мүлдем дұрыс емес.

Біздің міндетіміз - қаржыландырудың байқалмай, өздігінен жүруін қамтамасыз ету. Дәрігер пациентпен айналысуы тиіс. Оған қызметтің қай ақпарат көзінен төленетіні немесе оның мүлде төленетін-төленбейтіні бәрібір болуы керек.

- Жүйені жаңартуға, ашық әрі "таза" жұмыс істеуге қарсы адамдар тарапынан болатын сын мен агрессиямен жеке өзіңіз қалай күресесіз? Олардың арасында ықпалды тұлғалар, клиника иелері болуы мүмкін. Оларға не айта аласыз?

- Мен олармен күресуге ниетті емеспін.

Меніңше, бәрін уақыт өз орнына қояды. Жүйе түзеліп, олар үйреніп қалған әрекеттерді қолдау экономикалық тұрғыдан тиімсіз болған кезде, олар жұмысын өздері оңтайландырады немесе "қатардан шығады".

Менің міндетім - қарапайым нәрселерді түсіндіруге күш жұмсамай, тапсырмаларды орындауға және басталған процестерді қисынды соңына дейін жеткізуге баса назар аудару.

Мен медицина қызметкерлеріне үндеу жолдап, олардың алаңдамауын сұрар едім. Ал тасада қалып, бәрі басылғанша күте тұрудан үмітті жандарға айтарым: лафа бітті.

Сұхбаттасқан: Рабиға Дүйсенғұлова

Дайындаған: Дина Шәріпхан

TengriEdu